Танымал қазақстандық әртістер романтикалық музыка жауһарларын орындамақ

«Астана Опера» жетекші солистері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Ниязова, Дина Хамзина, Нұрлан Бекмұхамбетов және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры Сыйлығының лауреаты Болат Есімханов «Романс пен операның романтикасы» концертінде өнер көрсетпек. «Музыка және оның шығарушылары» топтамасынан музыкалық кеш 2 маусым күні театрдың Камералық залында өтеді.

Әншілермен бірге сахна төріне керемет аспапшылар – «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің әртісі Зынхар Ахметбек (скрипка) пен халықаралық байқаулардың лауреаты Раушан Бескемпірова (фортепиано) шығады.

Тыңдарман қауымға романтикалық кезеңнің таңғажайып әрі рухани асқақ музыкасы ұсынылады. Оның тыңдаушылар мен музыканттар арасындағы танымалдылығы сезімге деген ерекше назарға, «жүрек тынысына», жеке реңктің басымдығына, айрықша шынайылығына, қанықтығына, идеялық әрі эмоционалдық тереңдігіне байланысты. Туынды кейіпкерінің ішкі жан-дүниесін айқара ашатын махаббат лирикасы үстемдік мәнге ие болады.

– Өнер синтезінің идеясы – музыкалық романтизмдегі әсемдіктің маңызды сәті. ХІХ ғасырдағы композиторлардың шығармашылығында әдебиетпен терең байланыстыр туындаған. Демек, осынау кеште ұсынылатын туындылардың көпшілігі А.С.Пушкиннің сөздеріне шығарылған. Айтар болсақ, 6 маусым күні поэзия әлемі ұлы классиктің туған күнін атап өтпек. Поэтикалық сөздің мәнерлілігі мен вокалдық музыка арасындағы нәзік қатынастың арқасында композициялар барынша нақтыланып, даралана түседі, камералық-вокалдық лирика және опера сынды жанрлар қарқынды түрде дами бастайды. Бейтарап «сүйемелдеу» болуын қойған аспаптық партия бейнелі мәнге ие болады, – деп атап өтті Раушан Бескемпірова.

Романс жанрын сүйіп тыңдайтын жандарға М.Глинканың «Я помню чудное мгновенье», «В крови горит огонь желанья», «Адель», Н.Римский-Корсаковтың «Редеет облаков летучая гряда», Р.Глиэрдың «Если жизнь тебя обманет», Б.Шереметьевтың «Я вас любил», А.Верстовскийдың «Старый муж, грозный муж», Г.Свиридовтың «Подъезжая под Ижоры», В.Власовтың «Фонтану Бахчисарайского дворца» және т.б. шығармалары қуаныш сыйламақ.

Концерттің қанық та қызықты бағдарламасына романтик композиторлардың операларынан ариялар мен көріністер енген. Камералық зал сахнасында П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан көріністер, «Пиковая дама» операсынан Лиза ариясы, Лиза мен Полина дуэті, М.Глинканың «Руслан мен Людмила» операсынан Боянның екі ариясы, С.Рахманиновтың «Алеко» операсынан Жас сығанның ариясы мен Қарттың әңгімесі т.б. ұсынылатын болады.

Скрипка мен фортепианоның орындауында П.Чайковскийдің «Мелодия», С.Рахманиновтың «Вокализ» сынды аспаптық музыкалары шырқалады.

Басталуы сағат 18:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры