«Манон» Абай атындағы МАОБТ сахнасында

14 ақпан сағат 19.00-де Абай атындағы МАОБТ сахнасында ХХ ғасырдың атақты хореографы Кеннет Макмилланның «Манон» балеті болады. Балет туындысы аббат Превоның «Кавалер де Грие мен Манон Лесконың оқиғасы» романының желісі бойынша жасалған.

«Астана Операның» репертуарындағы бұл опера жақында ғана көрермен назарына ұсынылды: 2017 жылдың 28 сәуірінде тұсауы кесілді. Қойылымды астаналық сахнаға Корольдік балет труппасының дәстүрін сақтаушылар – қоюшы балетмейстерлер Карл Бёрнетт пен Патрисия Руанн ала келді. Қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев. Оркестрге өңдеген, аранжировкасын жасаған – Мартин Йетс. Декорациялар мен костюмдер Николас Георгиадистың эскиздері бойынша орындалған.

Атап өтетін маңызды жайт, спектакль Ресейдің Халық әртісі, балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың арқасында театрдың қоржынын толықтырды. Оның өзі бірнеше рет басты Манон партиясын аты аңызға айналған лондондық сахнада билеп, Кеннет Макмилланмен бірге бейнені жасауда жұмыс атқарған. Оның осы жауһар туындыны қазақстандық сахнаға алып келу туралы ұсынысын қоюшы топ қуана қабыл алды.

– М.Жаррдың «Париж Құдай анасының соборын» «Астана Опера» театрының труппасы Мариин театры (Ресей) мен Карло Феличе (Италия) сахнасында орындаған еді, бірақ «Манон» балетін гастроль аясында алғаш рет ұсынбақпыз. Қазіргі таңда бұл хореографиялық туындыны ағылшын классикасы деп санайды. Спектакльде әрдайым жағымды кейіпкерлер болады, көрермендер олардың қасіретіне ортақтасады, дегенмен, жағымсыз бейнелер де орын алады, бірақ қоюшы режиссер оқиғаны шебер жеткізгені соншалық, біз барлық қаһарманға жылы шырай танытып, уайым-қайғысын бөлісе отырамыз, – деді Алтынай Асылмұратова.

К.Макмиллан бірбеткей Манонға тілектес болып, өзіне тән жантану түсінігі мен жұпыны балалық шағы туралы естеліктерді балетке қосады. Макмиллан басты кейіпкерді «кедейліктен қорқатын емес, жарлы болудан ұялатын қыз ретінде бейнелеген. Сол уақытта кедейлік ұзақ, баяу созылған өлім іспеттес еді». Макмилланның таңғажайып хореографиясы Париж бен Жаңа Орлеан қоғамының жарқын жанды бейнесін жасады. Бірақ негізгі күш-қуатты Манон мен де Гриенің па-де-десі жандандырады – дәл осы би нысаны барлық қайғылы оқиғаны қозғап, «Манонды» Макмилланның ең ғажап драмаларының біріне айналдырады.

Манон партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Басбаева орындайды, Де Грие – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Сейітбеков, Леско – көптеген халықаралық байқаулардың Бас жүлде иегері Бақтияр Адамжан / халықаралық байқаулардың лауреаты Арман Оразов, Г.М. мырза – Жәнібек Иманқұлов, Лесконың көңілдесі рөлінде – Әнел Рүстемова.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры