Елорданың 20 жылдығына орай «Астана Опера» театрында «Жайна, Астана!» салтанатты одасының премьерасы өтеді

Әлемге әйгілі дирижер Алан Бөрібаев, атақты қазақстандық тенор Медет Шотабаев және америкалық опералық сопрано Энджел Блу көрнекті британдық композитор Карл Дженкинстың SHINE ASTANA салтанатты одасын орындайды. Әлемдік премьера 2 шілде күні «Астана Опера» театрының сахнасында өтпек. Қазақстанның барлық аймағынан, сондай-ақ Италия, Австрия, Германия, Голландия, Грекия, Хорватия, Ресей, Беларусь, Тәжікстан мен Өзбекстаннан келген мыңнан астам музыканттардың – құрама симфониялық оркестр мен хордың қатысуы жобаны бірегей етпек.

Жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астананың 20 жылдығына орай жүзеге асырылмақ.  

SHINE ASTANA («Жайна, Астана!») салтанатты одасы төрт бөлімнен тұрады.

Шығармада қазақ халқының ғасырлар қойнауынан бастау алған тарихы бейнеленіп, «Жайлау», «Қарасай», «Абай» туындыларынан үзінділер шырқалады. «Бабалар аманаты» деп аталатын екінші бөлімде ерлер хоры Codex Cumanicus (XIV ғасырдағы «Қыпшақ тілінің сөздігі») шығармасынан ежелгі түркі діни әнін орындайды. Үшінші «Болашаққа бастау» бөлімінде композитор «Сары қыз», «Қарлығаш», «Дударай» әндерінен үзінділерді пайдаланады. «Мәңгілік Ел салтанаты» атты соңғы төртінші бөлім жасампаз әрі мерекелік сипатқа ие, бұл бөлімде «Тұлпар», «Көзімнің қарасы», «Shine Astana» (Той-Гимн-Той) шығармаларынан үзінділер шырқалады.

«Астана Опера» театрының бас дирижері – әлемге аты әйгілі маэстро А.Бөрібаевтың бірнеше мыңдаған музыканттың қатысумен ауқымды жобаларды іске асыруда тәжірибесі мол. Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылы Астанада ол әлемнің әр қиырынан келген мыңнан астам симфониялық оркестр әртістері қатысқан Г.Малердің №8 симфониясының премьерасын үлкен табыспен өткізген болатын.

Қазақстан елордасының туған күніне тарту ретінде SHINE ASTANA салтанатты одасын жазған композитор Карл Дженкинс «Астана Опера» театрында бірнеше рет өнер көрсеткен, еліміздің барлық өңірлерінде отандық музыканттарымызбен жұмыс жасаған. К.Дженкинс көшпенділердің музыкалық мәдениетіне терең бойлап, Ұлы далаға бірқатар шығармаларын арнап үлгерді. Бұл сюиталарды ол шетелдерде орындайды және композитордың айтуынша, барлық жерде оны ыстық ықыласпен қабылдайды.

Салтанатты одада солистер ретінде америкалық опера дивасы Энджел Блу (сопрано) мен атақты қазақстандық тенор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев өнер көрсетеді.

Концерттің басталуы сағ. 19.00-де   

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры