Айтулы музыканттардың вокал сиқыры

«Астана Операның» Камералық залы сахнасында әлемнің төрт елінен келген музыканттардың жұлдызды құрамы өнер көрсетеді. 19 қаңтар күні өтетін «Вокал сиқыры» концертінде атақты опера дивасы, «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Майра Мұхамедқызы өнер көрсетеді. Осы кеште ол тек әнші ғана емес, сонымен бірге вокал бойынша педагог ретінде көрермен алдына шығады. Майра Мұхамедқызы болашағынан көп үміт күттіретін шәкірті, сопрано Әйгерім Сәрсенованы (Австрия) жұртшылыққа таныстырады. Кеш қонақтары – Италиядан келген әйгілі орындаушылар – тенор Антонио Каранджело мен контральто Биляна Ковач және танымал чех концертмейстері Мария Лексова.

Жас дарынды вокалист Әйгерім Сәрсенова – веналық А.Каранджело бельканто академиясы мен Фортепиано өнері институтының (педагогтар Биляна және Ведрана Ковачтардың сыныбы) студенті. Италия мен Чехиядағы концерттер мен шеберлік сабақтарына қатысқан. Музыкалық білімінен басқа, орындаушы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін тамамдаған.

Оның орындауында әлемдік опера репертуарының туындылары шырқалады, олардың қатарында В.А.Моцарттың «Фигароның үйлену тойы» операсынан графиня кавантинасы, В.Беллинидің «Капулетти мен Монтекки» операсынан Джульетта ариясы, А.Каталанидің «Валли» операсынан Валли ариясы, «Манон Леско» операсынан Манон ариясы, «Богема» операсынан Мюзетта вальсі, сонымен қатар қазақ композиторлары – А.Құнанбаевтың «Желсіз түнде жарық ай», Л.Хамидидің «Қазақ вальсі» және т.б. шығармалары бар.

Сопрано Майра Мұхамедқызы, тенор Антонио Каранджело мен контральто Биляна Ковач сүйікті көрермендеріне біртуар композиторлардың атақты арияларын, романстары мен әндерін әзірлеген.

Қазақстандық опера дивасы, театрдың жетекші солисі Майра Мұхамедқызы – париждік «Гранд Операда» Қазақстанның атынан өнер көрсеткен тұңғыш әрі жалғыз солист. Майра Мұхамедқызының өнер жолы ерекше әсерлі: Лео Нуччи, Пласидо Доминго, Мирелла Френи, Роберто Аланья т.б. әйгілі әншілер оның сахнадағы әріптестері болған; Бейжің, Гонконг, Ыстамбұл, Сеул, Мәскеу, Санкт-Петербург, Будапешт, Словакия қалаларында жеке концерттерімен гастрольдік сапарда болған. Бүгінде әнші ұстаздық қызметті қатар алуда.

Маэстро Антонио Каранджело «Астана Опера» сахнасында алғаш рет ән салмақ. Еске салар болсақ, ол керемет опера солисі ғана емес, сонымен бірге Венадағы атақты The Carangelo Belcanto Academy ордасының ұстазы болып табылады, сондай-ақ Еуропа елдерінде шеберлік сабақтарын өткізеді. Әлемнің жетекші опера сахналарында Дж.Вердидің «Риголетто», «Травиата», «Макбет», «Эрнани», Г.Доницеттидің «Махаббат шырыны», «Лючия ди Ламмермур», Дж. Пуччинидің «Тоска», «Богема», «Джанни Скикки», «Мадам Батерфляй», Ж.Массненің «Вертер», В.А.Моцарттың «Дон Жуан» және т.б. спектакльдердегі басты партияларды орындады. Антонио Каранджело – Карловы Вары қаласындағы (Чехия) Антонин Дворжак атындағы Халықаралық опера әншілері байқауының құрметті әділқазы мүшесі. Оның Нью-Йоркте өткен Дж.Вердидің аттас операсындағы Эрнани рөлінің интерпретациясы шынайы жетістікке жетіп, халықаралық сенсацияға айналды.

Концерттің басталуы сағат 19.00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры