Балалар мен үлкендер театрға шақырылады

Маусым айында «Астана Опера» Камералық залында вокалдық әрі аспаптық музыканың қызықты да тартымды концерттері тыңдарман назарына ұсынылмақ. Залдың жазғы репертуары классикалық өнерді сүйіп тыңдайтын үлкендерді де, сондай-ақ елорданың ең жас театрқұмар жеткіншектерін де қуантатын болады.

1 маусым сағат 15.00-де және 10 маусым сағат 11:30-да Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Балалар театрға шақырады» мерекелік концерті өтеді. «Астана Опера» балалар театрлық студиясының жас әртістері – хор және балет студиясының оқушылары жеке әрі ұжымдық нөмірлер ұсынбақ. Хормейстерлер – Алтынғаным Ахметова, Әйгерім Макибаева. Концертмейстерлер – Ирина Кургузкина, Эльмира Сұлтанғазина. Хореограф – Әмина Әлиева. Балалар театрлық студиясының дарынды тәрбиеленушілері ересек әртістермен бірге Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», М.Төлебаевтың «Біржан – Сара», Дж.Пуччинидің «Богема», «Тоска», «Турандот», Ж.Бизенің «Кармен», П.Чайковскийдің «Евгений Онегин», М.Жаррдың «Париж Құдай анасының соборы» сынды көптеген спектакльдер мен концерттік бағдарламаларға қатысуда.

2 маусым күні сағат 15:00-де көптен күткен жазғы демалыс күндерінде театр өнерін сүйетін ең жас қауым назарына жаңа жоба – «Алақай, демалыс!» топтамасынан «Өнерлі жастар тартуы» концерті ұсынылмақ. «Астана Опера» Камералық залы сахнасына болашағынан зор үміт күттіретін музыканттар – Қазақ ұлттық өнер университетінің, сондай-ақ қалалық музыка мектептерінің тәрбиеленушілері шығады. Олардың көпшілігі беделді халықаралық байқаулардың лауреаттары болып табылады әрі Қазақстанның өнерін шетелде табыспен көрсетіп жүр. Классик-композиторлардың туындылары мен балаларға арналған репертуардан үздік пьесалар Әмина Ахмеджанова, Елдана Көпбай, Айлана Ермекбаева (скрипкалар), Батырхан Исак, Шыңғыс Әлібек (виолончельдер), Лия Дулати, Әлтайыр Төлеміс (фортепиано), Бақытжан Тайкен, Бекежан Ибраим (блокфлейталар), Арина Серебренникова (флейта), Павел Цветцих (кларнет), Алина Әлжанова (фагот), Нұрмұхамед Естеков (валторна), Ертай Мамырбековтің (ксилофон) интерпретациясында шырқалмақ.

6 маусым күні сағат 19:00-де Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті «Қазақквартет шақырады» топтамасынан «Классикамен үндескен күй» концертін ұсынады. Бұл кештегі ұжымның қонағы – саусағынан бал тамған домбырашы Әділжан Толықбаев, ол Қазанғаптың «Жем суының тасқыны» күйін өз өңдеуінде орындайды. Сонымен бірге бағдарламаға В.А.Моцарттың №20 ішекті аспаптар квартеті, ре мажор («Hoffmeister»), А.Бородиннің №2 ішекті аспаптар квартеті, ре мажор енді. Ішекті аспаптар квартетінің құрамы – Айдар Тоқталиев (1-ші скрипка), Алексей Лебедев (2-ші скрипка), Бекзат Сайлаубайұлы (альт), көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев (виолончель).

8 маусым сағат 18.00-де П.Чайковский атындағы Х Халықаралық жасөспірімдер байқауының лауреаты скрипкашы Ақбике Алғидың жеке концерті өтеді. «Сенбілік классика» концертінде И.С.Бах, М.Равель, А.Хачатурян, Ф.Лист, С.Рахманинов, Ф.Шопеннің туындылары мен қазақстандық сазгер Ғазиза Жұбанованың шығармалары орындалады. Музыкатанушылар «миниатюрадағы төрт бөлімді симфония» деп атап кеткен Иоганнес Брамстың Скрипка мен фортепианоға арналған №3 ре минор сонатасы концерттік бағдарламаның негізін құрайды. Фортепиано партиясында – Ильяс Узбеков, Сергей Васильев. Жастар жылы аясындағы концерт жас дарындарды қолдап, оларды одан әрі дамытуға бағытталған жобалардың бірі болмақ.

12 маусымда сағат 19.00-де «Музыкалық бояулар» концерті өтеді. «Астана Опера» театрының жетекші солистері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Ниязова мен Жан Тапин, сондай-ақ «Шабыт» фестивалінде Гран-при иеленген TURAN жастар ішекті аспаптар квартеті вокалдық әрі аспаптық музыкаға деген өзіндік талдауын ұсынады. Квартет құрамында – Мейіржан Кеңесбаев (1-ші скрипка), Айя Ғаббасова (2-ші скрипка), Леонид Мысовский (альт), Бағжан Есіркеп (виолончель) бар. Фортепиано партиясында – халықаралық байқаулардың лауреаты Раушан Бескемпірова. ХХ ғасыр композиторларының вокалдық топтамалары, романстары мен әндері, атап айтқанда М.Таривердиевтің ортағасырлық жапон ақындарының өлеңдеріне жазған «Акварели» вокалдық топтамасы, В.Стригоцкий-Пактің «Жыл мезгілдері», Р.Щедринрің «В подражание Альбенису», сонымен қатар А.Бородиннің №2 ішекті аспаптар квартеті, ре мажор, С.Прокофьев пен Д.Шостаковичтің шығармалары, З.Левинаның вокалдық топтамаларынан әндер және т.б. шырқалады.

20 маусым күні сағат 19.00-де өтетін «Квинтет және одан да көп» деп аталатын концертте елорда тұрғындары мен қонақтарына түрлі камералық-ансамбльдік музыка ұсынылатын болады. «Астана Опера» Камералық залы сахнасында Дияр Қасенов, Шолпан Манкеева (скрипкалар), Біржан Өтеулиев, Леонид Мысовский (альттар), Бағжан Есіркеп (виолончель), Алмас Тоқпанов (кларнет), Қалқаман Дүйсембаев (валторна), Ұлан Құлмаметов (фортепиано) өнер көрсететін болады. Ішекті және үрлемелі камералық ансамбльдерге арналған қызықты да бірегей туындылар – В.А.Моцарттың Валторна, скрипка, екі альт пен виолончельге арналған квинтеті, ми-бемоль мажор, №3 ішекті аспаптар квинтеті, до мажор, (1-бөлім – Allegro), Кларнет пен ішекті аспаптарға арналған квинтеті, ля мажор, «Stadler», (1-бөлім – Allegro), Э.Донаньидің №1 фортепианолық квинтеті, до минор, (1-бөлім), Скрипка, альт, виолончель, кларнет, валторна және фортепианоға арналған секстеті, до мажор, орындалады.

25 маусымда сағат 19.00-де Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының Камералық хоры «Мәңгілік мұра» концерттік бағдарламасымен өнер көрсетеді. Осы кеште қазақ хор классикасының туындылары – көпшіліктің сүйікті әндері, Құрманғазы, Ақан сері Қорамсаұлы, Біржан сал Қожағұлұлы, Естай, Үкілі Ыбырай, Абай, Сегіз сері, Мұхит Мерәліұлы, Майра Уәлиқызы сынды көрнекті қазақ композиторларының шығармалары ұсыналатын болады. Көркемдік жетекшісі әрі дирижері – ҚР Мәдениет қайраткері Гүлмира Құттыбадамова. Хормейстер – Ержан Сансызбаев.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры