Италия әлемнің қырық еліне «Абай» операсының көрсетілімін таратады

«Карло Феличе» театры «Абай» операсын әлемнің 40 еліне көрсететін болады. 8 қараша күні «Астана Опера» ұжымы гастроль аясында итальяндық театр сахнасынан ұлттық классика жауһары – А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсын көрермен назарына ұсынбақ. Спектакль қарсаңында қазақстандық солистердің, маэстро Алан Бөрібаев пен генуялық театр дирекциясының қатысуымен баспасөз жиыны өтеді. Гастрольдік бағдарлама 10 қараша күні Л.В.Бетховеннің №9 Симфониясымен жалғаспақ.

– Асқақ өнерді бағалаушылармен қайта қауышқанымызға әрі Италиядағы ең әдемі театрлардың бірі – генуялық театр сахнасында өнер көрсететінімізге қуаныштымыз. 2015 жылдан бастап біздің ұжым осынау итальяндық сахнада опера және балет спектакльдерін ұсынуда, сондықтан көрерменнің көзайымына айналып үлгердік, олар бізбен жаңа кездесулерді асыға күтеді, біз үшін бұл қуанышты жағдай. Шақырту үшін «Карло Феличе» театрының басшылығына алғыс білдіремін. Гастроль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 8-10 қараша күндері өтеді, – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» МОБТ директоры Ғалым Ахмедьяров.

Опера солистері, Симфониялық оркестр музыканттары, хор, балет және миманс әртістері, гримдеушілер, жарықтандырушылар, реквизиторлар мен сахна машинистері бүгін Италияның ауқымы бойынша алтыншы орын алатын Генуя қаласына аттанды.

– «Карло Феличе» театры 1827 жылы салынған, оның сахнасында әлемнің ең танымал дирижерлері мен әйгілі оркестрлері, беделді балет труппалары, атақты орындаушылар өнер көрсеткен. Оған шамамен 200 жыл болғанына қарамастан, «Астана Опера» сахнасында бар техникалық мүмкіндіктер генуялық театрда жоқ. Елордалық сахнаның «қалталар» деп аталатын үлкен бүйірлік кеңістігі декорацияларды жылдам ауыстыруға мүмкіндік береді, бұдан басқа солистердің киім ауыстыруы үшін де орын қалады. «Карло Феличе» театрында барлығы басқаша, біз сахнаның планшетін жауып тұратын төменгі платформаны пайдаланатын боламыз. Осылайша, декорациялардың ең ауқымды және ауыр салмақты элементтерінің бірі – Абай үйі «трюмде», яғни сахна астында орналасатын болады және сол жерден сахнаға шығарылып көрсетіледі. Жалпы алғанда, спектакль «Астана Опера» театрындағы түпнұсқа көрсетіліміндегідей ұсынылатын болады, соның ішінде көрермендер қойылымға қатысатын жануарларды да тамашалай алады – деп бөлісті «Астана Опера» көркемдік-өндірістік кешен жетекшісі Виктор Караре.

    

– Қазақ музыкасын шетелде ұсыну, ұлттық операны орындау – қазақстандық әртістердің басты мақсаттарының бірі. «Абай» операсы – ежелгі қазақ рухының, ата-бабаларымыздың тыныс-тіршілігінің айнасы. Біз, орындаушылар, спектакльдің барлық мән-мазмұнын еуропалық тыңдарманға жеткізуіміз керек. «Абай» операсының Германияда неміс тілінде орындалғанын білемін, бірақ қазақ тілінде бұл опера Италияда тұңғыш рет шырқалмақ. Шетелдік өнерсүйер қауым осы спектакльдің арқасында еліміз бен музыкамыз туралы мол мағлұмат алып, халқымыздың рухани әлемін ұғынып, тіпті Қазақстанға келуге деген қызығушылығы оянатынына кәміл сенемін, – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Абай партиясын орындаушысы Сүндет Байғожин.

Әнші аталған операда шетелде өнер көрсету бақыты бұйырғанына өте қуанышты екендігін де жеткізді.

– Барлық оқиға менің кейіпкерімнің төңірегінде өрбиді. Абай – қазақ халқы үшін аты аңызға айналған тұлға, ол – ұлы ақын, ұлттың рухани ұстазына айналған ағартушы, философ, сондықтан Абайдың бейнесін елімізде бірнеше рет сомдап жүргеніме қарамастан, аталмыш рөлді Италияда орындау мен үшін аса жауапты әрі толқыныс тудырады. Өнеріміз итальяндық көрерменнің көңілінен шығып, шетел халқының жүрегінде өшпес із қалдырады деген үміттеміз. «Абай» операсы әлемнің асыл қазынасына айналатындығына сенімдімін, – деп қорытындылады танымал әнші.

«Абай» опералық спектаклінде басты партияны орындаушылар: Абай – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сүндет Байғожин, Жанат Шыбықбаев; Ажар – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай; Айдар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұхамбетов және халықаралық байқаулардың лауреаты Мейір Байнеш; Әзім – Бейімбет Таңарықов, Рамзат Балакишиев; Жиренше – Евгений Чайников, Қазыбек Досмұхамбетов; Қарлығаш – халықаралық байқаулардың лауреаттары Татьяна Вицинская, Малика Минизини; Көкбай – Талғат Ғалеев, Ержан Саипов; Сырттан – Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян, Болат Есімханов; Нарымбет – Рамзат Балакишиев, Ерұлан Кәмел; Мес – Шыңғыс Расылхан, Хайдар Мұстапин. Симфониялық оркестрге Ахмет Жұбановтың шөбересі – атақты маэстро, осы спектакльдің қоюшы дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» бас дирижері Алан Бөрібаев жетекшілік етеді.

10 қараша күні «Астана Опера» театрының ұжымы гастрольдік бағдарламаны Л.Бетховеннің №9 Симфониясымен жалғастырмақ. Шиллердің «Шаттық» одасының мәтініне жазылған симфонияның хор финалы туындының идеясын барынша ашып көрсетеді. Кезінде цензура шарттары оданың «Бостандық» деген шын атауын ауыстырып, «Шаттық» деп бейтараптандырған. Сопрано – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, меццо-сопрано – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина және халықаралық байқаулардың лауреаты Татьяна Вицинская, тенор – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұхамбетов, баритон – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев және Сүндет Байғожин. Дирижер – Бетховеннің өмір сүріп, шығармашылығын шыңдаған Вена қаласында білім алған веналық классикалық мектеп өкілі Алан Бөрібаев.

– Атақты «Карло Феличе» театрында бірінші рет өнер көрсетіп отырған жоқпыз, әрбір әнші үшін бұл өте мәртебелі. Людвиг ван Бетховеннің №9 Симфониясын бұл жерде 2015 жылы ағылшын дирижері Джонатан Уэбтың жетекшілігімен Симфониялық оркестр және «Карло Феличе» хорымен бірге ұсынған едік. Аталмыш шығарма орындалуы жағынан күрделі болып табылады, алғаш рет осы туындымен 15 жыл бұрын таныстым. Мұнда солистердің, хор әртістері мен оркестр музыканттарының бірлескен жұмысы аса маңызды – орындаушылар біртұтас болуы қажет. Жетістікке жетуде белгілі бір сенімділігіміз бар, себебі өткен жолы бізді 4 рет биске шақырды, дегенмен босаңсуға әлі ерте. Музыкадан жақсы хабары бар әккі көрерменнің алдында қайтадан өнер көрсетіп, вокалдық мектебімізді танытатын боламыз. Бәрі жоғары деңгейде өтуін қалаймыз, сондықтан шеберлігіміз бен дарынымызды керемет паш етуге тиістіміз, – деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев.

Сондай-ақ концертке ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» бас хормейстері Ержан Дәуітовтың жетекшілігімен «Астана Опера» және «Карло Феличе» театрларының хор әртістері қатысады.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

 

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры