Мейір Байнеш суретші Каварадосси бейнесінде

17 ақпан күні «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында маңызды дебют орын алмақ. Театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайреткері Мейір Байнеш Дж.Пуччинидің «Флория Тоска» опера жауһарындағы Каварадосси басты партиясында алғаш рет өнер көрсетеді.

Арманшыл әрі мейірбан Каварадосси бейнесі әлемдік опералық репертуардағы ең әйгілі бейнелердің қатарына жатады. Үшінші актідегі кейіпкердің өлім алдындағы «E lucevan le stelle» ариясын орындау арқылы әлемнің көптеген әншілерінің даңқы артқаны белгілі. Марио Каварадосси рөлі «Астана Опера» жетекші солисі Мейір Байнеш үшін де өте қымбат, себебі бұл оның ұлы композитор Дж.Пуччини операларындағы алғашқы партияларының бірі. Осы бейнеде вокалист Абай атындағы МАОБТ сахнасында өнер көрсеткен, қазіргі таңда елордалық көрерменге осы рөлдің өзіндік интерпретациясын жеткізуге дайындалуда.

– Оқиға желісіне сәйкес, Марио Каварадосси – шығармашыл тұлға, өз заманының белгілі суретшісі. Әсіресе, маған оның еркіндік сүюі, албырттығы мен терең патриоттық сезімі өте жақын. Операдағы іс-әрекет барысы 1800 жылғы шынайы тарихи оқиғалар аясында, Италияға Наполеон әскері басып кірген кезеңде өрбиді. Менің қаһарманым өз отаны үшін күрес жолында, адалдық жолында өмірімен қоштасады. Бұл Дж.Пуччинидің тенорға арнап жазған күрделі әрі ең керемет партияларының бірі, күрделі музыкалық міндеттерді орындаумен қатар актерлік тұрғыдан бейнені жасап шығару тіпті де оңай емес. «Астана Операда» ұсынылған қойылым – спектакльдің классикалық нұсқасы, әсерлі декорациялар мен әртістердің әрбір қимылы көрермендерді Италияны француз әскері басып алған заманға жетелейді. Барлық солистер сахнаға шығып, осынау драмалық, түрлі тосынсыйларға толы оқиғаны жұртшылыққа баяндап беруге дайын, – деді Мейір Байнеш.

Флория Тосканың бас партиясын «Астана Операның» жетекші солисі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина орындайды, барон Скарпиа – Евгений Чайников. Ризашы – Шыңғыс Расылхан, Анджелотти – Болат Есімханов, Шарроне – Самат Жарылқасынов, Сполетта – Рамзат Балакишиев, Түрме қызметкері – Нұрлыбек Қосбармақов, Бақташы бала – Қанат Бақтияр.

«Астана Опера» Симфониялық оркестрі және хоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігімен өнер көрсетеді.

Викторьен Сардудың аттас драмасы бойынша либреттосын жазған Джузеппе Джакоза мен Луиджи Иллика. Қоюшы режиссер – Лука Ронкони, режиссердің ассистенті – Еренбақ Тойкенов. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова.

Спектакльдің басталуы сағат 17:00-де.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры