Серік Нақыспековтің «Спартактағы» дебюті

Хореографиялық училищенің бастауыш сыныптарынан бастап-ақ бұл партияны барша балет әртістері армандайды. Әрине, таңданатыны жоқ, себебі Спартак – балет репертуарындағы ең батыл да қайратты рөлдердің бірі. Халықаралық байқаулардың лауреаты, «Астана Опера» солисі Серік Нақыспеков үшін А.Хачатурянның атақты «Спартак» балетіндегі басты партияда дебют жасау – көздеген мақсатына жету болып табылады. Аты аңызға айналған хореограф Ю.Н.Григоровичтің қойылымындағы спектакль 24 қаңтар күні Үлкен зал сахнасында өтеді.

– Бұл менің алғашқы жетекші партиям, оны тәлімгер-ұстаз, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинскиймен бірге дайындап жатырмын, әріптестерім, соның ішінде, балеттің жетекші солисі Бақтияр Адамжан қолдап, күрделі хореографияның қыр-сырын түсіндіріп, бағыт беруде. Менің кейіпкерім үш акт бойы сахнада болады, демек, әртістің денесіне ауқымды күш түседі деген сөз. Бұл жерде секірулер, дуэттердегі демеулер өте көп, бірақ күрделі техникалық элементтерді орындаумен қатар, әрдайым ойын үстінде болу қажет, бейнесі жасап, би тілі арқылы драмалық оқиғаны жеткізу керек. Мысалға, екінші монолог – гладиаторды өлтіру сәті – өте әсерлі, бұл көріністе мен жан досымнан айырылу қайғымды ортаға саламын. Бейнені жасау үшін тек дайындық залында ғана жұмыс жасамаймын. Үйде жүріп те, Спартактың ішкі жан-дүниесін қалай жеткізсем деген ойға шомамын. Бір аңғарғаным, тіпті түсіме де бұл партия еніп кеткен, – деп бөлісті Серік Нақыспеков.

Терең мазмұнға ие «Спартак» балеті – шапқыншылық пен жәбірленушілікке қарсы күрес, трагедиялық қайтымсыз ашу, өшпес ерлік туралы шынайы поэма. Бұл хореографиялық жауһар туынды музыка, хореография және сурет өнерлерінің шынайы үйлесімділігінің үлгісі болып табылады. Міне, бірнеше онжылдықтар бойы «Спартак» балеті әлемнің көптеген театр репертуарының бет бейнесі болып келеді.

«Астана Операның» афишасында алғаш рет бұл балет-эпопея 2014 жылдың 6 маусымында пайда болды. Өлімнің, азап-қайғы мен қантөгістің шынайы көрінісі, сонымен қатар куртизанка бикештердің барынша емін-еркін билері қойылымды әлдеқайда бірыңғай емес етеді. Бас қаһарман еш күдіксіз, көрмей-білмей, өзінің досы-гладиаторды өлтірген кезде, көрермен онымен бірге уайымға кетеді. Гладитор досын «Астана Опера» сахнасында тұңғыш рет Айбар Тоқтар сомдайды.

Басты партияларды танымал қазақстандық әртістер әзірлеуде. Фригия – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Басбаева, Эгина – Әсел Шайкенова, Красс – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Ғатауов.

«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова.

«Астана Опера» симфониялық оркестрі мен әйелдер хоры, дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжаханов, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Басталуы сағат 19.00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры