«Астана Операдағы» музыкалық рождество кеші

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бас хормейстер Ержан Дәуітовтің жетекшілігімен «Астана Опера» камералық хоры тамаша рождестволық гала-концерт ұсынбақ. 7 қаңтар күні театрдың Камералық залы сахнасында әйгілі хор ұжымының орындауында баршаға сүйікті халық әндері, жарқын хор шығармалары мен танымал рождестволық колядкалар шырқалады.

– Жыл бойы «Астана Опера» хоры өте ауқымды, мазмұнды жұмыс жүргізіп, премьералық қойылымдарға, ағымдағы спектакльдер мен концерттік бағдарламаларға қатысуда. Біз әрдайым бабымыздамыз, аталмыш кеш біз үшін атқарылған жұмыстарымыз бен өнер көрсетулеріміздің өзіндік есебі болмақ. Бұл жолы тыңдарманға өз өнерімізді ерекше форматта ұсынамыз. Хор ұжымының жеке концертіне түрлі бағыттағы туындылар енген, біз a capella шырқау мүмкіндіктерімізді паш етпекпіз. Классикалық, халық және діни музыка орындалады. Бұл жанрлардың қайсы болсын жеке вокалдық техниканы, ерекше шеберлікті талап етеді. Біздің хор көптеген марапаттарға ие, оның ішінде Польшадағы беделді халықаралық байқауда діни музыканы орындағаны үшін қол жеткізген жеңісін атап өткім келеді. Біз өте тыңғылықты дайындалудамыз, сондықтан баршаңызды концертімізге келіп, тамаша кездесуден ләззат алуға шақырамын, сонымен қатар елорда тұрғындары мен қонақтарын алдағы мерекелермен құттықтаймын, – деді маэстро Ержан Дәуітов.

«Астана Опера» хоры театрдың барлық опералық және кейбір балет спектакльдеріне әрдайым қатысады. Қойылымдарда атқаратын міндеттемелерімен қатар, хор республикамыз бен шетелде классикалық және ұлттық музыка өнерін насихаттай отырып, белсенді концерттік қызметін жүргізеді. Хордың сан қырлы репертуарында әлемдік музыкалық классика жауһарлары, сондай-ақ қазақстандық композиторлардың туындылары бар. «Астана Опера» хоры әншілерінің дауыстарына Елена Образцова, Зубин Мета, Пласидо Доминго, Валерий Гергиев, Пьер Луиджи Пицци, Ильдар Абдразаков сынды әлемнің атақты өнер майталмандары ең жоғары бағаларын берген.

Камералық хор әртістерінің тамаша өнері тыңдармандарға мерекелік көңіл-күй, жыл бойына жанға жайлы жақсы әсер мен шабыт сыйлайды.

Концерттің басталуы сағат 17.00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры