«Астана Опера» ең жас әртісінің дебюті

«Астана Опера» К.Орфтың атақты «Кармина Бурана» сахналық кантатасының театрландырылған орындауын ұсынады. 21 ақпан күні театрдың Үлкен залында тенор партиясында ең жас әртіс – «Астана Опера» балалар студиясының солисі Қажымұрат Еркін алғаш рет сахна төріне шығады.

Он жасар балалар студиясының тәрбиеленушісі толыққанды жеке нөмірмен солист ретінде қойылымға қатысып, дебют жасайды – міне, Қажымұрат Еркін дарындылығының бірегейлігі осында жатыр. Жас әртіс бұрын Дж.Пуччинидің «Тоска» операсында Бақташы бала рөлін, «Богема» операсында солоны орындаған, бірнеше рет аға буын әріптестерімен бірге түрлі концерттік бағдарламаларға тең қатарлы қатысқан. Маэстро Абзал Мұхитдиновтың пікірінше, Карл Орфтың осындай бірегей бала-әртісі болған жағдайда, ол бұл партияны оған арнап жазар еді. Қазірдің өзінде Қажымұрат Еркін жоғары кәсібилілігін, әртістігін, айрықша музыкалық қабілеттері мен зор әлеуетін көрсетуде.

– Қажымұрат Еркін қарапайым емес вокалдық партияны керемет игеріп қана қоймай, жаңа сахналық бейнені де жасауда. Мұндай тәжірибе өмірде бұрын-соңды болған емес, яғни тенорға арнап жазылған рөлді бала даусы орындамаған, – деп атап өтті режиссер Наталья Кагадий.

К.Орфтың ең танымал шығармасы симфониялық оркестр, хор, балалар хоры мен опера труппасы жетекші солистерінің орындауында шырқалады. Сопрано партиясын Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова, баритон – халықаралық байқаулардың лауреаты Талғат Ғалеев ұсынады. Дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, режиссер – Наталья Кагадий, балалар студиясының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова.

К.Орф либреттосының негізінде ортағасырлық аттас поэзия жинағынан алынған латын және көне неміс тілдеріндегі жиырма төрт өлең жатыр. Сахналық кантата бүгінгі күні де өзекті болған тақырыптардың кең ауқымын қамтиды: өмірдің қас қағым сәті, табыс пен байлықтың тұрақсыздығы, көктемнің қайта оралуына қуану, асқақ махаббат және пенделік қуаныш пен рахаттан ләззат алу.

Ежелгі римдіктердің тағдыр мен сәттілік әйел-құдайы Фортунаның музыкалық бейнесі кантатаны ашып, қорытындылайды. Өзіне сәттілікті тарту үшін адамдар барлық күш-жігерімен оның рақымшылығын табуға тырысқан. Әйел-құдайлардың ішіндегі ең құбылмалы жебеуші көзі байланған, қолында молшылықтың қайнар көзі бар, дөңгелекте отырып салтанат құрған сұлу да жас әйел бейнесінде сипатталған. Оның бейнесінің әрбір белгісі жасырын астары бар өзіндік символға айналды. Байлық, берекенің қайнар көзі болған мүйіз мол астықты, бақытты, сәттілік пен әл-ауқатты білдіреді. Үнемі қозғалыста тұратын дөңгелек өмірлік алмасу, өзгерістерді бейнелейді. Көздегі таңғыш адамға да, сондай-ақ адамдарды жақсы-жаман, кедей-бай деп бөлмейтін, молшылықты кімге таратып жатқанын көрмейтін әйел-құдайға да бағынбайтын тағдыр таңдауының белгісі. Тағдырды алдын-ала болжау, білу немесе жорамалдау мүмкін емес.

– Осы өнер көрсету әдеттегі қалыптасқан ұғымдағы спектакль емес. Бұл музыка, сөз, бейнеқатар өзара үйлесім тапқан, сахнаның бірегей техникалық мүмкіндіктері қолданылған сахналық іс-әрекет. Тыңдарман қауымға тағдырдың тауқыметі, Фортуна дөңгелегінің мәңгілік қозғалысы мен бастапқы нүктесіне қайта оралуы, адам өмірінің шарасыздық шеңбері туралы өсиет әңгіме ұсынылады. Басты әрекеттегі тұлға көрермен болмақ және айтылған оқиға өмірдің мәнісін жаңаша түсінуге шабыт берері мүмкін, – деп қорытындылады Наталья Кагадий.

Басталуы сағат 19.00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры