Маэстро Алан Бөрібаевтың қос мерейтойы

«Астана Опера» театрының бас дирижері, әлемге танымал маэстро, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев қос мерейтойды – 40 жасқа толуы мен халықаралық шығармашылық қызметінің 20 жылдығын атап өтпек.

https://www.youtube.com/watch?v=eXo-Bvgt0a4&t=2s

Оның кең ауқымды репертуары таңдандырмай қоймайды: ол симфониялық музыкамен әрі опера театрымен бірдей әуестеніп, барокко дәуірі мен веналық классиктердің, ХХ-ХХІ ғасырдағы романтиктер мен композиторлардың шығармаларын интерпретациялайды. Оның қойылымында әлемнің түрлі елдеріндегі театрларда сахналанған Р.Вагнер, В.А.Моцарт, Ж.Бизе, Дж.Верди, Дж.Пуччини, Р.Штраус сынды композиторлардың опералары сыншылармен жоғары бағалануда.

Ауқымды опералық спектакль қойылымдарынан бөлек, маэстро өзінің туған театрында бүкіл әлем бойынша резонанс тудырған орасан жобаларды іске асырды. Оның жетекшілік етуімен тұңғыш рет Қазақстанда Г.Малердің ғаламат Сегізінші симфониясы шырқалды. Қазақстан мен Италиядан екі жүз қатысушы – 20 хор, бес симфониялық оркестр, солистер – дирижер қолының қимылдарына, оның шексіз жігері мен күш-қуатына бағына отырып, музыканы асқақтатты. Оның есімі британ композиторы Карл Дженкинстің «SHINE ASTANA» салтанатты одасының алғашқы орындалу тарихына енді. Мыңдаған көрерменнен құралған аудитория атақты маэстро Алан Бөрібаевтың жетекшілігіндегі мыңнан астам музыканттың орындауында сахнадан төгілген әуеннің рахатына бөленді.

Оның дирижерлік таяқшасының сермеуімен түрлі ел оркестрлері жоғары деңгейде жұмыс жасайды. Дирижер Алан Бөрібаевтың шығармашылық келбетінде сенімді кәсіпқойлық, зор темперамент, жоғары интеллект, сонымен бірге кез келген оркестрді еліктіріп әкететін әртістік шеберлік, тартымдылық, харизма тамаша үйлесім тапқан. Ол бес тілді керемет меңгеріп, Германия, Англия, Италия, Франция, Грекиядағы музыканттармен, көрермендермен олардың ана тілінде еркін сөйлеседі.

Алан Бөрібаевтың негізгі еңбектерінің бірі ретінде оның шетелде ұлттық репертуарымызды насихаттауын айтуға болады. Оның арқасында әлем А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсын біліп, жоғары бағалады. Ол оны Германияда, Италияда қойған және осы опера кез-келген батыс опералық театр репертуарының көркіне айналатынын нық сеніммен айтуға болады әрі маэстроның пікірінше, дәл осы опера арқылы қазақ халқының мәдениеті мен тарихын тануға болады.

Маэстроның барлық елеулі еңбегін тізіп шығу қиын, тек бір айтатыны – музыка оған бағынышты, оның бойында мол шығармашылық күш-қуат, жаңа нәрсені ашуға деген шынайы ынтызарлық қасиеті бар, сондықтан Алан Бөрібаев батыл қимылдайды әрі өзінің барлық бастамаларында жетістікке жетеді.

 

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры