Абай атындағы МАОБТ-ның Нұр-Сұлтандағы гастролі

Елорда күнін мерекелеу аясында «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында республикамыздың ең көне театры – Абай атындағы МАОБТ-ның мерейтойлық гастролі өтеді. Осы маусымда 85 жыл толған алматылық ұжым тыңдарман назарына П.Масканьидің «Сельская честь», Р.Леонкаваллоның «Паяцы», Дж.Россинидің «Күлбикеш» операларын, Л.Минкустың «Дон Кихот» және П.Чайковскийдің музыкасына Б.Эйфманның «Анна Каренина» балеттерін ұсынады.

5 шілде күні сағат 19.00-де гастрольдік бағдарлама Абай атындағы МАОБТ репертуарындағы жаңа жарқын спектакльдермен ашылмақ. Пьетро Масканьидің «Сельская честь» және Руджеро Леонкаваллоның «Паяцы» бір бөлімді операларының алматылық театрдағы премьерасы 2018 жылы орын алды. Елорда тұрғындары мен қала қонақтарына махаббат, құштарлық, қызғаныш, сатқындық пен өлім туралы оқиғалардан сыр шертіледі.

Пьетро Масканьидің 1890 жылы Римде жазылған «Сельская честь» драмасы композиторға әлемдік атақ әкелді. Оқиға ХІХ ғасырдың соңында сицилиялық ауылда өрбиді. Операның атауында мысқыл бар, себебі оның түгел дерлік қаһармандарының қылығын абыройсыз деуге болады. Басты партияларда өнер көрсетіндер: Сантуцца – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлзат Дәуірбаева, Туридду – Нұржан Бажекенов, Лючия – Елена Никонова, Альфио – Евгений Шагаров, Лола – Оксана Давыденко.

Руджеро Леонкаваллоның «Паяцы» операсы шындықтан қашып, жөн-жосықсыз рөлдерді сомдайтын, ал ақиқатқа тап болған кезде өздерінің мүсәпірлігін байқамау үшін мән-мағынасыз күйін қайта жалғастыратын күлдіргі кезбе актерлердің өмірін керемет бейнелейді. Осы кейіпкерлерді сомдайтын әртістер: Канио – Балуан Беркенов, Недда – Зарина Алтынбаева, Тонио – Александр Сметанин, Беппо – Дархан Жолдыбаев, Сильвио – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Андрей Трегубенко.

Қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Бөрібаев, бас режиссер – Лоренцо Мариани (Италия), режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ләйлім Иманғазина, хормейстер – Абай атындағы МАОБТ бас хормейстері Әлия Темірбекова.

6 шілде күні сағат 18:00-де тыңдарман назарына Абай атындағы МАОБТ бас балетмейстері, Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Түткібаеваның қойылымында әлемдік хореографияның жауһары Л.Минкустың «Дон Кихот» балеті ұсынылмақ. «Астана Опера» Үлкен залының сахнасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дмитрий Сушков (Дон Кихот), Ержан Досқараев (Санчо Панса), Нұрлан Байбусинов (Лоренцо), Жанель Тукеева (Китри), Рүстем Иманғалиев (Базиль), Нельсон Пенья (Эспада), Наргиз Мирсеидова (Көше бишісі), Малика Елшібаева (Дриадалар әміршісі), Ариса Хасимото (Амур), Ұлан Баденов (Гамаш) шығады.

7 шілдеде сағат 18.00-де Дж.Россинидің үздік операларының бірі «Күлбикеш» сахналанбақ. Осы кеште елордалық өнерсүйер қауымды музыканың ерекше әсемдігі, өткір сөз, сауық-сайран мен таңғажайып дүниелер күтеді. Танымал венециялық композитор либреттошы Я.Ферреттимен бірге Ш.Перроның ханзаданы кезіктірген кедей қыз туралы ертегісінің желісін күлдіргі операға айналдырған. Авторлар әңгімені жаңа кейіпкерлермен, кездейсоқ орын алатын оқиғалармен, жалынды әзіл-сықақ, күтпеген қызықтармен толықтырған. Дж.Россини кейіпкерлерді түрлі күлкілі жағдайларға қалдыра отырып, адами әлсіздіктерді әжуалайды.

Басты партияларға дайындалып жатқан өнерпаздар: Күлбикеш (Ченерентола), дон Маньификоның өгей қызы – Оксана Давыденко, Дон Рамиро, ханзада – Дамир Садуахасов, Дандини, оның қызметшісі – Эмиль Сакавов, Алидоро – Тайыр Тәжі, Дон Маньифико, барон – Олег Татамиров, оның қыздары: Клоринда – Зарина Алтынбаева, Тисбе – Нәдия Нәденова.

Музыкалық жетекші – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Бөрібаев, режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ләйләм Иманғазина, хормейстер – Әлия Темірбекова.

Гастроль 8 шілде күні сағат 18.00-де Ресейдің Халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, РФ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Борис Эйфманның қойылымындағы әйгілі «Анна Каренина» балетімен өз мәресіне жетеді. Атақты балетмейстер қойылымның музыкалық материалын ұлы орыс композиторы П.И.Чайковскийдің түрлі шығармаларының

үзінділерінен жинақтаған. Күрделі демеулер, формалар мен позициялардың саналуандығы, кордебалеттің өзгеше геометриясынан құралған жарқын спектакль Л.Н.Толстой романының нәзік психологиясын аша түсті. Бұл балетте жазықсыз, жазықты жандар жоқ – мұнда хореограф белгілеген кеңістік аясында өмір сүріп жатқан әрбір кейіпкердің ішкі әлемі басты орында.

Басты партияларда өнер көрсететіндер: Анна Каренина – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Рахмедова, Вронский – Азамат Асқаров, Каренин – Дәурен Жеңіс, Кити – Малика Елшібаева.

«Астана Опера» Үлкен залының сахнасында Абай атындағы МАОБТ симфониялық оркестрі мен хоры дирижер Ерболат Ахмедияровтың жетекшілігімен өнер көрсетеді.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры