Әлемге әйгілі балетмейстердің шеберлік сабағы

«Астана Операда» 16-27 қаңтар күндері әлем бойынша талап етілетін француз педагог-балетмейстері Янник Бокуинның бірегей әдістемесі бойынша сабақтары өтіп жатыр.

Янник Бокуин әлемнің ең ірі театрларында шеберлік сабақтарын өткізеді, олардың қатарында Корольдік швед балеті, Дрезден мемлекеттік операсы (Германия), Фин ұлттық балеті, Лозаннадағы Бежар балеті (Швейцария), Монте-Карло балеті, Хьюстон балеті (АҚШ), Гонконг балеті, Ресейдің Үлкен театры т.б. бар.

Янник Бокуин хореографиялық білімін Париж операсының балет мектебі мен Париж ұлттық консерваториясында алды. Керемет мансабының жылдары Бонн операсы балетінің, Фландрия Корольдік балетінің, Рим опера театрының, Берлиндегі Неміс операсының жетекші солисі болды, кейін өзінің шығармашылық жолын Вена Мемлекеттік операсы балет труппасының тәлімгер ұстазы ретінде жалғастырды.

Янник Бокуин әдісі бойынша сабақтарға француз мектебінің үлгісінен қарағанда көп бағыт-бағдарлар енеді. Еңбек жолында әртүрлі педагогтармен жұмыс жасап, сонымен қатар түрлі жарақаттарынан жеке оңалту қажеттігіне тап болған Янник Бокуин қол жеткізген тәжірибесін өзінің шеберлік сабақтарында сәтті қолдануда. Атақты педагог қозғалыс координациясына ерекше көңіл бөледі: олар балет тіліндегі «пор де бра» – яғни, дене, қол мен бастың дұрыс қалпын сақтау арқылы жасалып, сезілуі қажет. Сабақ үстінде әртістер жылдам ырғақта жасалатын «ұсақ» қимыл техникасы, әуенділік, серпін, аяқтарды дұрыс қою бойынша жұмыс жасайды.

– Қазақстанға келгеніме өте қуаныштымын, «Астана Операдағы» жұмыс – мен үшін жаңа, қызықты тәжірибе. Мен балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратовадан шақырту алдым. Р.Пети мен К.Макмиллан сынды әйгілі хореографтармен әлемнің жетекші театрларындағы жұмысы арқасында, Алтынай Асылмұратова түрлі балет мектептерімен етене таныс. Жетекші ретінде оған қазақстандық әртістердің бұл тәжірибені қабылдауы ерекше маңызды. «Астана Опера» балет солистерінің дайындығы жақсы, жоғары әрі мықты секіреді, оның үстіне – ең бастысы – олар ашық, зерек, өздеріне жаңа болып табылатын әдістемемен құлшына жұмыс жасауда. Нәтижеге қол жеткізу үшін әртістер барын салуда және олардың қолдарынан бәрі де келеді, – деді Янник Бокуин.

Айтулы балетмейстер еліміздің тарихына таңданып, Қазақстанның елордасы мен «Астана Опера» театры туралы шаттықпен пікір білдірді.

– Сәулеті келіскен керемет театр. Мәрмәр залының көркемдігіне қайран қалдым, фойенің қабырғаларын сәндеп тұрған Қазақстан табиғатының картиналары ерекше ұнады. «Астана Операның» үлкен залы айрықша, дайындық залдары кең, балет едендері жоғары сапалы – бұндай жайт әрбір театрда кездесе бермейді, – деп атап өтті маэстро.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры