«Астана Операмен» бірге Тұңғыш Президент күні

«Астана Опера» маңызды мерекені – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күнін атап өтпек. 2 желтоқсан күні театрдың Камералық залында «Ел тірегі – Елбасы!» салтанатты концерті ұсынылады.

Мерекелік кешке «Астана Опера» солистері мен шақырылған вокалистер, соның ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибигүл Жанұзақ, халықаралық байқаулардың лауреаттары Татьяна Вицинская, Мейір Байнеш, Малика Мнизини, Елена Ганжа, Назым Сағынтай, Рамзат Балакишиев, Мағжан Аманжолов, Батыржан Смақов, Аяулым Молдағайымова және т.б. өнерпаздар қатысады.

Сондай-ақ Камералық зал сахнасында «Dolce» скрипкашылар ансамблі, Курванжан Ахатов (виолончель), Самғар Толқыханұлы (баян) сынды аспапшы музыканттар өнер көрсетеді. Фортепиано партиясында – халықаралық байқаулардың лауреаты Раушан Бескемпірова.

– Қазақстанда Тұңғыш Президент күні кеңінен аталып өтіледі. 1 желтоқсанда елімізде салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылады. Осындай тамаша мерекенің мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аса зор еңбегін атап өту. «Астана Опера» театрының опера солистері мен оркестр әртістері тыңдармандарға қызықты концерттік бағдарлама ұсынады. Көпшіліктің сүйікті халық әндері, романстар, қазақстандық авторлардың әндері, өткен жылдардың танымал композициялары, сондай-ақ кинофильмдерден музыкалар шырқалады, – деп атап өтті опера труппасының солисі Бибігүл Жанұзақ.

Елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына атақты қазақстандық сазгерлердің туындылары ұсынылмақ, атап айтқанда, Абай Құнанбаевтың «Айттым сәлем, қаламқас», Е.Брусиловскийдің «Менің Қазақстаным», М.Төлебаевтың «Бақыт вальсі», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан Абайдың ариясы, Л.Хамидидің «Бұлбұл», Е.Рахмадиевтың «Алтын аймақ», С.Еркімбековтің «Дархан дала», Н.Тілендиевтің «Баянауыл вальсі», О.Байділдаевтың «Туған жер» т.б. шығармалар шырқалады. Сонымен бірге музыканттар Т.Қажығалиевтың скрипкашылар ансамбліне ыңғайланған «Қыз қуу», С.Әбдінұровтың виолончель мен баянға ыңғайланған «Ордабасы» және т.б. керемет аспаптық шығармаларын орындайтын болады.

Еске салар болсақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтыру енгізу туралы» ҚР сенатымен 2011 жылдың желтоқсан айында қабылданған заңға сәйкес құрылды. Елімізде 2012 жылдан бастап мереке аталып өтуде. 1 желтоқсан күні кездейсоқ таңдалған жоқ, бұл күннің ел тәуелсіздігі тарихында елеулі маңызы бар. 1991 жылғы қыстың алғашқы күнінде тұңғыш рет жалпыхалықтық Президент сайлауы өткен еді.

Басталуы сағат 17:00-де.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры