Музыкалық параллельдер

3 қазан күні «Астана Опера» театрының Камералық залында тыңдарман назарына бірегей қазақстандық опера әншісі, ең жоғарғы ерлер дауысының иегері – контртенор Ерік Құрманғалиевқа арналған концерт ұсынылмақ. «Вокалдық параллельдер» атты музыкалық кешке танымал қазақстандық және ресейлік әртістер, соның ішінде әлемнің жетекші сахналарында Ерік Құрманғалиевпен бірге өнер көрсеткен достары қатысады.

Атақты вокалистің дауысы орасан зор диапозонды қамтыған әрі керемет икемділігі мен техникалық жағынан ерекшеленген, бұл оған сопранолық та, контральттік те партияларды орындауға мүмкіндік берген. Туа біткен тембрінің арқасында әншіні бірегей құбылыс деп танып, Бостондағы музыка фестивалінде баспасөз Ерік Құрманғалиевты феномен деп атаған. Оның дарынына бас июшілер әртістің ғажайып дауысы мен керемет ойынына тамсану үшін қайта-қайта келіп, өнерін тамашалаған.

Ерік Құрманғалиев көптеген гастрольдік сапарларға шығып, әлемнің үздік сахналарында опералық және жеке бағдарламаларды орындаған. Оның кең ауқымды репертуарында К.В.Глюк, К.Монтеверди, Г.Ф.Гендель, И.С.Бах, А.Вивальди, Дж.Россини, Г.Пёрселл, В.А.Моцарт, А.Страделла, К.Сен-Санс, Й.Гайдн, В.Беллини, Дж.Пуччини, Дж.Мейербер, С.Франк, Л.Керубини, Л.Люцци, Ж.Бизе, Дж.Верди, Дж.Каччини, Ф.Шуберт, И.Штраус, М.Глинка, П.Чайковский, С.Рахманинов, Н.Римский-Корсаков, Д.Бортнянскийдың вокалдық туындылары  мен операларынан басты партиялар болған. Ол алғашқылардың бірі болып А.Шниткенің №2 және №4 симфониялары мен «Дәрігер Иоганн Фаусттың оқиғасы» кантатасындағы контртенор партиясын орындады. Америкалық драматург Д.Г.Хванның аттас пьесасы бойынша режиссер Р.Виктюктың «М.Баттерфляй» спектаклінде басты рөлді орындауы арқасында айтарлықтай танымалдылыққа ие болды. Бейнені ең тамаша жеткізе алғаны үшін жылдың үздік актері ретінде танылған. Роза Жаманова, Бибігүл Төлегенова және Араксия Давтянмен бірге Р.Хамдамовтың «Вокалдық параллельдер» фильміне түскен.

Кеш қонақтары – елордада алғаш рет өнер көрсететін ресейлік әртістер, Ерік Құрманғалиевтың достары – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Лариса Рудакова (сопрано), Рустам Яваев (контртенор), Олег Рябец (контртенор), Александр Котовщиков (фортепиано).

Олармен бірге Камералық зал сахнасына белгілі қазақстандық вокалистер: «Астана Опера» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина (сопрано), Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілов (баритон), Батыржан Смақов (контртенор), аспапшы музыканттар: Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мақпал Бекмағамбетова (скрипка), Асқар Мұқанов (виолончель), Гумир Сайдалин (флейта), Раушан Бескембирова (фортепиано) шығады.

Орындаушылар Ерік Құрманғалиевтың репертуарынан туындыларды, соның ішінде әлемдік опералық және вокалдық классика жауһарларын, сондай-ақ отандық авторлардың шығармаларын ұсынады.

Басталуы сағат 19.00-де

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры