Итальяндық хас шебер Марио Стефано Пьетродарки «Астана Операда» өнер көрсетпек

Итальяндық хас шебер Марио Стефано Пьетродарки «Астана Операда» өнер көрсетпек

Итальяндық аспапшы Марио Стефано Пьетродарки бандонеонының сиқырлы да тылсым күші туралы бүкіл әлем біледі. 30 қазан күні айтулы аккордеоншы әрі бандонеоншы танымал қазақстандық музыканттармен бірге «Музыкалық қиылыс» топтамасынан «Бәрімізді тоғыстырған музыка» концертінде Камералық зал сахнасына шығады. «Астана Опера» Камералық оркестрі белгілі дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинның жетекшілігімен өнер көрсетеді.

 

«Музыкалық қиылыс» жобасы өзінің бірегей концерттік бағдарламаларын қоса алғанда, оған әлемнің әр бұрышынан келген арнайы музыкант қонақтардың зор қуанышпен қатысуының арқасында елорда тұрғындары мен қонақтарының көңілін баурап алды.

VII театр маусымында осы топтамадағы алғашқы концертті «Астана Опера» симфониялық оркестрінің солисі әрі концертмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, оркестр солисі Айсұлу Байкенова, виолончелист Курванжан Ахатов, сондай-ақ қазақстандық жас пианист Ерлан Серкебаев ашады. Кеш бағдарламасына танымал қазақстандық композитор Артық Тоқсанбаевтың шығармасы – фортепиано, скрипка және виолончельге арналған «Дала нақыштары» триосы мен әйгілі аргентиналық композитор Астор Пьяццолланың туындылары – «Буэнос-Айрестегі жылдың төрт мезгілі» және «Танго тарихы» енді. 

Дарынды музыканттар әрдайым ансамбльдік орындаушылық өнерін паш етуде.

Кеш қонағы – нәзік музыкалық талғамы бар керемет орындаушы Марио Стефано Пьетродарки көптеген ұлттық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы. 2001 жылы Францияның Лорьян қаласында өткен беделді World Trophy C.M.A. байқауының лауреаты атанған, 2002 жылғы маусымда ол «Premio Barocco» бағдарламасына шақырылған болатын; оның белгілі әнші Антонелло Руджеромен бірге Галлиполидегі концерті Rai 1 компаниясы арқылы таратылған. 2012 жылы Эрвин Шротт және Анна Нетребкомен бірге Германия, Англия, Данияның ірі қалаларында өнер көрсеткен. Сол жылы ол Андреа Бочеллидің қатысуымен «Live in Portofino» DVD-дискісін жазған.

Италиядан бөлек, Марио Стефано Пьетродарки Англия, Франция, Бельгия, Хорватия, Сербия, Германия, АҚШ, Польша, Португалия, Финляндия, Швейцария, Венгрия, Канада, Армения, Ресей, Босния және Герцеговина, Болгария, Түркия, Ливан, Беларусь, Қытайда концерттер берген, енді міне, Қазақстанда да өнер көрсетпек.  

Концерттің басталуы сағат 19:00-де

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры