Музыканттар махаббат сезімін білдіруде

«Астана Операда» елордалық тұрғындар мен қонақтардың назарына махаббат тақырыбындағы танымал туындылар ұсынылатын болады. 14 ақпан күні театрдың Камералық залында «Bel Canto» музыкалық салоны» топтамасы аясында «Бәрі де махаббат жайында» романтикалық концерті өтеді.

Махаббат сезімін білдіретін шығармалар керемет вокалистер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмиля Жарқымбаева, халықаралық байқаулардың лауреаттары Татьяна Вицинская, Назым Сағынтай, Елена Ганжа, Шыңғыс Расылхан, Ұлпан Әубәкірова, Алмат Ізбамбетов, Ақылбек Табынбаев, Азат Мәлік, Батыржан Смақов, Аида Құрманаева, Дариға Мұсаева және т.б. өнерпаздардың орындауында шырқалады. Халықаралық байқаулардың лауреаттары Балнұр Құдайберген (скрипка), Аида Әбдіқадырова (флейта), Дана Әбдіқадырова, Раушан Бескемпірова (фортепиано) сынды аспапшылар осынау сырлы сезім жайлы өз толғауларымен бөліседі.

– Махаббат тақырыбы әр уақытта композиторларды, суретшілерді, ақындарды әлемдік өнердің жауһарын жасауға шабыттандырып отырған. Бұл кеште дарынды жас әртістер осы тәтті сезім туралы әндететін болады. Қымбатты көрерменіміздің жан-жүрегін әрдайым махаббат алауы нұрға бөлесін деп тілейміз, – деді концерттің ұйымдастырушысы Раушан Бескемпірова.

Танымал опералардың ариялары мен дуэттері, белгілі әндер мен романстар осы музыкалық кештің көркін ашатын болады, олар: Е.Рахмадиевтың «Қамар-сұлу» операсынан Қамар мен Ахмет дуэті, Н.Тілендиевтің «Алтын таулар» операсынан Олег ариясы, Р.Леонкаваллоның «Паяцтар» операсынан Недда ариясы, Л.Делибтың «Лакме» операсынан гүлді дуэт, Н.Римский-Корсаковтың «Мамыр түні» операсынан Левко әні, «Жаңа Орлеанның еркесі» кинофильмінен Н.Бродскийдің «Be my love» («Менімен бірге болшы») әні, Э.Куртистың «Non ti scordar di me» («Мен сені ұмыта алмаспын») әні және т.б. Сонымен қатар концерт бағдарламасына Ф.Крейслердің «Махаббат азабы», «Керемет гүлшетен», Э.Элгардың «Махаббат сәлемі», Ф.Госсектің «Тамбурин» және т.б. аспаптық туындылары енді.

Концерттің басталуы сағат 19:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры