Ертең «Астана Опера» мен Қытай ұлттық опера театрларының бірлескен ауқымды жобасы – «Турандот» операсының тұсауы кесіледі

Қазақстандық опера жұлдыздары мен Қытай ұлттық опера театрының керемет әртістері 22 және 23 маусым күндері Дж.Пуччинидің «Турандот» операсында өнер көрсетпек. Дирижерлік пульт басында – әйгілі маэстро, ҚР еңбек сіңірген қайраткері қоюшы дирижер Алан Бөрібаев. Жоба елорданың 20 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асуда.

Сондай-ақ премьераға атақты австриялық сопрано Мартина Серафин мен қазақстандық тыңдарманға танымал болгар теноры Камен Чанев қатысады.

– Калафтың партиясын әлемнің қаншама сахналарында сан рет орындадым. Бұл рөл техникалық тұрғыдан алғанда күрделі болып табылады. Ең алдымен, актерлік шеберлікпен жоғары деңгейде орындау үшін эмоционалдық жағынан дайындалу керек. Басқа кейіпкерлерге қатысты айтар болсам, Лиудың шынайы түптұлғасы болған, яғни композитор Дж.Пуччинимен бейнеленген Лиудың Калафқа деген ерекше махаббаты ойдан шығарылған жайт емес. Қазақстандық әріптестерім – Лиу мен Турандот партияларын орындаушылар – Майра Мұхамедқызы, Жаннат Бақтай және Жұпар Ғабдуллинамен бірге дуэт орындау мен үшін үлкен мәртебе әрі зор қуаныш. Бұл менің «Астана Операның» тамаша сахнасындағы алғашқы өнер көрсетуім емес, сіздердің көрермендеріңіз ерекше, қонақтарын әрдайым жылы шыраймен құшақ жая қарсы алады. Кез келген солист үшін осынау жерде ән шырқаудың өзі – асқан бақыт, – деп бөлісті Камен Чанев.

Операның сюжеті қатыгез Турандот ханшайым мен Калаф ханзада арасындағы махаббат оқиғасына негізделген. Қыз өзіне сөз сала келген күйеу жігіттерді сынап, үш жұмбақ жасырады, егер түйінін шешкен жан болса, ханшайым оның жары атанады, ал жауабын таппаса, үміткер жазаға кесіледі.

«Астана Опера» сахнасында ханзадаларды жазалау-жазаламауды қоюшы режиссер Давиде Ливермор өзінің ассистенттері Сальваторе Никосия және Джанкарло Юдика Кордильямен (Италия) бірге шешті. Жарық бойынша суретші Винченцо Рапони (Италия), проекциялар бойынша дизайнер Карло Каморали («D-wok» компаниясы). «Астана Опера» сахнасында елордалық көрерменнің бір сәтке ғажайып Қытай еліне ауысуын Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов жүзеге асырды, сондай-ақ суретші сценографтар қойылымдағы саны екі жүзден асатын костюмдердің эскиздерін әзірледі.

Турандот ханшайымның партиясын Мартина Серафин (Австрия), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина дайындауда. Тимурдың жас күңі Лиу – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай. Калаф – Камен Чанев (Болгария). Альтоум, қытай императоры – Ақылбек Табынбаев пен Ли Шуан (Қытай). Тимур, тағынан айырылған татар ханы – Болат Есімханов пен Ю Цзинжэнь (Қытай). Пинг, ұлы кеңесші – Гэн Чже (Қытай) және Александр Красиков. Панг, ұлы көріпкел – Ли Сян (Қытай) және Ерұлан Кәмел. Понг, ұлы аспаз – Лю Иран (Қытай) және Бейімбет Таңарықов. Мандарин – Евгений Чайников пен Шыңғыс Расылхан. Парсы ханзадасы – Александр Яковенко. Жендет – Юрий Мякинкин.

Спектакльдердің басталуы: 22 маусым сағат 19.00-де, 23 маусым 18.00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры