Бірлік – музыкада

«Астана Опера» шығармашылық ұжымы Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтпек. 1 мамыр күні театрдың Үлкен залында «Астана Операның» керемет жетекші опера солистері, Симфониялық оркестрі және хордың қатысуымен «Туған жерім – алтын бесігім!» атты мерекелік концерті өтеді.

Вокал жанрының хас шеберлері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұпар Ғабдуллина, Жәмиля Жарқымбаева, Бибігүл Жанұзақ, Жанат Шыбықбаев, Жан Тапин, Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Бейімбет Таңарықов, Татьяна Вицинская, Болат Есімханов, Малика Минизини, Елена Ганжа, Мәдина Исламова, Рамзат Балакишиев, Ержан Саипов, Азат Мәлік көрермендерге өз өнерлерін паш етеді. Ал халықаралық байқаулардың лауреаты Руслан Баймурзин домбырада күмбірлете ойнап, тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырмақ.

«Астана Опера» Симфониялық оркестрі және хоры. Дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Режиссер – Наталья Кагадий.

– Қазақстан халқының бірлігі күні – достық пен келісімнің керемет көктем мерекесі. Осынау күнге арналған «Туған жерім – алтын бесігім!» концертіміз сынды мәдени шаралардың маңызы зор. Бұл іс-шаралар тек қана қазақ халқының салт-дәстүрі мен өнерін көрсетіп қоймайды, сонымен қатар ұлан-байтақ жерімізге қоныс теуіп, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан өзге де этностардың әдет-ғұрпын таныстырады. Себебі біздің көп ұлтты елімізде 150-ден астам ұлт пен ұлыс бар. Әрбір қазақстандық үшін осы мейрам ең көңілді әрі сүйікті болып табылады, – деді «Астана Операның» бас хормейстері Ержан Дәуітов.

Кеш бағдарламасына қазақ композиторларының опера, ария, дуэт және әндерінен көріністер енген – А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан Тойбастар көрінісі, М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан Біржан мен Сараның дуэті, Е.Рахмадиевтың «Қамар-сұлу» операсынан Қамар мен Ахметтің дуэті, «Гаухар-тас» халық әні, Л.Хамидидің «Қазақ вальсі», Н.Тілендиевтің «Ақ сиса», Е.Хасанғалиевтың «Атамекен», С.Еркімбековтің «Дархан дала» және т.б. әндер бар. Көрермен қауымға Қазақстанда тұрып жатқан түрлі халықтардың өнері де ұсынылады. Н.Римский-Корсаковтың «Мамыр түні» операсынан Левко ариясы, У.Гаджибековтың «Кёр-Оглы» операсынан Нигяр ариясы, Т.Чухаджанның «Аршак» операсынан Аршак ІІ ариозосы, Л.Делибтың «Лакмэ» операсынан Гүлді дуэт, Ж.Бизенің «Кармен» операсындағы 4-актінің хоры және т.б. танымал шығармалар шырқалады.

Концерттің басталуы сағат 18:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры