«Турандот» операсындағы дебюттер

21 және 23 желтоқсан күндері тыңдарман назарына Дж.Пуччинидің «Турандот» ғаламат операсы ұсынылады. Бұл күндері «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында бірқатар маңызды дебюттер орын алмақ.

23 желтоқсан күні нәзік әрі сезімтал Лиудың партиясында театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті әнші-сопрано Салтанат Ахметова өнер көрсетеді.

– Алдымда қызықты да күрделі міндет тұр: ол – техникалық жағынан күрделі вокалдық бөлігін ескере отырып, осынау сан қырлы бейнені актерлік тұрғыдан ашу. Кейіпкерімнің жан дүниесінің әсемдігін ән арқылы көрсете білу өте маңызды. Оның мейірімділігі мен қайсарлығы құрметтеуге тұрарлық: Калафқа деген жауапсыз сезімі үшін өз өмірін қиюға дайын. Қорғансыз Лиудың ерлік ісі ханшайым Турандотқа махаббаттың не екенін ұқтырады, – деді Салтанат Ахметова.

Желтоқсанның 21 және 23 күндері ұлы аспаз Понг пен ұлы кеңесші Пингтің партияларын керемет жас вокалистер Рамзат Балакишиев пен Ержан Саипов ұсынбақ. Калафтың бейнесінде шақырылған солистер: 21 желтоқсан күні Паоло Лардиццоне (Италия), 23 желтоқсан күні Константин Андреев (Украина) алғаш рет елордалық сахна төріне шығады.

21 желтоқсанда күң Лиудің рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай өнер көрсетеді. 21 және 23 желтоқанда басты партия – тәкаппар ханшайым Турандотты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина орындайды, қытай императоры Альтоум – Ақылбек Табынбаев, тағынан айырылған татар ханы Тимур – Болат Есімханов, Мандарин – Шыңғыс Расылхан, ұлы көрікпел Панг – Ерұлан Кәмел.

«Астана Опера» симфониялық оркестрі және хоры, қоюшы дирижері – театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, атақты маэстро Алан Бөрібаев, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Қоюшы режиссер – Давиде Ливермор (Италия), қоюшы суретшілер – Софья Тасмағамбетова, Павел Драгунов. Жарық бойынша суретші – Винченцо Рапони (Италия), проекциялар бойынша суретші – Карло Каморали («D-wok» компаниясы). Қоюшы режиссердің ассистенттері – Наталья Кагадий, Еренбақ Тойкенов. Балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова.

Спектакльдің басталуы: 21 желтоқсан сағат 19:00-де, 23 желтоқсан – сағат 17:00-де.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры