Адамдарға ұқсайтын қуыршақтар

«Астана Опера» балет залдарында жарық өшірілмейді. Бұл жерде өнер туындысы дүниеге келуде. Көп сағаттық дайындықтар кешкі тоғызға дейін жалғасуда. Әртістер Л.Делибтің «Коппелия» балетінің премьерасына әзірленіп жатыр.

Бұл балетте адамдар мен қуыршақтар бірлесіп, тұтасып кеткен: әртістің шебер билегені соншалық, алдымызда нағыз қуыршақ тұрғандай әсер туындайды. Осы кейіпкер қайғылы жағдайға байланысты пайда болған. Балет қойылымы кезінде Зизи Жанмер – атақты балерина, Ролан Петидің жары әрі музасы – жарақат алады. Музыкатанушылардың сөзінше, шұғыл түрде жағдайдан шығудың жолын табу керек болды. Міне, сол сәтте қуыршақ Сванильда пайда болды, ол уақыт өткен сайын балериналарды ығыстырып, балетте басты орынды иеленді. Мұнда үш қуыршақ бар, бәрі де Сванильдалар. Ағаш қуыршақ ажал құшады – соңында ол қақ жарылады. Жеңіл әрі еркін биде солистке жұп болған шүберектен жасалған Сванильда, сонымен қатар өзінің жалған қуыршақ бақталасын сомдайтын нағыз балерина.

Сахна жабдықтары бойынша жұмысты заманымыздың үздік сценографы Эцио Фриджерио жасады. Ролан Петидің өзі оның жұмысын: «Бұл жердегі алаң сұр-көгілдір реңкте, ал сондағы үйлер аспанмен ұштасқан. Әскери мундирлер, судырлаған көйлек киген сұлу бикештер – осының бәрі Эрнст Любичтың фильмдерін еске салатын ахуалды жасайды»,- деп сипаттаған.

Бәлкім, балет осындай романтикалық бояуда орындалған болар, себебі сол кезеңде екі жас суретші, қазіргі таңдағы асқақ өнер әлеміндегі ұлы тұлғалар Эцио Фриджерио мен Франка Скуарчапиноның жүректері бір арнаға тоғысқан еді. Франка Скуарчапино костюмдер бойынша суретші Эцио Фриджерионың ассистенті болған. Кейін оның дарыны көптеген марапаттармен, соның ішінде «Сирано де Бержерак» фильмі үшін америкалық «Оскар» киноакадемиясының сыйлығымен (1990) аталып өтті. Бродвейлік «Канкан» қойылымына арналған үздік костюмдер үшін Тони сыйлығына номинацияланды (1981). 2019 жылы Франка Скуарчапиноға костюмдер бойынша үздік суретші ретінде «Opera Star» марапаты табыс етілді. Екеуінің шығармашылық әрі отбасылық одағына 45 жыл. Суретшілердің арқасында әлем көптеген атақты қойылымдарды тамашалады, бұған қоса, жас шамасына қарамастан, олар тоқтауға асығар емес, жыл сайын түрлі ел көрермендерін жаңа жұмыстарымен қуантып келеді. 

Балетмейстер Луиджи Бонино Ролан Петидің балеттерін әлемнің көптеген сахналарына шығаруда, ал өзі «Коппелия» спектаклінде Коппелиустың партиясын ұзақ жылдар бойы орындап келеді. «Астана Операға» ол театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың шақыртуымен келді.

– Бұл қойылым маған ұнайды, себебі кезінде осы балетте билеген едім. Ролан Петимен бірге өнер көрсету бақытына ие болдым. Әлем бойынша сахналанып жүрген бірде-бір қойылымға ұқсамайтын керемет спектакль. Ол өте жинақы, көңілді. Әртістердің көп саны қатыспаса да, толық метражды спектакль әсері сезіледі. Ролан Петидің жұмыстарын жақсы көремін, оны ХХ ғасырдағы ең көрнекті балетмейстерлердің бірі деп санаймын. Әрдайым өзіндік стилі бар, ол бірегей әрі өте дарынды. 45 жыл бойы қойылып келе жатқанына қарамастан, бұл балет сұранысқа ие әрі әлем астаналарының барлық театрларында сахналанып келеді. Мысалы, Луиджи Бонино «Коппелия» балетінің Мюнхендегі премьерасынан кейін бізге ат басын бұрды. Спектакль өте жеңіл қабылданады, көрерменнің көңілінен шығады деген сенімдемін, – деп атап өтті Алтынай Асылмұратова.

Басты партияларда сахна төріне жетекші солистер Бақтияр Адамжан мен Әйгерім Бекетаева, Арман Оразов пен Шұғыла Әдепхан шығады. Коппелиус партиясын бірінші күні балетмейстер Луиджи Бониноның өзі орындайды, ал премьераның екінші күні көрермен қауым Рүстем Сейітбековтың өнерін тамашалайды.

Елес махаббат 

Франц партиясына Бақтияр Адамжан мен Арман Оразов дайындалуда. Қос әртіс үшін бұл бейне алғашқы болмақ.

– Франц партиясын бірінші рет орындағалы тұрмын, бізде осынау спектакль Ролан Петидің хореографиясында өтетіндігіне қуаныштымын, мұны осы қойылымның ең қызықты нұсқаларының бірі деп санаймын. Ол ерекше атмосферасымен сипатталады, қойылым актерлік жұмысқа қанық, бұл жердегі хореография стилінің өзі айрықша, тіпті техникасы да өзіндік ауысулармен өзгешеленеді. Мизансценалар, адажио – бәрі де тамаша қойылған. Бізбен хореограф Луиджи Бонино жұмыс жасауда, ол Ролан Петидің спектакльдерін алғашқы түрінде жеткізеді, осы балетті жүзеге асыруға қажетті барлық қыр-сырды, ерекшеліктерді біледі. Біздер, әртістер үшін бұл қойылымға «ену» өту оңай. Спектакльді жаттап алдық, енді нақты бір сәттерді шыңдап, жетілдіріп жүрміз, – деді Бақтияр Адамжан.

Жетекші солист осы балетте көптеген француздық әзіл кездесетінін, бірақ әртістердің «Коппелия» бойынша жұмысқа міндетті түрде қажет болатын өзіндік қазақи әзілі барын айтып қалжыңдады.

– Егер сен қандай да бір ым-ишараны 3 секундқа кешіктіріп жасасаң, нәтижесі ойлағандай болмайды. Сондықтан серіктестеріңмен бірге жұмыс жасау маңызды, түрлі сәттерді әрдайым бірге келтіру керекпіз. Көп жағдайда бізге Луиджи Бонино көмектеседі, әрбір әртіспен жеке дара жұмыс жасайды, біздің дарынымызды қалай ашып, көрерменге спектакльдің мәнін қалай жеткізу керектігін жақсы біледі. Премьераны тағатсыздана күтудеміз, әрқайсымыз өз кейіпкеріміздің бейнесін кемеліне жеткізудеміз. Бұл жеңіл, назды балет, ол адамдарға қуаныш сыйлайды. Көрермендеріміз бізбен бірге күліп, осы оқиға жайында ойланғанын қалаймыз, – деп қорытындылады Бақтияр Адамжан.

Оның сахнадағы серіктесі – Сванильда партиясын орындаушы – Әйгерім Бекетаева, премьераның екінші күні бұл рөлде Шұғыла Әдепхан жарқырайтын болады. 

 

– Тағы бір құнды спектакль! Ерекше хореография, әдемі әуен. Өзінің ерекшелігі бар. Луиджи Бонино актерлік шеберлікке көп көңіл бөледі, техникалық жағынан да қиыншылықтар болды. Табанға арналған жүріс түрлері көп, барлығын есептеп шығаруыма тура келді. Луиджи Бонино Сванильда туралы, оның жас әрі қылықты екенін көп айтты. Балеттің бар мәні екінші бөлімде орын алады, ол жерде Сванильда қуыршақ бола қалады да, Коппелиус оған бар жан-тәнімен махаббатын білдіреді. Соңында шебер осының бәрі ойын екенін біледі, сол кезде мен оны аяп кеттім. Мен үшін Луиджи Бониномен билеу үлкен құрмет, – дейді Әйгерім Бекетаева.

Ролан Пети мен Луиджи Бонино сынды ірі тұлғалардан кейін Коппелиус партиясымен сахнаға шығу – үлкен жауапкершілік әрі тәуекелдік. Жеке интерпретацияны ұсыну керек. Рүстем Сейтбековтің өзіндік талдауы қалай боларын тек премьерада білетін боламыз, ал әзірге әртіс залда шеберлігін шыңдауда.

– Осы партияны орындау мен үшін бақыт. Бұл қарапайым дүние емес, оған физикалық және эмоционалдық дайындық керек, яғни актерлік жағынан барынша өнер көрсету қажет. Мол тәжірибем болса да, бұл оңай емес, мұнда өзгешеліктер мен заттармен жұмыс түрлері көп. Барлық басымдылықтарды дұрыс қою керек. Спектакльдің ерекшелігі – көрерменмен арадағы диалог. Балет махаббат пен жалғыздық туралы, себебі Коппелиус шын мәнісінде өзінің сүйікті қуыршағына өмір бердім деген ғажайыпқа сене бастайды. Маэстро Луиджи Бонино үйреткен дүниенің барлығын жеткізуге тырысамын. Бұл спектакль мен үшін аса маңызды, себебі сахнадағы өзімнің 20-шы маусымымды билейтін боламын, – деп атап өтті Рүстем Сейітбеков. 

Коппелиустың шеберханасында, немесе сахнаның сырт жағы

Театр цехтарында шеберлер спектакльдің бутафориясы, декорациясы мен костюмдерін көрермендердің 1975 жылы Марсель балетіндегі премьерада тамашалаған қалпында жасап шығаруға тырысуда. Директордың көркемдік-өндірістік мәселелері мен ғимаратты пайдалану жөніндегі орынбасары Виктор Караренің айтуынша, театр үшін ең бастысы – декорациялар, реквизиттер, костюмдер мен жарықты жасауда жоғары сапаға қол жеткізу. 

– Бұл Эцио Фриджерионың сценограф әрі костюмдер бойынша суретші болып екі рөлде жұмыс жасайтын алғашқы спектакльдердің бірі. Спектакльдің түпнұсқасын жаңғырту үшін ауқымды жұмыстар жүргізіп, барлық бағыттарға, әсіресе декорацияларға, қазіргі таңда өзекті технологияларға көңіл бөлеміз. Бір кездері декорация элементтері ағаш кесектерден, шереден, бітеуіштерден жасалса, қазіргі күнде спектакльдерде көпке дейін пайдалануға мүмкіндік беретін мүлдем басқа материалдар қолданылады. 45 жыл бұрын жаңалық болған дүниені жасау – біз үшін тарихқа шолу жасап, сол кезеңге біздің көзімізбен қарау, оны бағалау. Лифт, қуыршақ, үстелді белгілі бір биіктікке қозғалту бойынша бірнеше шешімдеріміз бар, бұл қойылымға ерекше көрініс береді, – деп атап өтті Виктор Караре. – Қуыршақтың біреуі өте жеңіл болуы керек, себебі солист онымен бірге билейтін болады. Екіншісі – механикаландырылған, желпуіш ұстаған қолы қозғалып тұрады. Екеуінің өте қатты ұқсайтыны сонша, бір қуыршақ секілді көрінеді. Соңғысы – механикаландырылғаны – балеттің қорытынды көрінісінде белгілі бір батырманы басу арқылы кезек-кезек бөліктерге ажырап қалады: қолы, аяғы мен басы бөлінеді. Бірақ келесі спектакльде қуыршақ қайтадан қалпына келтіріліп, сахна төрінен көрермендерге күлімдей алады. Алғашқы нұсқадағы эскиздердің түстік гаммасын сақтауға тырысып, костюмдерді, бутафория мен реквизиттердің элементтерін жасауда егжей-тегжейлі жұмыс атқардық. Бұл біздің қолымыздан келді деп ойлаймын. Қазір жұмыс аяқталып қалды, дайындықтар белсенді жүргізілуде. Көрермендерді түпнұсқалық орындаушылықпен қуантамыз деген үміттемін, – деп қорытындылады Виктор Караре. 

Әрине, Лео Делибтің музыкасы керемет. Ол сырға толы, мәнерлі, бейнелі, әсем. Балеттанушылар осынау музыкада симфониялану элементтерінің барын әрі онда адамға тән сезімдер мен жансыз механикалық қуыршақтар әлемі бір-біріне қарама-қарсы қойылғандығын атап өткен. Композитор басты кейіпкерлерді сипаттайтын лейтмотивтерді іскерлікпен қолдана білген, бұл драматургиялық бірлікке ықпал етеді. Еліктіріп әкететін осынау әуенді қоюшы дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігімен «Астана Опера» симфоникалық оркестрі тыңнан жасайтын болады. 

«Коппелия» – әлемдегі ең танымал балеттердің бірі. Барлық жетекші театрлардың репертуарында бар осынау көңілді де мерекеге толы спектакльге 22 және 23 қараша күндері Нұр-Сұлтан қаласының көрермендері лайықты бағасын бере алады. Премьера ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің көмегімен өтеді.   

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры