Махаббат өлімнен күштірек

«Астана Опера» театрында А.Аданның «Жизель» балетінің премьерасына соңғы дайындықтар жүргізілуде. Генрих Гейнемен баяндалған аңыз екі ғасыр бойы көрерменнің жүрегін тебірентіп келеді. Ғажайып елес қыздар, бес метр биіктікте самғаған Жизель, мінсіз хореография мен итальяндық суретшілердің қолмен көркемдеген декорациялары елордалық театрдың спектаклін шынымен де бірегей етпек.

Премьера ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен маусымның 14, 15 және 19 күндері өтеді.

Балет залында соңғы дайындықтар өтуде: кордебалет әртістері – үйлену тойына дейін қайтыс болған қалыңдық елес-қыздар жеңіл де нәзік бимен қалықтаса, Жизель мен Альберт партиясын орындаушылар биге берілген уақытының санаулы қалғанын сезінгендей, құштарлана әрі жылдам билеуде…

Қойылым тобында аңызға айналған тұлғалар бас қосқан: қоюшы балетмейстер – Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова, қазіргі заманның атақты сценографы Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші, «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино. Қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев.

Алтынай Асылмұратова осынау спектакльдің барлық қыр-сырын біледі. Себебі ол «Жизель» балетімен Мариин театрынан (Ресей) бастап Корольдік балетке (Ұлыбритания) дейінгі әлемнің түрлі сахналарында жұлдыздай жарқыраған. Оның билеуіндегі бас кейіпкердің бейнесі қазіргі күннің өзінде де ең үлгілі болып табылады.

 

– Маған бәрі басқа амплуа таңатын, атап айтқанда, мені «Баядерка», «Дон Кихот», «Корсар» сынды балеттерден көретін, алайда бала күнімнен Жизельді орындауды армандайтынмын. Ұстазым О.Моисееваға рақметімді айтамын, ол менің осы спектакльде билеуге деген құлшынысымды ерекше ықыласпен қабыл алып, өзімді көрсетуіме мүмкіндік берді. 18 жасар кезімде билеген Жизель бір бөлек, ал 25-35 жасымдағысы – мүлдем басқа. Өмірге деген көзқарасың өзгереді, кейіпкеріңе басқа қырынан қарай бастайсың, кәсіби тұрғыдан өсесің – мұның бәрі өте қызықты. Әлбетте, кіммен бірге билегеніңе де байланысты болмақ, – деді Алтынай Абдуахимқызы. – Бірінші спектакльдің афишасында Әйгерім Бекетаева мен Бақтияр Адамжан ұсынылған.  Олар өте үйлесімді әрі музыкаға қабілетті әртістер. Әйгерімнің келбетіне Жизель бейнесі дәл келеді, гала-балеттердің бағдарламаларында екінші актідегі па-де-дені бірнеше рет қойғанбыз, сондықтан оған бұл партия оңайға түсері анық. Бірінші болып жасап, рөлді өн бойыңнан өткізіп, сезінудің өзі аса маңызды. Әлия Танықпаева – тәжірибелі биші, бірақ оған қарамастан, ол спектакльдің егжей-тегжейі бойынша барынша көп жұмыс жасау үшін ертерек келді. Маған бұл әрекеті ұнайды, демек, ол – өз ісінің нағыз шебері деген сөз.

Қоюшы балетмейстердің ассистенттері – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинский мен Елена Шерстнева 8-9 сағат бойы әртістермен залда дайындық жүргізеді, себебі премьера кезінде бәрі мінсіз жасалуы қажет.

– Бұл балетте бәрі де керемет жасалған. Алдыңғы қатарлы үздік балеттер тізімінде «Жизель» көш бастаса, одан кейін екінші орында «Аққу көлі» балеті тұрады деп есептелінеді. Бұл – классиканың інжу-маржаны, мұндағы драма – алданған Жизель ақылынан адасып, ақыр соңында қайтыс болады. Алайда, спектакль соңынан әлдебір жағымды әсер қалады – бас кейіпкер өлімнен кейін де махаббат сезімін жоғалтқан жоқ. Альбертті өз денесімен қорғай отырып, оны ажалдан сақтап қалады. Махаббаттың осынау құдіретті күші бұл балетті барша классикалық репертуардың үздігі етеді, – деп атап өтті Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинский.

 

«Жизель» балетінің жарқын бояулары 

Көрнекті өнер қайраткерлері Эцио Фриджерио мен Франка Скуарчапино «Астана Опера» театрына арнап әлемде теңдесі жоқ көптеген тамаша спектакльдерді жасады. Олардың марапаттарының тізімінде шек жоқ әрі жылдан жылға толыға түсуде. Қай жерде жұмыс жасаса да, суретшілердің дарыны мойындалып, шығармашылығы барша көркемдік, музыкалық әлемде бағалануда. Жақында хас шеберлер Испанияда бейнелеу өнеріндегі асқақ жетістіктері үшін Алтын медальге ие болды.

Бір қызығы, ерлі-зайыптылар көптеген балет спектакльдерін бірге жасаған және осыдан 40 жыл бұрын «Жизель» балетінің қойылымында Франка Скуарчапино Эцио Фриджерионың ассистенті ретінде қызмет еткен. Осылайша, 40 жыл бірлескен қызметі ішінде бұл шығармашылық отбасылық жұп орасан зор тәжірибе мен білім жинақтап, бүгінгі таңда сол жиналған мол тағылымды «Астана Опера» театрымен жомарттанып бөлісуде.

– Спектакльдің көркемдік орындалуының 90 %-ы кескіндеме өнерінен тұрады. Бұл – театрлық өндірістегі ең күрделі санаттардың бірі. Қолмен суретті әшекейлеудің қажырлы жұмысы әлем бойынша әрдайым жоғары бағалануда, сондықтан «Жизель» балеті әсіресе, әлемдік деңгейдегі мамандардың бізге жасаған көркемсуреті тұрғысынан алғанда, өте көркем әрі әсем жасалынды. Өкінішке орай, дарынды театр суретшілерінің саңлақтары жыл сайын азаюда, алайда, біз олармен, атап айтқанда, Эцио Фриджерионың эскиздері бойынша үйлер мен жұмсақ декорациялардың қолмен жазылған таңғажайып картиналарын салған Ренато Ринальдимен жемісті жұмыс жасай алдық, елордалық көрермен олардың еңбегін бағалайды деп үміттенемін. Өзге театрларда осыншама түстердің молдығы жоқ екендігі де аса маңызды, – деп атап өтті директордың көркемдік-қойылым сұрақтары мен өндіріс жөніндегі орынбасары Виктор Караре.

 

Декорациялардың жекелеген қатты элементтері моторландырылған, олар қашықтықтан басқарумен жұмыс жасайды. Күрделі құрылғылардың арқасында Жизельдің қабірінің басында крест айналып тұрады, алайда мамандардың техникалық тапқырлығы мұнымен шектелмейді: шеберлер бас кейіпкердің сахна үстінен 5 метр биіктікте сол жақ кулисадан оңға қарай ұшып өтуіне мүмкіндік беретін механизм құрастырып шықты. Бұдан бөлек, Жизельдің биіктігі 6 метрді құрайтын көлемді үйі де зор әсер тудырады, мамандар оның оңай қозғалуы үшін астына кіші-гірім дөңгелектер орнатып қойған.

Сахна жиһаздарымен қатар «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапиноның костюмдері де көрерменнің көз қуанышына айналмақ.

– Осы балетке арнап 162 костюм тігілді, әртістердің билеуіне ыңғайлы болуы үшін белдемшелер мен корсеттер тігуге табиғи, ауа өткізетін маталар іздедік. Олар жібек, мақта, зығыр, тафта маталар және олардың түстері де сан алуан: сары, қызыл, жасыл, қызғылт сары, ақ, көгілдір және т.б. Белдемшенің бір қабатына 4 метр мата жұмсалды, ал бір киімнің өзінде мұндай 5 қабат бар. Бұған қарамастан костюмдер ауыр болып шыққан жоқ. Балериналардың сахнада еркін самғауы үшін Франка Скуарчапино салмақсыз маталарды іріктеп алды, – деді костюмдер бойынша суретшінің ассистенті Анна  Верде.

 

Костюмдердің пішу үлгісі XVIII ғасыр дәуірін сипаттайды. Жетекші солистердің киімдері тіпті күрделі, себебі онда қолмен жасалған дүниелер көп, мәселен, жиектемемен әрлеу, аппликациялар пайдалану, ұсақ моншақтармен кестелеп тігуді атап өтуге болады.

 

 

– Біз классикадан алшақтап кетпейміз, спектакль бойы бірнеше ғасыр бұрын түпнұсқада көргендей әсер беретін негіз сақталған. Әрине, маталардың құрылымы, түсі – мұның бәрі бүгінгі заман тынысына сай, дегенмен сол дәуірдің рухы дәл берілген. Барлық костюм біз үшін өте ыстық, олардың әрбіреуін біз үлкен ыждаһаттылықпен жасаймыз. Мысалы, Жизельдің костюміне арналған корсет – өнер туындысы десек те болады, ол тұтастай қолмен тігілген, көптеген ұсақ бөлшектер мен әшекейлерден тұрады. Дегенмен, әр костюмнің өз ерекшелігі бар, бұл ең алдымен Франка Скуарчапиноның өз жұмыстарында пайдалануды жақсы көретін түстердің алуандығына қатысты, – деп қорытындылады Анна Верде.

 

 

Спектакль бутафор цехының шеберлері үшін де өте қызықты болды. Олар Жизельдің жүзім алқабында еңбектенетін құрбыларының себеттерін жүзімге толтырып қойды. Бутафорлар аңшылық көрінісін ең көз тартатын әрі күрделі жұмыс деп біледі. Шынайылықты сақтай отырып, олар сұңқар, қырғауыл, шіл, үйрек, кербұғы мен қояндардың тұлыптарын жасап шығуы тиіс еді. Міне, шебер қауырсынды қауырсынға желімдеу үстінде, бұл тек қана көп еңбекті қажет ететін жұмыс емес, сонымен бірге өте жауапты да, себебі қауырсынға біркелкі рең беру керек.

 

 

 

 

Бұл қойылымда табиғат көріністері өте көп, сондықтан ол түрлі дала гүлдеріне бай, оның ішінде гүл күлтелерін Жизель үзіп алатын түймедақты да көруге болады. Әр спектакльден соң бутафорлар оны жаңартып отырады. Ағаш бұтағы да сынуы тиіс, бұл ретте шеберлер оны бірнеше рет қолдану үшін ілгешекті тетік ойлап тапты.

 

 

Кемелдену жолында

Әр балерина Жизельді мінсіз орындап шығуға ұмтылады, ал оның өзгеше, жан тебірентерлік өмірін көрсету әркімнің қолынан келе бермейді. Махаббат – опасыздық – кешірім тақырыбы баршаға түсінікті және оны аша түсу, көрермен жүрегіне жеткізу үш балеринаның – Әйгерім Бекетаева, Әлия Танықпаева мен Анастасия Заклинскаяның еншісінде.

 

«Астана Опера» театрының жетекші балет солисі Әйгерім Бекетаева романтикалық бишілік қабілетке ие. Жас орындаушы осындай «поэтикалық» кейіпкерлердің бейнесін сомдап, көптеген елдің жұртшылығын мойындатып үлгерді.

– Осы партияны Алтынай Асылмұратовамен бірге дайындау мен үшін үлкен құрмет әрі бақыт. Бұл оңай рөл емес, сонысымен де қызықты, себебі бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі бейнені, екі түрлі жан дүниесінің жағдайын: шаруа қыз бен орман перісінің махаббатын, шаттығын жеткізу қажет. Екінші бөлім техникалық тұрғыдан күрделірек, онда жеңілдік пен самғауды көрсету керек, ал бірінші бөлімде актерлік шеберлік маңызды. Есінен ауысу көрінісінде жеке күйінішім мен эмоцияларыма сүйене отырып, сезімді тұла бойыммен қабылдауға тырысамын. Көрермен менімен бірге Жизельдің оқиғасын басынан өткерсе екен, оларды сендіре алсам екен деймін. Аталған партияға дайындық барысында Алтынай Асылмұратова басқа орындаушыларға қарамай, бейнені өзімше түсініп, өзімше қабылдауға, Жизельдің мінез-құлқын өзімше сезінуге кеңес берді, – деп атап өтті Әйгерім Бекетаева.

– Әрбір балерина «Жизель» балетін орындауды армандайтын шығар, мен де соны қалаймын. Балет өзінің тереңдігімен, психологизмімен әрі бейнені актерлік тұрғыдан ашуымен мені өзіне баурайды. Қаһарманымның басынан өткізетін жағдай бүгінгі күнге жақын. Сірә, барлық қасірет Жизельдің алдау мен сатқындықты көтере алмайтын нәзік жанды қыз екендігінде шығар. Ол өмір сүретін әлем ақиқаттан алыс және ол ащы шындықпен бетпе-бет келгенде ол «сынып қалады», есінен адасады. Осы сәтте мен оны қатты аяймын. Бірінші рет классикалық спектакльге басты партияда қатыспақшымын, маған жүктелген үлкен жауапкершілікті сезінемін және мұны үлкен сынақ деп білемін. Меніңше, Жизель бейнесін қалайда нақты сипаттау және суреттеу мүмкін емес, себебі бұл шын мәнінде күрделі романтикалық-драмалық партия және әрбір балерина үшін оның бейнесі жеке дара. Осы спектакльде әріптес ретінде қолғабыс беріп, жетелеген серігім Олжас Тарлановқа ризамын, – деп бөлісті Анастасия Заклинская.

Спектакльде көп дүниелер Альберт партиясын орындаушыға да байланысты. Қоюшылар оны зұлым азғырушы емес, шаруа қыз Жизельге шын сезімі бар жігіт ретінде көреді.

– Альберт партиясымен көп жұмыс жасауға болады. Премьерадан соң, оған не нәрсені, қандай бояуларды қосуға болатынын табатыныма сенімдімін. Бірінші актідегі графтың мәнері мен қылығы бәрін бірден қолына түсіргісі келетін ерке баланы еске түсіреді, менің қаһарманым күткенді жақсы көрмейді, ол «жоқ» деген сөзді білмейді. Бастапқыда ол Жизельдің сезімімен ойнайды, содан кейін ғана ол оған деген ынтызарлығының барын сезінеді. Графтың сезім толқынысын, оның көңіл-күйін, бар қалпын көрерменге жеткізу қажет және бұл шынында да қиын. Себебі Альберт – айрықша мәнері бар, сымбатты граф, бұл хореографиядан көрініс тапқан: бұрылған аяқтар, классикалық қадамдар, желілердің тазалығы. Мұның күрделі стиль екендігін атап өткен жөн, бірақ мен үшін бұл жаңа дүние емес. Екінші актіде алдымызға басқа міндет қойылған – ақырет әлемінің ахуалын жеткізу қажет, – деп атап өтті Бақтияр Адамжан.

Романтикалық балет музыкасы

Аданның музыкасы – биге жасалған жай ғана ырғақтық сүйемелдеу емес: ол жігерлігімен, көркемдігімен ерекшеленеді, көңіл-күй тудырып, кейіпкерлердің мінез-құлқы мен өтпелі музыкалық әрекеттерді жеткізеді.

– Екінші актідегі әйгілі па-де-де мен адажио концерттік нөмірлерде жиі қойылса, сондай-ақ көрерменнің ыстық ықыласына бөленген альттік соло да талай орындалуда. Балеттің бар музыкасы романтикалық әуендерге, сол заманның рухына толы. Осы музыканы сахнамен қатар көремін, онда негізгі қаһармандардың барлық бейнелері анық жасалған, либреттода баяндалғандардың бәрі: Жизель мен Альберттің немесе қатігез Миртаның оқиғалары суреттеледі. Бірінші актідегі керемет қосымша па-де-де өзінің көркемдігімен тамсандырады, оның бастапқы балетте болғаны немесе толықтырылған фрагмент екені белгісіз. XIX ғасырда балет музыкасы ерекше танымал бола қоймаған және оны жазған  композиторлар да үнемі екінші кезекте, тіпті опералық немесе симфонист композиторларға қарағанда үшінші орында тұрған. Бұрын солистер дирижерден өзінің жеке вариациясын батыл түрде талап ете алған, олар үшін жеке дара музыка жазылған. Көбінесе сол кезде жазылған көпшілік әуен опералардан алынған, бірақ бір реттен артық орындала қоймаған, алайда әсем әуендерге толы болған, олар қайта өңделіп, аспапқа сүйемелденген және балет музыкасы ретінде бізге жеткен, – деді қоюшы дирижер Арман Оразғалиев.

– Осынау балеттің керемет оқиғалар желісі көрермендердің зор ықыласын тудырған, либреттошылар оны сауатты құрастырып, қайта өңдеген. Қойылымның екінші қиял-ғажайып актісінде 12 рет соғылатын қоңырау пайда болады, ол  түн мезгілінің тылсым сәтін көрсетеді. Музыканың өзі тыңдармандарды шынайы өмірден елес қыздар әлеміне жетелейді. Егер музыкалық бейнелер жөнінде айтар болсақ, онда Жизель – қарапайым шаруа қыз, оны бояуларға қанық қарапайым әуендер сипаттайды. Ерлер орындайтын Альберт партиясына келетін болсақ, бірінші актідегі музыкадан біз оның жоғары таптан шыққан адам екенін түсінеміз. Балеттік ерекшеліктерді ескерсек, бұл ырғақтан да, оның вариацияларынан да көрініс тапқан. Әдемі романсқа – Альберттің кеш өкінішіне ешкім бей-жай қарамайды деп ойлаймын. Кейіпкер жігіт Жизельдің қабір басына келген сәтте сұлулығы жағынан симфониялық шығармалардан кем түспейтін гобойдың керемет үні шырқала бастайды, – деп қорытындылады қоюшы дирижер.

Әсерлі оқиғалар желісі мен оның хореографиялық жүзеге асуының бірегей үндестігі «Жизельдің» тағдырын оңынан шешті. Балет елордалық көрерменнің де зор қызығушылығын туғызарына еш күмән жоқ.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры