Қазақстан, АҚШ және Сербия музыканттары «Астана Операда» өнер көрсетеді

Қазақстан, АҚШ және Сербия музыканттары «Астана Опера» Камералық залында өнер көрсетпек. 16 ақпан күні тыңдарман назарына «Музыкалық қиылыс» топтамасынан жарқын концерт ұсынылады.

Концертке «Астана Опера» оркестрінің солистері –концертмейстерлер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, Айсұлу Байкенова (скрипкалар), Денис Краснокутский (альт, АҚШ), Майя Райкович (фортепиано, Сербия) қатысады. «Астана Опера» Камералық оркестріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов жетекшілік етеді.

Қазақстанда алғаш рет осы кеште екі көрнекті шығарма – Александр С.Вуйичтің екі скрипка мен оркестрге арналған «Српско коло» және Маурицио Биньонның екі скрипка, альт, фортепиано мен камералық оркестрге арналған «Зельда туралы аңыз» туындысы орындалады.

– Бұл концертте біз бірнеше ғасыр бойы тыңдарманның көңілінен орын алып үлгерген классикалық шығармаларды, сонымен бірге заманауи авторлардың жаңа туындыларын орындамақпыз. А.С.Вуйичтің «Српско коло» туындысы – сербиялық халық әуендері негізінде жазылған үздік әрі жалынды би. Екі скрипка мен камералық оркестрдің үні үнемі бір-бірінің музыкалық тақырыптарын толықтырып, бір-бірімен бәсекелесіп, үндесіп тұрғандай. «Зельда туралы аңыз» атты қызық та керемет шығарманы композитор М.Биньон арнайы біздің музыканттар құрамы үшін жазған. Алғаш рет осы шығарманы өткен жылы Белградтағы гастроль кезінде орындадық, осы жолы аспаптық ансамблімізге камералық оркестр партиялары қосылуда. Елорда тұрғындары мен қонақтарын тамаша музыка құдіретін сезінуге қуана шақырамыз, – деп атап өтті Айсұлу Байкенова.

Мазмұнды бағдарламаға сонымен қатар отандық және шетелдік классика жауһарлары енген. АҚШ-тан келген музыкант, профессор Денис Краснокутскийдің орындауында  көрнекті қазақстандық композитор Т.Қажығалиевтың оркестрмен орындалатын альтқа арналған концерті шырқалады. Көрермендерге В.А.Моцарттың №19 оркестрмен орындалатын  фортепианоға арналған  концерті ұсынылады, солист – танымал сербиялық пианист Майя Райкович, сондай-ақ С.Барбердың камералық оркестрге арналған Адажиосы орындалады.

Концерттің басталуы сағат 17.00-де.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры