Сүндет Байғожинның Италиядағы орасан зор жетістігі

«Астана Опера» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сүндет Байғожинның өнеріне итальяндық тыңдарман ыстық ықыластарын білдіріп, қошемет көрсетті. Маусымның 15, 18 және 20 күндері танымал қазақстандық баритон генуялық Карло Феличе театрының сахнасында Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсында Шарплес партиясын ұсынды.

– Операның отаны ойдағыдай қабылдады деп сенімді айта аламын. Алғаш рет дәл осы сахнада итальяндықтар алдында «Астана Опера» театрының труппасымен бірге қазақ тілінде шырқалған «Абай» ұлттық операсымен өнер көрсеткен едім. Шығармашылық көпіріміз жылдан жылға нығайып келеді. Жалпы, қойылымның сәтті шығуы ұжымдық жұмысқа байланысты. Тынбай еңбектендік, нәтижесінде – итальяндық тыңдарманның шексіз ілтипаты мен қошеметі. Қойылымға әлемнің әр бұрышынан шақырылған әріптестеріммен бірге жұмыс жасағаныма зор қуаныштымын, – деп атап өтті Сүндет Байғожин.

Генуя қаласының тұрғындарына ұсынылған «Мадам Баттерфляй» спектаклінің режиссерлік нұсқасы, декорациялары мен костюмдері елордалық «Астана Опера» театрынан Италияға жеткізілді. Қоюшы режиссер – Лоренцо Амато. Көркемдік безендірілуін жасаған – заманымыздың көрнекті театр суретшісі Эцио Фриджерио мен костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино. Карло Феличе театрының оркестрі мен хоры маэстро Джузеппе Акуавиваның жетекшілігімен өнер көрсетті.

– «Астана Опера» сахнасында осы қойылымда өнер көрсеткенмін. Дегенмен, әр спектакльден кейін өз бейнеңе тың реңктер үстеп, кейіпкердің мінез-құлқының жаңа қырларын ашуға тырысасың. Италияда көп режиссерлік өзгерістер енгізілді. Біз бір ай бойы түрлі елден келген орындаушылармен дайындалдық. Шетелдік әріптестеріммен тез тіл табысып кеттім, бір-бірімізді бір дегеннен түсіндік. Қарқынды дайындық жұмыстарынан кейін режиссердің түпкі ойын жеткізе білдік. Бірақ қай театрда өнер көрсетсем де, «Астана Опера» театрымның өмірімде алар орны ерекше, – деп атап өтті жетекші солист.

Осы күндері Чио-Чио-сан партиясында Мария Тереза Лева сахна төріне шықты, Сузуки – Карлотта Вичи, Пинкертон – Рагаа Эльдин, Горо – Алессандро Фантони, Бонза аға – Джон Пол Хакл.

Еске салар болсақ, өткен жылы қараша айында Генуяның басты опералық сахнасында Сүндет Байғожин А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» опералық жауһарының итальяндық премьерасында басты Абай партиясын қазақ тілінде орындаған. Спектакль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен «Астана Опера» театрының еуропалық турнесінің бір бөлігі болды.

Бұдан бөлек, вокалистің қызметтік тізімінде Верона қаласындағы Филармонико театрында Дж.Пуччинидің «Богема» операсындағы Марсель және Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» операсындағы Фигаро сынды басты партияларда тамаша өнер көрсетулері бар.

Сүндет Байғожин – көптеген беделді халықаралық байқаулардың лауреаты, соның ішінде Б.А.Төлегенова атындағы вокалистер байқауының Бас жүлде иегері, Италияда өткен Toti dal Monte (Трэвизо қ.) және Arena di Verona опералық әншілер қоры байқауларының жеңімпазы болғанын атап өткен жөн. Жетекші солист Нью-Йорктегі Карнеги-холл (АҚШ), Берлин филармониясы (Германия), Париждегі Елисей алаңы театры  (Франция), Венадағы Концертхаус (Австрия) сияқты әлемнің атақты сахналарында, сондай-ақ Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Иордания, Түркіменстан, Ресей, Беларусь және т.б. елдердің сахналарында табысты өнер көрсеткен. Оның репертуарына қазақ және шетелдік классиканың опералық туындыларындағы басты партиялар енеді: Бекежан («Қыз Жібек», Е.Брусиловский), Эскамильо («Кармен», Ж.Бизе), Жорж Жермон («Травиата», Дж.Верди), Леско («Манон Леско», Дж.Пуччини), Малатеста («Дон Паскуале», Г.Доницетти), Онегин («Евгений Онегин», П.Чайковский), Алеко («Алеко», С.Рахманинов) және т.б.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры