Қазақстан мен Сербияның музыкалық достастығы

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігіндегі «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен Сербияның танымал пианисті Майя Райкович «Балқан түбегінен Ұлы Далаға дейін» концертін ұсынады. Қазақстандық және серб композиторларының әуендері 15 ақпан күні театрдың Үлкен залында шырқалады.

Көрермен назарына Тілес Қажығалиевтың «Дала аңызы» симфониялық сюитасы ұсынылады. Т.Қажығалиевтың музыкалық мұрасы ұлттық өнердің бетке ұстары болып табылары әрі тыңдаушылардың шынайы қызығушылығын тудырары хақ. Т.Қажығалиевтың шығармаларын отандық және шетелдік жетекші ұжымдар әлемнің ең үздік сахналарында орындап келеді.

Майя Райковичтің шығармашылығы көптеген марапаттармен атап өтілген. Ол – Carlo Soliva Халықаралық байқауының (Италия), Рахманинов атындағы Халықаралық байқаудың, Jeunesses Musicales Халықаралық байқауының лауреаты. Музыка саласындағы айрықша жетістіктері үшін Белград қаласындағы Өнер университетінің күміс медалі мен Musica Classica басылымынан «Жыл орындаушысы» жүлдесін алды. Майя Райкович алғаш рет 14 жасында жеке концертімен өнер көрсеткен. Сол кезден бастап оның асқан шеберлігі Италия, Ұлыбритания, Грекия, Люксембург, Венгрия, Германия, Португалия және т.б. елдердің көрермендерін тәнті етуде.

«Астана Опера» музыканттарымен бірлесе Майя Райкович Белградта қазақстандық композиторлар – А.Жұбанов, Е.Брусиловский, М.Сағатовтың туындыларын үлкен жетістікпен орындады. Енді, міне, Қазақстандағы өзінің алғашқы өнер көрсетуінде, пианист елордалық көрерменге серб музыкасын ұсынбақ. Осы кеште Вера Миланковичтың оркестрмен фортепианоға арналған №2 концерті шырқалады. Көлемді әрі әсерге толы туынды 1995 жылы, бұрынғы Югославиядағы азаматтық соғыстың соңында жазылған еді. Концерт әділетсіздікте өмір сүретін, дегенмен, мөлдір махаббатпен қорғалған серб әртісінің ішкі жан-дүниесін бейнелейді. Композитор өз шығармасын керемет пианист, бірегей мінезді қайратты тұлға әрі өз ісіне берілген ұстаз – Майя Райковичке арнаған.

– Вера Миланковичтың музыкасы – жаңа сарынның джаз элементтерімен және серб ұлттық әуендерімен тоғысуы. Фортепианоға арналған концерттің үшінші бөлігі мен үшін ерекше қызығушылықты тудырды, онда халық музыкасымен қатар Л.Бернстайнның әйгілі «Вестсайд оқиғасынан» үзінділер келтірілген. Бұл концерт пианист үшін де, оркестр үшін де өте күрделі, сондықтан шығарма тыңдаушыларды шаттыққа бөлеп, ерекше күш-қуат береді деп үміттенемін, – деді Майя Райкович.

Атап өтер болсақ, 15 ақпанда елдің басты ұлттық мерекесі – Сербияның Мемлекеттілігі күні аталып өтіледі.

Концерттің басталуы сағат 19.00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры