Шекспир бойынша дебют

«Астана Опера» сахнасында француз хореографы Шарль Жюдтың қойылымындағы Сергей Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балеттік спектаклінде дебют орын алмақ. 13 және 14 ақпан күні театрдың Үлкен залында дарынды балет әртісі Олжас Маханбетәлиев Тибальд партиясында алғаш рет өнер көрсетеді.

С.Прокофьевтің танымал балетінде Олжас Маханбетәлиев ашулы бұзақы әрі Капулетти әулетінің ар-намысын қорғаушысы – өзіндік ерекше жарқын Тибальдтың рөліне әзірленуде. Композитор кейіпкерлердің музыкалық бейнелерін, соның ішінде сұм, қатал Тибальдтың кейпін  партитурада айрықша мәнерлікпен жазған. Спектальдегі есте қалатын сәттердің бірі Тибальд пен Меркуционың қанқұйлы жекпе-жегі еді. Кейіпкердің мінез-құлқын би тілімен жеткізу үшін әртіске дененің дұрыс пластикасын, кең құлашты әрі амплитудалық қимылдарды пайдаланып, ым-ишара мен бастың әрбір қимылдары кезінде оның сымбаттылығы мен ақсүйектігін көрсету маңызды.

– Тибальд – ақсүйек руының мұрагері, жастайын-ақ оны жақындарын қорғап, отбасының басты қамқоршысы болуға үйретті. Ол әрдайым сабырлық танытып, өзінің орны мен тәлім-тәрбиесіне сәйкес өзін лайықты ұстауға тырысады, алайда ол шектен тыс зор көкірек болып, салқындық көрсетуі де мүмкін. Жағдай оның бақылауынан шыққан сәтте табиғатынан өткір де қызу мінезінен Тибальд бұрқанып, «жарылады». Осылайша, ол талай дуэльдердің қатысушысы болады. Айта кетсек, жекпе-жек көріністері хореографиялық тұрғыдан өте күрделі, олардағы әрбір қимыл нақты, дәл болуы тиіс. Шарль Жюдтың қойылымында өте ұсақ техника жиі қолданылады, бұл еуропалық балет мектебіне тән сипат болып табылады әрі біздікінен көп өзгешеленеді, – деп атап өтті Олжас Маханбетәлиев.

Бойжеткен Джульеттаның партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Басбаева орындайды, оның сүйіктісі Ромео бейнесінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Ғатауов сахна төріне шығады. Меркуцио – Серік Нақыспеков, Парис – Еркін Рахматуллаев, Бенволио – Николай Коршунов. Балет труппасының көркемдік жетекшісі – әлемге әйгілі прима Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова.

«Астана Опера» симфониялық оркестрі спектакльдің қоюшы дирижері маэстро Джузеппе Акуавиваның жетекшілігімен өнер көрсетеді. Либреттоны Уильям Шекспирдің аттас трагедиясының желісімен Шарль Жюд жазған. Қоюшы суретші – атақты сценограф Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино, жарық бойынша суретші – Виничо Кели, проекциялар бойынша суретші – Серджио Металли.

Басталуы сағат 19:00-де.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры