«Астана Опера» сахнасында танымал француз және қазақстандық музыканттар бас қоспақ

Атақты француз аспапшылары – скрипкашы Юг Борсарелло мен виолончелист Готье Эррманн өздерінің қазақстандық әріптестері, керемет музыканттар – скрипкашы Қаламқас Жұмабаева, альтист Толқын Қилыбаева және пианист Гаухар Тасбергеновамен бірге өнер көрсетеді. 26 қаңтарда «Астана Операның» Камералық залында «Париж – Астана: Дебюссиден Жұбановаға дейін» концерті өтеді.

Осы концертте қазақстандық музыканттар мен кеш қонақтары отандық композиторлар музыкасын және француз авторларының туындыларын орыйндайды. Бағдарламаға Ж.Бизенің «Кармен» операсы тақырыптарына фантазия, С.Рахманиновтың №1 элегиялық трио, соль минор, Г.Форенің «Пробуждение», Ж.Массненің «Таис» операсынан Meditation («Толғану»), К.Дебюссидің «Девушка с волосами цвета льна», Ғ.Жұбанованың №1 ішекті аспаптар квартеті, ре минор және К.Күмісбековтің «Поэмасы» енген.

– Бұл концерт «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасының аясында өтуде. Аталған бағдарламаның арқасында, мына біз, әртістер қазақстандық мәдениетті елімізде, сонымен қатар шетелде танытып, асқақтатудың керемет мүмкіндігіне иеміз. Концерт ұлы композиторлардың, соның ішінде К.Дебюсси мен Ғ.Жұбанованың шығармашылығына арналған. Әуелде, француз әріптестерімізге Ғ.Жұбанованың №1 ішекті аспаптар квартеті, ре минор, бірінші бөлімін орындауға ғана ұсыныс білдірген едік, себебі осыған дейін олар қазақстандық композиторлардың шығармаларын орындап көрмеген еді. Дегенмен, бұл әйгілі туындының үзіндісін естіген әртістер оны толығымен орындаймыз деп шешті. Концертке дайындалу барысында К.Күмісбековтің «Поэмасын» алғаш рет естіген виолончелист Готье Эррманн музыканың әсеріне бөленгені соншалық, енді, аспапшы бұл шығарманы өзінің тұрақты репертуарына қосуға ниетті,- деп бөлісті Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты, «Астана Операның» концертмейстері, фортепиано партиясын орындаушы Гаухар Тасбергенова.

Мариин театры оркестрімен келісімшартын аяқтаған скрипкашы Қаламқас Жұмабаева жаңа маусымда алғаш рет астаналық көрерменнің алдына шығады. Ол биыл классикалық және дәстүрлі музыка туындыларын үздік орындаушылардың тізіміне енді. Ал керемет француз музыканттары қазақстандық тыңдарманның көзайымына айналды, себебі скрипкашы Юг Борсарелло мен виолончелист Готье Эррманн бірнеше рет еліміздің түрлі сахналарында, сондай-ақ «Астана Опера» театрында өнер көрсеткен болатын.

Ерекше атап өтер жайт, концерттің барлық қатысушылары – XVII, XVIII және XIX ғасырлардағы көне аспаптарда ойнайтын жоғары деңгейлі музыканттар болып табылады.

Қазақстан мен Франция арасындағы берік мәдени байланыс көптеген жылдар бойы қалыптасуда. Өткен жылдың қазан айында маңызды оқиғалардың бірі орын алды – Парижде ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру» бағдармаласын орасан зор жетістікпен таныстырған еді, ал қазақстандық әртістер париждік үздік сахналарда өнер көрсетті. Өз кезегінде, француз музыканттары өнерлерін елімізде паш етпек, және «Париж – Астана: Дебюссиден Жұбановаға дейін» концерті осының жарқын дәлелі болмақ. Айтпақшы, музыканттар қазақстандық тыңдаушылар үшін көптеген қызықты бағдарламалар әзірлеген.

Атап өтер болсақ, бұл концерт «Туған жер» арнайы жобасының аясында 27 қаңтар күні Ақтөбедегі «Жұбановтар әлемі» атты жаңа мәдени орталықта өтеді.

Музыкалық кештер Франция Елшілігі мен Астана қаласындағы Француз Альянсының қолдауымен өтуде.

«Астана Опера» театрындағы концерттің басталуы сағат 19.00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры