Астанада Мәдина Исламова мен Бауыржан Әндержановтың концерті өтпек

Вена консерваториясының түлегі, «Астана Опера» театрының солисі, сопрано Мәдина Исламова мен «Астана Опера» және Aalto Musiktheater (Эссен, Германия) театрларының солисі, бас-баритон Бауыржан Әндержанов 17 ақпан күні «Астана Опера» Камералық залы сахнасында концерт бермек. Фортепиано партиясында – Амина Тайкенова ин дер Шмиттен.

Мәдина Исламова мен Бауыржан Әндержанов белсенді концерттік қызмет жүргізуде. Әнші Венадағы Хофбург сарайында (2011) және «Жібек жолы» ІІІ халықаралық фестивалі аясында «Астана Опера» театрының Камералық залы сахнасында (2016) жеке концерттерін ұсынды. Мәдинаның маңызды өнер көрсетуі Мемлекеттік Кремль сарайында өтті. Жуырда ол «Астана Опера» сахнасында Мюзеттаның партиясында сәтті дебют жасады. Қазақстанның концерт залдарында, сондай-ақ Испания, Германия, Ұлыбритания мен Ресейдің қалаларында өнерімен жарқ етті. Мәдина Исламова Л.Хамидидің «Қазақ вальсі» мен Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Қарлығаш патриясын орындау арқылы көрерменнің ыстық ықыласына бөленген.

Өз кезегінде, Бауыржан Әндержанов La Nuova Fenice (Озимо, Италия), Грац (Австрия), Сан-Этьен (Франция) опера театрларының сахналарында, сонымен қатар Париждегі Gaveau, Венадағы Konzerthaus және Италия, Германияның залдарында өнер көрсеткен.

Солистер «Астана Опера» көрермендеріне арнап Дж.Пуччини, Р.Штраус, Дж.Финци, Э.Бэйкон, А.Даргомыжский, П.Чайковский, С.Рахманинов және Е.Брусиловский сынды әйгілі композиторлардың әлемдік және ұлттық музыкалық классика қазыналарынан  ариялар, романстар және әндер дайындаған.

Әртістер елорда тұрғындары мен қонақтары алдында музыкалық жауһар туындыларды орындап, оларға өз шығармашылығын сыйға тарту үлкен құрмет екендігін атап өтті.   –Қадірлі тыңдарман алдында тамаша әріптестермен бірлесіп өнер көрсеткен әрдайым керемет, – деп қорытындылады вокалистер.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры