Қазан айындағы камералық музыка

Қазан айында «Астана Опера» Камералық залында музыкалық өнерсүйер қауым мен ең кішкентай тыңдармандар назарына қызықты да бірегей концерттердің мазмұнды бағдарламасы ұсынылады.

1 қазан, Музыка күні, сағат 19.00-де «Мәңгі өшпес із қалдырған» симфониялық концерттердің жаңа топтамасын Антонио Вивальдидің туындыларынан тұратын қызықты бағдарлама ашпақ. «Астана Опера» камералық оркестрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігімен өнер көрсетеді. Музыкалық кешке сондай-ақ театрдың жетекші солисі, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова (сопрано), Батыржан Смақов (контртенор), «Астана Опера» оркестрінің солисі әрі концертмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, «Мәдениет қайраткері» Айсұлу Байкенова, Мәдина Капеу (скрипкалар), Әсет Нелдібаев (фагот), Дамиля Махпирова, Нұргүл Сапарова (гобойлар) қатысады. Алғаш рет Қазақстанда «Азат етілген Андромеда» операсынан Персейдің ариясы шырқалады. Бағдарламаға сонымен қатар «Баязет» операсынан Ирена мен «Гризельда» операсынан Констанцаның ариялары, «Жыл мезгілдері» топтамасы, екі скрипка мен оркестрге арналған концерт, екі гобой мен оркестрге арналған концерт, фагот пен оркестрге арналған концерт енген. Жүргізуші – «Мәдениет қайраткері» Маржан Жәкенова.

3 қазан сағат 19.00-де атақты опера әншісі, ең жоғарғы ерлер дауысының иегері Ерік Құрманғалиевты еске алуға арналған «Вокалдық параллельдер» концерті өтеді. Әйгілі вокалистің дауысы орасан зор диапозонды қамтыған әрі керемет икемділігі мен техникалық жағынан ерекшеленген, бұл оған сопранолық та, контральттік те партияларды орындауға мүмкіндік берген. Кеш қонақтары – Ерік Құрманғалиевпен бірге әлемнің жетекші сахналарында өнер көрсеткен достары, ресейлік әртістер – Лариса Рудакова (сопрано), Рустам Яваев (контртенор), Олег Рябец (контртенор), Александр Котовщиков (фортепиано). Олармен бірге Камералық зал сахнасына белгілі қазақстандық вокалист, «Астана Опера» жетекші солисі Жұпар Ғабдуллина (сопрано), Батыржан Смақов (контртенор), аспапшы музыканттар: Мақпал Бекмағамбетова (скрипка), Асқар Мұқанов (виолончель), Гумир Сайдалин (флейта), Раушан Бескембирова (фортепиано) шығады. Орындаушылар Ерік Құрманғалиевтың репертуарынан туындыларды, соның ішінде әлемдік опералық және вокалдық классика жауһарларын, сондай-ақ отандық авторлардың шығармаларын ұсынады.

6 қазан күні сағат 12.00-де С.Прокофьевтің «Петя мен қасқыр» симфониялық ертегісі мектеп жасына дейінгі үлкен балалар мен 1-5 сынып оқушыларын симфониялық оркестр аспаптарымен таныстыратын болады. Балалар музыка әлеміне сапар шегеді: ертегінің әрбір кейіпкерінің өз тақырыбы бар, сол арқылы нақты бір музыкалық аспапты баяндайды. «Астана Опера» симфониялық оркестрі дирижер Руслан Баймурзинның жетекшілігімен өнер көрсетеді. Мәтін оқушы – Қырғызстанның Халық әртісі Сергей Матвеев, алғысөз – музыкатанушы Сәуле Мәулетова.

8 қазанда сағат 19.00-де «Классикалық музыка желісімен» концерті танымал Bel Canto музыкалық салоны топтамасының жаңа маусымын ашады. Кеш бағдарламасында опералардан ариялар мен дуэттер, батыс еуропалық композиторлардың белгілі әндері мен романстары шырқалып, аспаптық классика ұсынылады. Музыка сүйер қауымды театрдың керемет солистері, қазақстандық опера жұлдыздары: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Ниязова, Дина Хамзина, Мейір Байнеш, «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Капонова, Ержан Саипов өз өнерлерімен қуантпақ. Сонымен қатар елордалық көрерменге танымал аспапшылар: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов (скрипка), Раушан Бескембирова, Дана Әбдіқадырова (фортепиано) өнерін паш етпек.

12 қазан сағат 18.00-де «FORTE-TRIO шақырады» топтамасының аясында «Чайковский & Аренский: қос данышпан – қос тағдыр» концерті өтеді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «FORTE-TRIO» Мемлекеттік триосының құрамында: ұжымның көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев (фортепиано), Динара Базарбаева-Сахаман (скрипка), Мұрат Нарбеков (виолончель) өнер көрсетеді. Осы кеште ұлы композитор П.Чайковскийдің Триосы, op.50 және шығармашылығының қалыптасуына классиктің зор ықпалы тиген оның кіші замандасы А.Аренскийдің Триосы, ор.32 орындалады.

17 қазан күні сағат 19.00-де Жастар жылы аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының Камералық хоры «Жастар – ел тірегі!» топтамасынан Next Generation жаңа жарқын бағдарламасымен өнер көрсетеді. Музыкалық кеште Қазақстан, Швеция, Ұлыбритания, АҚШ, Литва, Словения, Польша, Түркия, Палестина, Үндістан, Колумбия, Венесуэла, Бразилия композиторларының туындылары орындалады, шетелдік авторлар шығармаларының бір бөлігі Қазақстанда алғаш рет шырқалмақ. Жоба авторы, көркемдік жетекшісі әрі дирижері – халықаралық байқаулардың лауреаты, хор олимпиадаларының жеңімпазы «Мәдениет қайраткері» Гүлмира Құттыбадамова, дирижерлер – Ержан Сансызбаев, Ерболат Абылай, Индира Айтберген, Альфия Калауп, Айсұлу Амангелді, Шырын Ахмеджанова, Мадияр Қапанов, Ардақ Мантай, Ажар Ысқақова, Әйгерім Сабырова.

20 қазанда сағат 12.00-де жас театрқұмар жеткеншектердің назарына қазақ тілінде «Ішекті аспаптар отбасы» тамаша концерті ұсынылады. Бағдарламада музыка, жүргізушінің сөзі, жұмбақтар мен театрлық көрініс біріктірілген. Ойын үлгісінде балалар музыкалық аспаптардың құрылғысымен, олардың дыбыстарымен танысады. Концертке «Астана Опера» оркестрінің әртістері қатысады. Музыкатанушы – Төлеген Назарбеков.

24 қазан сағат 19.00-де романтизм дәуірінің екі көрнекті композиторы – Франц Шуберт пен Сергей Рахманиновтың шығармашылығына арналған

Musica da camera камералық музыка кеші өтеді. Концерт бағдарламасында – Ф.Шуберттің Скрипка, виолончель және фортепианоға арналған триосы, ми-бемоль мажор, ор.100 орындалады. Австриялық композитордың музыкасында күшті лирикалық бастау бар, оның негізінде – адамның ішкі күйзелісі жатыр. Ол –– вокалдық баллада және романтикалық миниатюра (экспромттар мен музыкалық кезеңдер) сынды жаңа жанрлардың  бастамашысы. С.Рахманиновтың Виолончель мен фортепианоға арналған сонатасы, соль минор, ор.19 шырқалады. Композитор шығармашылығына тән терең лирика, бейнелілік, жанға жақындығы мен кең ауқымды мол бояулар, қайратты ырғақ орыстың нағыз шынайы мол әуендерімен тамаша үйлескен. «Астана Опера» Камералық залының сахнасында осы кеште халықаралық байқаулардың лауреаттары Ермек Магавин (скрипка), Ермек Құрманаев (виолончель), Гүлжанат Жанатаева (фортепиано) өнер көрсетеді.

30 қазанда сағат 19.00-де «Бәрімізді тоғыстырған музыка» аспаптық концерті тыңдармандардың сүйіспеншілігіне бөленген «Музыкалық қиылыс» топтамасын жалғастырылады, кеште дарынды отандық және шетелдік әртістер ансамбльдік орындаушылық өнерінің нәзік қырын паш етеді. «Астана Опера» камералық оркестрі, оркестр солисі әрі концертмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, оркестр солисі «Мәдениет қайраткері» Айсұлу Байкенова (скрипка), Курванжан Ахатов (виолончель) және Ерлан Серкебаев (фортепиано) белгілі қазақстандық композитор Артық Тоқсанбаев пен әйгілі «аргентиналық танго патшасы» Астор Пьяццолланың шығармаларын орындайды. Мазмұнды концерт бағдарламасына А.Тоқсанбаевтың «Дала нақыштары» атты фортепиано, скрипка және виолончельге арналған триосы, А.Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жылдың төрт мезгілі» және «Танго тарихы» танымал топтамалары енген.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры