«Евгений Онегин» операсындағы Ленский мен Гремин дебюттері

30 және 31 наурызда «Астана Операда» П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин» жауһары сахналанады. 31 наурыз күні Ленский партиясында алғаш рет Үлкен зал сахнасына театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұхамбетов шықса, князь Гремин бейнесінде осы күні «Астана Опера» солисі Евгений Чайников дебют жасайды. Спектакль театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен өтеді.

Кемеңгер П.И.Чайковскийдің арқасында «Евгений Онегин» қаһармандары әдеби ғана емес, сондай-ақ музыкалық классиканың да бөлігіне айналды. Қызба әрі романтикалық ақын Ленскийдің бейнесі – отандық тыңдармандар үшін ең сүйікті опералық кейіпкерлердің бірі. Шаттанған, сонымен қатар жаны нәзік опера қаһарманы сыршыл әрі терең драмалық болып табылады. П.И.Чайковскийдің өзі болса, қайғылы жағдайлар мен ақсүйектер қоғамындағы жөн-жосықсыз талаптардың кесірінен дарынды жас жігіттің қазасы бірмезетте қайғылы әрі әсерлі деп пікірін білдірген.

Осынау сан қырлы партияның өзіндік баяндалуын «Астана Опера» жетекші солисі тенор Нұрлан Бекмұхамбетов ұсынатын болады. Ленскийдің рөлін ол консерваторияны тамамдаған соң Саратов академиялық опера және балет театры сахнасында орындаған еді, сол кезден бастап аталмыш партия оның барлық шығармашылық жолында оған серік болуда. Осылайша, Ленский бейнесіндегі Нұрлан Бекмұхамбетовтың керемет өнеріне Мәскеу, Қазан, Йошкар-Ола, Сыктывкар, Самара және т.б. қалаларда қошемет көрсеткен.

– Ленский – қамсыз Ольгаға ғашық болған ақын әрі суретші, жүрегі тулаған жас жігіттің қайғылы бейнесі. Операдағы іс-әрекеттің өрбуіне қарай, достық пен махаббат арасында дау-дамай туындайды. Менің кейіпкерімнің қайғысы өзінің жан досы – Онегиннің сатқындығында ғана емес, сүйікті қызының сезімдері соншалықты терең болмауында жатыр. Бұл партияны орындауда көптеген аса нәзік ерекшеліктер бар, тыңдарман қауымға бейнені вокалдық әрі актерлік шеберлік тұрғысынан жеткізіп, кейіпкерімнің бойындағы аса қанық эмиоциялары паш ету мен үшін өте маңызды, – деп атап өтті Нұрлан Бекмұхамбетов.

Осы кеште «Астана Опера» солисі, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» құрметті медалінің иегері Евгений Чайников та дебют жасайды. Әртіс Татьянаның сүйікті әрі адал күйеуі – князь Греминның партиясын әзірлеуде. Кейіпкердің бейнесі сезімдерінің шынайылығымен, жылулығымен, ішкі сезімінің жомарттығымен, сондай-ақ мейірімі мен жас жұбайына деген көзқарасымен жүректі жаулап алады.

30 наурыз күні Владимир Ленскийдің бейнесіндегі өзіндік интерпретациясын «Астана Опера» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Италия жұлдызы орденінің кавалері Медет Чотабаев ұсынса, князь Гремин рөлінде театрдың жетекші солисі, Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян өнер көрсетеді.

Евгений Онегиннің басты партиясына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев пен Алексей Исаев (Ресей) әзірленуде, Татьяна рөлінде Галина Чеплакова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова өнер көрсетпек. Ольга – Татьяна Вицинская, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, Ларина – Гүлжанат Сапақова, Күтушісі – Баян Жүсіпова, Салтанат Мұратбекова, Трике – Рамзат Балакишиев, Зарецкий – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Ержан Саипов, Рота бастығы – Шыңғыс Расылхан, Нұрлыбек Қосбармақов.

Либреттосын А.С.Пушкиннің өлеңмен жазылған аттас романы бойынша К.Шиловский мен П.Чайковский жазған. Қоюшы режиссер, сценограф – Давиде Ливермор. Қоюшы сценограф – Франческо Калканини, костюмдер бойынша суретшілер – Софья Тасмағамбетова, Павел Драгунов, жарық бойынша суретші – Винченцо Рапони. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, қоюшы хореограф – Елена Шерстнева. Қоюшы режиссердің ассистенттері – Джанкарло Юдика Кордилья, Аня Рудак, Еренбақ Тойкенов. Жобаның техникалық жетекшісі – Виктор Караре. Бейне проекцияларды жасаушы – «D-WOK» ЖШС. Балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова. «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хоры.   

Спектакльдердің басталуы сағат 19:00-де.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail. com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры