Нәзік жандыларға арналған сүйікті балет

«Астана Опера» сахнасында алғаш рет балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың жаңа хореографиялық редакциясында театрдың балет труппасы П.И.Чайковскийдің «Аққу көлі» спектаклін ұсынады. Балет 8, 10 және 17 наурызда «Астана Операның» Үлкен залында орындалады.

Еске салар болсақ, «Астана Опера» труппасының орындауындағы жаңа хореографиялық редакцияның премьерасы Маскаттағы (Оман, 2017) іссапар аясында Корольдік опера театры сахнасында өткен еді. Труппа салтанатты жетістікке қол жеткізді: әртістерімізге шетелдік жұртшылық толассыз ду қол шапалақ соғып, қошемет көрсетті.

«Аққу көлі» балетінсіз музыкалық театрды елестету мүмкін емес. Ерекше танымалдылығы оны академиялық балет өнерінің нышанына айналдырды. Либреттоның негізі – ертегі фольклорында жиі кездесетін теріс сиқыр күшімен құсқа айналған қыз жайында. Зұлым кемеңгердің сиқыры күндіз ғана әсер етеді, ал ай туғанда аққу әсем Одеттаның кейпіне енеді. Ол жалғыз емес, көлде Одеттаның айналасында оны аққулардың патшайымы деп атайтын дуаланған аққу-арулар бар. Дуаның бетін тек қана жас жігіттің адал махаббаты қайтара алады, бірақ мәңгілік махаббатқа берілген серт бұзылған жағдайда, ол мәңгі-бақи аққу болып қалады…

– Өмір ешқашан бір түсті болған емес, әрқашан түрлі реңкке ие, өмірде адалдық пен махаббат та, сатқындық пен зұлымдық та кездеседі. Бұл балетте барлығы көрініс тапқан: Одетта – аққу, тазалықтың, нәзіктіктің нышаны, бұл лирикалық бейне. Одиллия болса, керісінше, кереғар, зұлым, еліктіргіш, есепшіл, сонымен қатар көрікті де. Көрермен тазалық пен жауыздық, махаббат пен сатқындық күресінің куәсі болады, дегенмен соңында ештеңеге қарамастан махаббат жеңіске жетіп, бәрі сәтті аяқталады. Біз біраз өзгерістер енгіздік, алайда Л.Иванов – М.Петипаның канондық қойылымын сақтап қалдық. «Аққу көлі» – классикалық балеттің нышаны, әлемдік бренд. П.И.Чайковскийдің музыкасы – біз үшін үлкен мұра. Бұл балет мәңгі, оны бізге дейінгілер де көрген және оған біздің ұрпағымыз да тамсанатын болады, – деді «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.

Бас партияларды әр күндері «Астана Операның» әртістері орындайды. Одетта – Одиллия – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, «Астана Операның» жетекші солистері Әйгерім Бекетаева, Мәдина Басбаева, Зигфрид – көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары Олжас Тарланов, Еркін Рахматоллаев, Ротбарт – Жәнібек Иманқұлов, халықаралық байқаулардың лауреаты Арман Оразов, Сайқымазақ – халықаралық байқаулардың лауреаттары Бақтияр Адамжан, Серік Нақыспеков.

«Астана Опера» симфониялық оркестрі, дирижер – Арман Оразғалиев.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры