Ресейде Қазақстанның Мәдениет күндері өтеді

Ресей астанасы Мәскеу қаласында Қазақстанның Ресейдегі Мәдениет күндерінің салтанатты ашылуы өтеді. Бұл туралы  ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова журналистермен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.   

Министрдің айтуынша, 7 қыркүйек күні  Ресей астанасы Мәскеу қаласындағы Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі негізгі сахнасында сағат 19:00-де «Астана Балет» театрының қатысуымен мәдениет күндерінің салтанатты ашылуы өтеді.  Сондай-ақ Ұлттық музей қорындағы жәдігерлердің көрмесі ұйымдастырылып, танымал опера әншісі Әлібек Дінішев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова, «Астана сазы» этно-фолькорлық ансамблі, есімдері Ресей жұртшылығына жақсы таныс жас таланттар Ержан Максим мен Данелия Төлешевалар ән шырқайды. – Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас өте жақсы дамып келеді.

Қазақстанның мәдениет күндерін өткізудегі басты мақсатымыз – Ресей жұртшылығын қазақ халқының өнерімен, дәстүрімен, мәдениетімен таныстыру. Ертең ашылатын шара РФ Мәдениет министрлігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2017-2019 жылдарға арналған мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту бағдарламасы аясында өтіп жатыр, – деді баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова. Министрліктің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, мерекелік бағдарламаны Қазақ сахнасы жұлдыздарының концерті жалғастырады. «Астана балет» театрының солистері бірнеше хореографиялық композиция орындайды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисті Нұрлан Бекмұхамбетов пен «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблі тыңдармандарға Лидия Русланова, Александр Малинин, Иосиф Кобзон және т.б. атақты орындаушылардың сүйікті шығармаларын ұсынады. Опера сахнасының жарқын және қайталанбас жұлдызы тек Қазақстанның ғана емес, Ресейдің де өнерді  жоғары бағалаушылар арасында танымал Салтанат Ахметова «Ұлы дала бұлбұлы» композициясын халықаралық конкурстардың лауреаттары Айзада Капонова мен Анастасия Кожухарова триосымен орындайды. «Голос. Дети-4» (Украина) теле жобасының жеңімпазы Данелия Төлешова француз әншісі ZAZдың «Jevoux» әнін тарту етеді. Бағдарлама аясында әлем мойындаған әнші Әлібек Дінішев Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін айтады. «TheJigits», «ElDivas» шығармашылық ұжымдары, қобызшылар триосы мен саңлақ домбырашы, халықаралық конкурстардың лауреаты Абылай Тілепбергенов мерекелік бағдарламаның көркін қыздырады. Сондай-ақ, 8-11 қыркүйек аралығында қазақстандық фильмдер көрсетілімі болады. 11 қыркүйек – Қазақстанның Ресейдегі  Мәдениет күндерінің жабылуында Әмір Тебенихиннің (фортепиано) және «Fortetrio» мемлекеттік триосының концерті П. И. Чайковский атындағы консерваторияның кіші залында өтеді. Айта кетейік, Әмір Тебенихин-көптеген халықаралық марапаттардың иегері және әлемнің басты концерт залдарында: Карнеги-Холл (Нью-Йорк), Мәскеу консерваториясының Үлкен залы, Вигмор-Холл (Лондон), Плейель және Корто залдарында (Париж) жиі өнер көрсетуші. Қазақстанның Ресейдегі  Мәдениет күндерін жаба отырып, Әмір Н. Меңдіғалиевтің «Домбыра туралы аңыз» және Ф. Листтің  «Соната си-минор» композициясын орындайды. «ForteTrio» мемлекеттік триосы тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де танымал камералық-аспаптық ансамбльдердің бірі. «ForteTrio» қазақстандық өнерді әлемнің ең беделді сахналарында паш етіп жүр, көптеген халықаралық музыкалық фестивальдарға қатысады. П. И. Чайковский атындағы консерваторияда олар Астор Пьяцолланың «Буэнос-Айрестегі жылдың төрт мезгілі» мен Арман Жайымның «Кероғлы» поэмасын орындайды. Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері 7-11 қыркүйек аралығында өтеді.

Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/reseyde-kazakstannyn-madeniet-kunderi-otedi_a3563410

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры