Давиде Ливермор: Опералардағы кейіпкерлердің алдағы тағдыры қалай болар екен деген сұрақ мені жиі толғандырады

Асыға күткен «Евгений Онегин» операсының премьерасына санаулы күндер қалды. Аталмыш опера екі ғасыр бойы әлемнің музыкалық театрларының сахнасынан түспей келеді. Бұл туындыда композитор П.Чайковский пушкиндік Татьянаның асқақ сезімі мен жан-дүниесінің әсемдігін жырлаған. Атақты итальяндық режиссер Давиде Ливермор мен аты әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаевтың баяндауында 8 және 9 ақпан күндері «Астана Опера» сахнасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен осынау керемет операның премьерасы ұсынылады.

Қоюшы режиссер Давиде Ливермор мен «Астана Опера» арасында достық қарым-қатынас орнады. Оның астаналық театрмен алғашқы ынтымақтастығы Д.Ливермор 2017 жылы Пласидо Домингоның беделді «Опералия» вокалдық байқауында қазылар алқасының мүшесі болғанда басталған еді. Ол кезде итальяндық режиссер Қазақстанда мәдениеттің жоғары деңгейде дамығандығын атап өткен болатын, сондай-ақ Д.Ливермор «Астана Опера» театрының бірегейлігі туралы айтты. Өткен жылы жазда ол «Астана Операда» Дж.Пуччинидің «Турандот» операсын қойды, ал қазір П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» спектаклі бойынша жұмыс жасауда.

– «Астана Операда» жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Мұнда әрбір мәдени оқиғаға зор тебіреніспен қарайтыны қуантады. Мәселен, барлық қойылымдық жұмыстар барысында министр Арыстанбек Мұхамедиұлымен бірнеше рет кездестік, ол «Евгений Онегин» операсы дайындығының шығармашылық үдерісіне белсене қатысты, және де біз бірге музыка ойнадық, министр – керемет музыкант, – деді Давиде Ливермор.

«Евгений Онегин» бе әлде «Татьяна Ларина» ма?

Роман мен операның атауы бір, дегенмен П.Чайковский басты кейіпкерлердің алғашқы мінез-сипаттарын сақтай отырып, Татьяна Ларинаға басымдық бергені және әуел баста операны осы кейіпкердің есімімен атағысы келгені мәлім. Опера көріністері лирикалық кейіпкерлердің жан толғанысын бейнелеп, олардың сезімдерінің тереңдігіне ерекше назар аударған. Әрбір көрермен өздерінің жеке басындағы сезімдері мен жан тебіреністерін осынау музыкалық туындыдан көре алды, ал драманың қаһармандарын жанына жақын адамдар ретінде қабылдайды – П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсының жетістігі осында жатыр.

Қоюшы режиссер Давиде Ливермор «Евгений Онегин» операсын көптеген ұрпақ үшін сезімдерді тәрбиелеудің іргелі де маңызды бөлігі болып табылады деп санайды.

– Спектакльді тамашалаған соң көрермендердің осынау тарихтың бүгінгі таңда да өзекті екенін әрі жүректерімізді тебірентіп, сезімдерімізді толқытты деп айтқанын қалаймын. Бұл қойылымда Татьянаның ішкі жан дүниесін көреміз. Жас қыздың осы өмірде нені жоғалтып, нені тапқанын түсінетін, кемелденіп, ақыл тоқтатқан әйелге қалай айналғанын білеміз. Осының бәрі шексіз кемелдену сезімімен орын алады. Сондай-ақ, жұрттың назары Татьянаның ішкі әлемін баяндауға дәл бағытталғанын қалаймын, – деп түсіндірді режиссер Давиде Ливермор.

Бұл үшін қоюшы режиссер операның басын партитурада жоқ жаңа көрініспен толықтырды: күні өтіп бара жатқан кәрі Татьяна өмірінің сәттерін қорытындылап, жүрегінің бір бұрышына сақталған әрі тағдыр жолында тебіреніске толы күшті сезімдерді тудырған махаббат тарихын есіне алады.

Қоюшы дирижер Алан Бөрібаев П.Чайковскийдің романды қолға алып, одан операға арналған либреттоны жасау арқылы үлкен жауапкершілікті сезінгенін атап өтті, себебі пушкиндік «Евгений Онегиннің» танымалдылығы әрдайым ерекше зор болды.

– Композитор операны романның дүниеге келген сәтінен бастап шамамен 50 жылдан кейін, яғни 1877 жылы жазған. Чайковский операға, негізінен, Татьянаның бейнесімен байланысты 7 көріністі қосқан, себебі сазгер үшін Татьяна басты кейіпкер болып табылған. Осылайша, композитор операны Татьянаның хаты көрінісінен жазуды бастаған. Операның үштен екі бөлігі тез жазылды – 1877 жылдың жазында жасалды. Операның келесі бөлігін сазгер өзінің үйлену тойына байланысты қарбаластың кесірінен тек келесі жылдың ақпан айында аяқтай алды.

Дайындық сәттерінде маэстро операдағы әрбір қаһарманның өзіндік музыкалық бейнесі бар екенін түсіндірді.

– Ленский пайда болатын сәттерде оркестрді қыздыра түсемін, себебі ол өте қызба мінезді, ал арсыз, мейірімсіз Онегин бар көріністерде керісінше оркестрді суық күйге дейін түсіріп, салқындатамын, Пушкиннің өзі айтқандай: «Екеуі кездесті. Толқын мен тас, Өлең мен қара сөз, мұз бен жалын».

Қоюшы дирижердің түсіндіруі бойынша, композитор операның орындалуын консерваторияға сеніп тапсыру туралы Николай Рубинштейнге жазған, себебі өмірдің мән-жайын әлі біле қоймайтын жас студенттер осы операға лайықты деп есептеген. Алайда операның тағдыры басқаша жазылған, бүгінде ол әлемнің барлық жетекші театр сахналарының сәнін келтіріп, дүние жүзіндегі ең сүйікті опера туындыларының бірі болып табылады.

Сахна сиқыры

Әзірге қоюшылар операның мазмұны бойынша жұмыс жасап жатқанда, театрдың барлық өндірістік цехтары спектакльді безендіру бойынша еңбек етуде.

Көркемдік-өндірістік кешеннің жетекшісі Виктор Караре қажырлы дайындық барысы жарты жылға жуық уақытқа созылғанын атап өтті.

– Қойылымдағы бай табиғат сәулет өнерімен керемет үйлесетін болады. Спектакль бейне проекцияларға толы. Басты кейіпкерлер тұратын үйлердің бірінде терезенің орнына LED-экрандар монтаждалған, одан әсерлі де қанық бейнелер көрсетіледі. Қойылымға жануарлар да қатысады, мысалы, дуэль көрінісінде жылқылар болады, сондай-ақ көрермен жылқылар жегілген күймені де тамашалайды. Бұдан бөлек, жарық бойынша дизайнердің де жұмысы көрерменге қызықты болмақ, ол сахнаны толтырып тұрған ауқымды декорацияларды тиімді көрсете білген. Әлбетте, аудиторияға плафоны бар көлемді аспашам ілінген интерьер ерекше әсер етеді, сондай-ақ үстінде жұптасып билеген жастары бар айналмалы үлкен шеңбер де таңғалдырады, ал бар көріністі көлемді айна толықтырып тұрады.

Костюмдер бойынша суртешілер Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов «Евгений Онегин» операсын бірінші рет қоюда. Олар осы қойылым үшін 250-ге жуық костюм әзірлеген, оның үстіне 1820 жылғы технологияны сақтай отырып, тарихи тігісті пайдаланды, осылайша костюмдер сол замандағы киім үлгілерін қайта жаңғыртқандай болды.

Қоюшы суретші Софья Тасмағамбетованың жасаған әйелдер костюмдері барлық үш бөлімде де алуан түрлі болды. Шаруа әйелдерінің көйлектері аса қымбат көрінді, олар ерекше өңделіп, әшекейленген. Егер басты партияларды орындаушылар туралы айтар болсақ, көрерменді бірте-бірте қызықтыра түсуге бел будық.

– Спектакльдің қандай стильде екенін түсіну үшін классикалық пушкиндік заманды көз алдыңызға елестету жеткілікті. Бәрі қарапайым әрі жай басталады: костюмдердің үлгілері, әшекей-өңдеулері бақшадағы көрініске сай келеді, барынша мол, сән-салтанатты, күрделі костюмдерді Татьянаның туған күні мен Греминның балынан көруге болады, осы көріністің костюмдерін тігу үшін 300 метр органзаны көк түстің сан-алуан реңктеріне боядық. Оның үстіне, әуедей қалықтаған жеңілдікті жоғалтып алмау керек, себебі түстің өзі әжептәуір «ауыр». Менің сүйікті костюмдерімнің бірі күйеуге шыққан Татьянаның көйлегі болды. Бұл киімнен кейіпкердің терең ішкі жай-күйі көрініс тапқан. Алайда, кейіпкердің әрбір мінезі, оның жасы мен әлеуметтік мәртебесі киген костюмдерінен айқын байқалатын болады. Мысалы, ерке назды, жеңіл мінезді Ольга айтарлықтай жарқын көйлектер киеді. Барлық әйелдер костюмдерінің ортақ ерекшелігі – көпқабаттылық пен үлкен көлем. Бұдан өзге, шамамен барлық көйлек қолмен безендірілген, – деді Софья Тасмағамбетова.

– Татьянаның туған күні көрінісінде біз А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романындағыдай 1820 жылға бейімделдік, бірақ Греминнің балы көрінісінде романдағы 1826 жылды емес, уақытты біраз өзгертіп, 1830 жылды көрсеттік. Себебі 30-жылдардағы костюмдер қызықты болған, сондай-ақ біз уақыттың қарама-қайшылығын көрсеткіміз келді. Бір қызығы, «Евгений Онегин» операсының барлық қоюшы суретшілері дәуірді 50-60 жылға кейін жылжытады. Тіпті тарихи спектакльдерді жасайтын суретшілердің өзі ХІХ ғасырдың соңын көрсетеді, себебі 1820 жылғы костюмдерді жасау қиынға соғады, ал 1870 жылғы үлгілер бәріне де жақын әрі түсінікті. Ал біздің көрермен түпнұсқаға барынша жақын сән бойынша тігілген фрактарды көре алады. Әртістердің қауырсындары бар күрделі көп ярусты шаш үлгілері мен париктері барлығына ерекше әсер етеді деп ойлаймын. Осынау шығармаға үлкен жауапкершілікпен қарап, операның шығу тарихын, барлық егжей-тегжейін ұзақ зерделедік. Барынша анық әрі дұрыс жасауға тырыстық, бұл қолымыздан келді деген үміттеміз, – деп түсіндірді Павел Драгунов.

Қоюшы режиссердің ойы бойынша костюмдер бойынша суретшілер бірқалыпты түстерді пайдаланған. Материалдар сол дәуірге толықтай сәйкес келеді: шұға, тафта, жібек және басқа да маталар. Сәнқой ерлер сол заманда 5-6 желеткені бірден киген, ал галстуктарын бірнеше сағат бойы байлаған, бірақ әртістер оны бір рет байлап, тез тағуы қажет. Бұл үшін суретшілер шағын театрлық қулықты іске асырған.

Театр бутафорлары да өздерінің шеберлік құпияларын сәтті пайдалануда. Олардың басты міндеті – әртістерге орындау кезінде реквизиттердің пайдалануға ыңғайлы болуын қамтамасыз ету. Мәселен, шаруаларға арналған 25 айыр мен тырнауышты жеңілдетілген түрде жасауда, бірақ құрал-саймандардың мықты болуын да қадағалайды. Ордендер мен медальдар жасау қажырлы еңбекті талап етті. Бұйымдар ұсақ болғанымен, өте шынайы болып әзірленген. Мұнда, іс жүзінде, орденге арнайы мәнерлі пішін беру үшін металды кесіп қана қоймай, жасанды тастармен әсемдеуді қамтитын зергерлік жұмыс та жүргізілді. Назар салып қарасақ, ортасында лакталған суретті де байқауға болады.

Операның либреттосына сәйкес Татьянаның туған күні мен бал көріністерінде қонақтар түрлі дәмнен ауыз тиеді. Піспенан жасау бейнетті жұмысқа айналды, олардың саны шамамен 800-900 дана. Күрделілігі – олар өте бедерлі, оларға папье-маше технологиясы негіз болған. Піспенанға түрлі-түсті бояулар жағылады, бутафорлардың айтуынша – бұл «крем», мұндай кезде олар өздерін аздап кондитер ретінде сезінеді.

Шебер әйелдер шілтермен әрленген романтикалық желпуіштер, әйелдер сөмкелері, тоқуға арналған себеттер, хрустальдан әзірленгендей болып көрінетін пластик бокалдар жасап шығарды. Бутафорияны дайындайтын ерлер үлкен шамдалдар, мүштіктер, жіңішке таяқтар, подностар, сағатқа арналған алқалар және, әлбетте, дуэльге арналған револьверлер әзірледі…

Жоғарғы нотада

Сахнада дуэль көрінісінің дайындықтары жүрігізілуде. Онегин мен Ленский қадамдарын санап, бір-біріне қаруларын көздеуде. Онегиннің партиясын Алексей Исаев (Ресей) және Талғат Мұсабаев дайындап жатыр.

Талғаттың айтуынша, бұл рөлді ол 24 жасында алғаш рет Ресейдің Үлкен театрында орындаған екен.

– Евгений Онегиннің партиясы өзіме әрқашан жақын болатын, дауысыма сай келеді. Бұл өте күрделі спектакль, онда барлығы мінсіз орындалуы тиіс. Онегиннің рөлі санқырлы, орындап шығу үшін шексіз еңбектене беруге болады. Жасы келген сайын адам көп нәрсеге қайта мән береді, адамдарға түрліше қөзқарастағы, тіпті өзін-өзі түсінбейтін менің кейіпкерім де солай. Бұл қаһарман өмірден алынған деп есептеймін. Опера кейіпкерлерін жағымды немесе жағымсыз деп бөлмей, әрқайсының басында өз тағдыры бар қарапайым адамдар ретінде қарауды жөн санаймын. Бұл спектакльді түрлі театрларда бірнеше рет орындадым, алайда ең үздігі біздің театрда болады деп ойлаймын, – деді Талғат Мұсабаев.

Оның әріптесі Медет Чотабаев өзінің сахнаға жолын ашқан Ленскийдің партиясын дайындауда.

– Консерваторияны тамамдағаннан кейінгі алғашқы партиям болатын, онымен дебют жасағанда бойымды толқыныс билегені сонша, кей сәттерде сахнадан қашып кеткім келген. Көп жылдар өткен соң, «Астана Операда» осы рөл бойынша жұмыс жасау барысында алдымда тек вокалдық тұрғыдан ғана емес, актерлік жағынан да өз кейіпкерімді ашу міндеті тұр. Қазір әртістер үшін ең қызықты дайындық кезеңі жүріп жатыр, мұндай шығармашылық жайлы жағдай маған да қуаныш сыйлайды. Оқиға барлығына мектеп қабырғасынан таныс болғандықтан, біз зор жауапкершілік сезінеміз, олай болса, сахнада көрермен қауымды сендіре алатындай таңғажайып дүние жасауымыз қажет.

Өзін осы операмен қайта қауыштырған музыкалық тағдырына риза болған Жан Тапин де Ленскийдің партиясына әзірленуде.

– П.Чайковскийдің музыкасы адам жанының нәзік қырларын жеткізеді. Ленский – ақын, романтик, ол өзінше бірегейлікке ие. Аталған рөлде сахна төріне ерекше тебіреніспен әрі құштарлықпен шығамын. Менің кейіпкерім дуэльде қаза табады, біле білсеңіз, өлім сәтін бейнелеу қашан да қиын, Ленский үшін уайымдап, оған жаным ашиды, әрдайым өзімді бейімдеп, бейнеге толықтай кіруге тырысамын. Сонымен қатар оның алғаш рет ғашық болуын, толқынысын жеткізу маңызды, осындай сахналар көрермендерді рухтандыратынын білемін.

Татьянаның басты партиясын Галина Чеплакова мен Айгүл Ниязова дайындауда.

Галина Чеплакова бұл рөлде алғаш рет сахнаға шығатын болса, Айгүл Ниязова осы партияда талай рет жарқырады.

– Бұл туындыны екі кемеңгер – А.С.Пушкин мен П.И.Чайковский жазған, ол әлемдік классика жауһары деген атауға әбден лайық. Барлық шығармашылық ұжым премьераны асыға күтуде, қазіргі күні қойылым бойынша сахналық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қалай болғанда да, П.Чайковскийдің операсындағы басты кейіпкер Татьяна Ларина болып табылады, сондықтан менің бұл бейнеге деген көңілім ерекше. Опера бойы Татьяна жүрегіндегі өмірлік махаббатын бойтұмарындай сақтап, бойжеткен кезінен бастап ақсүйек ханымға айналған шағына дейін түрлі күйді басынан өткереді – аталған бейненің негізгі идеясы мен күрделілігі осында. Өз сезімін тұмшалап, тағдырына бағынған ол ар мен ожданы алдында адал болып қалады. Бұл опера залда отырған әрбір жанның жүрегін тербете алады деп есептеймін, – деп атап өтті Айгүл Ниязова.

Галина Чеплакова Татьяна бейнесін өзінше жасап шықты.

– Менің кейіпкерім нәзік, момын, арманшыл, сезімтал, жан дүниесі бай, ол көп уайымдайды. Бұл партияны толық сезінгенге дейін өзіме жарасады деп ешқашан да ойламадым, өн бойымнан өткізген соң ғана ішкі сезімдерімді бейнелейтінін түсіндім. Аталмыш бейнені аша білу үшін өмірлік тәжірибеге сүйену қажеттігіне көзім жетті: ол – махаббатты тану, осы бір ғажап сезімнің тәтті де ащы сәттерін бастан кешіру. Осы қойылымдағы жұмыс барысында режиссер әрбір солистпен жеке-дара тіл табуға тырысты.

Татьянаның әпкесі – Ольганы сахнада Дина Хамзина мен Татьяна Вицинская сомдайды.

Дина Хамзинаның дарынына көптеген сахналарда, соның ішінде өзі Ольганың бейнесін тамаша сомдап шыққан Ресейдің Үлкен театрында қол соғып, қошемет көрсеткен. Әнші орындайтын әр партиясынан өзіндік ерекшелік табуға тырысатынын айтты.

– Ольганың жайдарылығы мен жеңілтектігі бірінші көзге түседі. Ол мейірімсіз емес, өмірге жеңіл қарайды, айналасынан тек жақсы нәрселерді көріп, соған қуануға тырысады. Оны түрліше ойнап шығуға болады, вокалдық тұрғыдан біз жұртшылықтың қызықты пікірін тудыруы тиіс көптеген әдістер жасадық. Мен осы партияны Ресейдің Үлкен театрында, Абай атындағы МАОБТ сахнасында орындадым. Маған режиссердің қазіргі спектакльде түпкі деректен алыстап кетпейтіні ұнайды. Бұл сол дәуірдің рухын жеткізуді қажет ететін классикалық қойылым және, әрине, көп нәрсе актерлік жұмысқа да байланысты. Біз үшін құнды болып табылатын жаңа тәжірибесімен бөлісіп отыратын керемет қойылымдық тобымыз бар.

Ольга – Татьяна Вицинская үшін ең сүйікті рөлдерінің бірі.

– Алдағы премьера өнерсүйер қауымның көңілінен шығады деп ойлаймын, себебі кейіпкерлерді көрудің режиссерлік тұжырымдамасы А.С.Пушкин ұсынған дүниемен сай келеді. Біз осы бейнелерді өзіміздің әртістік ойынымыз, дауысымыз әрі П.И.Чайковскийдің ұлы музыкасы арқылы жандандыруға тырысамыз. Қойылым жұмыстары басталғанға дейін мен романды қайта оқып шықтым және интернеттен түрлі қойылымдарды қарадым. Әлбетте, мен аталған рөлді бұған дейін ойнағандардың тәжірибесіне сүйенетін боламын, бірақ осы бейненің бар сұлулығын жеткізу үшін дауыстағы жаңа бояуларды табуға тырысамын. Әдетте, меццо-сопрано үшін барлық партиялар драмалық болып келеді, сірә, Ольганың партиясы кейіпкері бақытты, сұлу да жас болып келетін аз партиялардың бірі, бұл маған ерекше шабыт береді.

Операға дайындықта вокалистерден бөлек қоюшы хореограф Елена Шерстневаның жетекшілігімен балет әртістері ауқымды жұмыс атқарды.

«Евгений Онегин» өміршең опера, бұлай болуы, бір жағынан, романның сипатымен де түсіндіріледі. «Астана Операда» бұл қойылымды қандай тағдыр күтіп тұрғанын әзірге айту қиын, алайда спектакльді жасаушылардың «Евгений Онегинге» деген шүбәсіз махаббаты, материалға зор тебіреніспен қарауы спектакльдің табысқа кенелетіндігіне сенім ұялатады.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры