Уэльс музыкасының әсемдігі

3 наурыз күні «Астана Опера» Камералық залында валлис мәдениетіне арналған «Нарцисс елінің музыкасы» атты ерекше концерт өтеді.

Ұлыбританияның көне халқы – валлистер – туған жерін «ән отаны» деп атай отырып, өзінің бай музыкалық дәстүрлерімен мақтана алады. Уэльс мәдениетінің маңызды бөлігі хормен ән айту, әсіресе ерлер хорының ән салуы болып табылады. Осы кеште тыңдармандарға «Астана Опера» ерлер хорының дарынды әртістері өз өнерлерін көрсететін болады. Сондай-ақ, Камералық зал сахнасына Хэйлибэри мектебінің балалар хоры мен Хэйлибэри халықаралық қоғамдық хоры шығады (Астана). Дирижері – Росс Кларк.

Валлис музыкасында дәстүрлі аспаптар құрамына енген арфа Уэльсте айрықша кең тараған. Өзіндік уэльс халық әуендері мен арфада керемет орындау өнерін «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің әртісі Айнұр Қамалова ұсынады.

Музыкалық кешке Уэльстен шақырылған солист Финиан Джонс қатысады, ол – өз отаны Ұлыбританияда, Еуропа мен Азия елдерінде кеңінен танымалдылыққа ие болған пианист. Жастайынан фортепианода ойнау қабілетін көрсете отырып, Ф.Джонс Лондондағы Тринити музыкалық колледжін тамамдаған, Лиондағы (Франция) Ұлттық музыка және би жоғары консерваториясында тағылымдамадан өтіп, көптеген атақты музыканттардың шеберлік сабақтарына қатысқан. Оның дарыны Дж.Айрленд атындағы, А.Скарлатти атындағы, Il Circolo пианистер байқауларының лауреаты, Мессиан сыйлығының иегері марапаттармен ескерілген болатын.

Музыканттың орындауында Қазақстанда алғаш рет көрнекті уэльс композиторы Уильям Элвинның бірнеше фортепианолық пьесасы шырқалады. Сондай-ақ осы кеште заманауи валлис авторы Джон Ричардстың хорға арналған «Sanctus» шығармасының премьерасы орын алмақ. Елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына классик композиторлардың шығармалары, уэльс халық әндері, діни хор әндері, уэльс композиторларының туындылары ұсынылмақ.

Концерт атауында Уэльс елінің ұлттық гүлі – нарцисстың болуы бекер емес. Валлистердің сүйікті мерекесі – осы өңірде жыл сайын 1 наурызда өтетін Әулие Давид күнінде Уэльстің барлық тұрғындары өз киімдеріне бозғылт-сары нарцисс гүлін қадап алады.

Концерттің басталуы сағат 18.00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры