Құддыс Қожамияровтың ғасырлық мерейтойына арналған концерт

Құддыс Қожамияровтың ғасырлық мерейтойына арналған концерт

«Астана Опера» КСРО Халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Құддыс Қожамияровтың 100 жылдығын атап өтпек. 18 мамыр күні театрдың Камералық залында Қазақстан композиторларының туындыларынан тұратын «Ұйғыр мұқамының сарыны» концерті тыңдаушылар назарына ұсынылмақ.

 Құддыс Ходжамиярұлы Қожамияров – қазақстандық сазгер, педагог, қоғам қайраткері, кәсіби ұйғыр музыкасының негізін қалаушы. Қ.Қожамияров Алматы консерваториясын тамамдап, Мәскеу консерваториясында тағылымдамадан өткен (профессор В.Я.Шебалин сыныбы). Шығармашылық еңбек жолында Қазақ радиосының көркемдік жетекшісі, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының ректоры әрі профессоры, Қазақстан композиторлар одағының төрағасы болған, отандық музыканттардың біртұтас саңлақтарын тәрбиелеп шығарған. Көптеген орден, медальмен марапатталған.

Мерейтойлық концертке опера труппасының солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ (сопрано), симфониялық оркестр музыканттары – халықаралық байқаулардың лауреаттары Курванжан Ахатов (виолончель), Дамиля Махпирова (гобой) және т.б. өнерпаздар қатысады. «Астана Опера» Камералық оркестрі халықаралық байқаулардың лауреаты Руслан Баймурзинның жетекшілігімен өнер көрсетеді.

Осынау музыкалық кеште алғаш рет Құддыс Қожамияровтың туындылары – Ішекті аспаптар оркестріне арналған музыка ми минор, Виолончельге арналған концерт (жарық көрмеген шығармалар), «Бу Ахшам» әні (Б.Қыдырбектің өңдеуі), «Назугум» операсынан Назугум ариясы (камералық оркестрге арналған Х.Сетековтың өңдеуі) орындалмақ. Сондай-ақ Қ.Қожамияровтың шәкірттері, Қазақстанның өзге де композиторларының шығармалары көрерменге жол тартады, атап айтқанда – Б.Қыдырбектің «Қалқаман – Мамыр» операсынан Қалқаман ариясы, Х.Сетековтың «Скерцо» гобой мен оркестрге арналған концертінің бірінші бөлімі, С.Әбдінұровтың «Байдыбек», А.Мұхитдиновтың Концертино туындылары шырқалады.

Басталуы сағат 19:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры