Астана төрінде – жалынды аргентиналық танго

Тыңдармандардың көптеген сұрауы бойынша «Астана Операда» атақты аргентиналық композитор Астор Пьяццолланың жауһар туындылары ұсынылатын болады. 13 сәуір күні театрдың Камералық залында «Obra maestra Astor Piazzolla» концерті өтеді.

Құрамы Константин Стригин (баян), Кирилл Красюков (скрипка), Қайрат Арыстанов (гитара), Анатолий Якушкин (контрабас), Александр Малиновский (гармоника), Жәнібек Бекмәдиев (соқпалы аспаптар), Елена Сахнодан (фортепиано) тұратын «Ritmos de Amor» аспаптық ансамблінің әртістері композитор шығармаларының жарқын интерпретациясын орындайды.

Музыканттар қала тұрғындары мен қонақтарын Аргентина еліне тән рухты сезініп, керемет қуат алатын ұмытылмас кешке шақырады. Орындаушылардың сахналық тартымдылығы мен керемет шеберлігінің арқасында осы концерттерде болған әрбір адам олардың өнерін қайта-қайта тамашалағысы келеді.

Елордада алғаш рет бүкіл әлемге танымал «Мумуки», «Соледад», «Triunfal» туындылары шырқалады. Сонымен қатар, астаналық музыка сүйер қауымға жақсы таныс ұжым «Милонга», «Эскуало», «Аве Мария», танымал «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» топтамасынан «Күз», «Concierto para quinteto» (Квинтетке арналған концерт), «Addios Nonino» тәрізді шығармаларды әзірлеген. Бұған қоса, тыңдармандарды гитарада жеке орындау және скрипка мен гитараға арналған екі тамаша нөмір күтуде, оның ішінде «Танго тарихы» топтамасынан «Кафе 1930» да бар.

Өз Отанында «Ұлы Астор» ретінде танылған ХХ ғасырдағы әйгілі композитор джаз және классикалық музыка элементтерін қосып, танго жанрының ауқымын айтарлықтай байытты. Ол Солтүстік және Оңтүстік Америка, Еуропа мен Азия елдерінде тамаша өнер көрсетіп, туған жері Буэнос-Айрес музыкасының даңқын асқақтатты. Өмірінің соңғы 10 жылы ішінде А.Пьяццолла 300-ден астам танго, кинофильмдерге арналған 50 әуен, сондай-ақ театр қойылымдары мен балеттерге музыка жазды.

Концерттің басталуы сағат 19:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры