«Астана Опера» музыканттары Ресейдің Үлкен театрында

«Астана Опера» дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин мен солист, театр симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов 11 қараша күні Ресейдің Үлкен театрының Бетховен залы сахнасында орасан зор жетістікпен өнер көрсетті.

Танымал қазақстандық музыканттар «Видеть музыку» Төртінші музыкалық театр фестивалінің жабылу Гала-концерті мен музыкалық театрдың атақты қайраткерлеріне «Легенда» сыйлығын салтанатты табыс ету рәсіміне қатысты. Сондай-ақ бұл кеште Ресейдің ең басты опера сахнасында осы елдегі музыкалық театрлардың әртістері мен жақын шетелден келген Музыкалық Театр Қауымдастығы мүшелері өнер көрсетті.

Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық балаларға арналған музыкалық театрдың симфониялық оркестрімен бірге Абзал Мұхитдин мен Бағдат Әбілханов атақты аспаптық шығармалар – Ж.Массненің «Таис» операсынан «Медитация» және А.Вивальдидің «Жыл мезгілдері» топтамасынан «Жаз» оркестр мен скрипкаға арналған №2 концертінен,  соль минор «Найзағайды» орындады. Талғампаз мәскеулік тыңдарман танымал классикалық туындылардың шабыттанған интерпретациясын, Б.Әбілхановтың скрипкадағы керемет ойынын, маэстро А.Мұхитдиннің кәсібилігі мен тамаша дирижерлік шеберлігін жоғары бағалады.

– Осынау айтулы сахнада өнер көрсету біз үшін үлкен құрмет әрі қуаныш. Шақырту үшін фестиваль ұйымдастырушысына шексіз алғысымызды білдіреміз, сонымен қатар ыстық ықыласпен, зор қошеметпен қабыл алған ресейлік тыңдарманға рақметімізді айтамыз, – деп атап өтті Абзал Мұхитдин мен Бағдат Әбілханов.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры