Нұр-Сұлтанда «Музыкалық өнер жауһарлары» шырқалды

«Астана Операда» «Музыкалық өнер жауһарлары» ғаламат концерті аншлагпен өтті. Әккі көрермен виолончелист, Ресейдің Халық әртісі Сергей Ролдугин, пианист Сергей Редькин мен Алим Шахмаметьевтың жетекшілігіндегі «Астана Опера» Симфониялық оркестрі музыканттарының орындаушылық өнеріне ерекше ықыласын білдірді. Концерт Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.

Музыкалық кештің шымылдығы Джузеппе Вердидің «Тағдыр күші» операсының увертюрасымен түріліп, аталмыш туындыны танымал ресейлік дирижер Алим Шахмаметьевтың шебер интерпретациясында «Астана Опера» театрының Симфониялық оркестрі орындады.

Сонымен бірге тыңдарман қауым отандық музыка мәдениетінің көрнекті қайраткері Тілес Қажығалиевтың Концертштюк пьесасын жоғары бағалады. Шығарма ежелгі қазақ мәдениетінің рухын керемет жеткізеді, ал оның музыкасындағы бейнелі әрі өзіндік ерекше интонациялар дүние жүзіндегі кез келген орындаушы мен тыңдарманға түсінікті.

Кешке Мәжіліс вице-спикері Владимир Божко, Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ресей ғылым және мәдениет орталығының басшысы Константин Воробьев келді.

Керемет музыкант-виолончелист болып табылатын ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өз әсерімен бөлісіп:

– Концерт қарсаңында «Астана Опера» театры мен Санкт-Петербор музыка үйі арасында ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылды, бұл тарихи оқиға. Музыка үйінің көркемдік жетекшісі Сергей Ролдугинге зор алғысымды білдіргім келеді. Ол нағыз музыкант, Ресейдің Халық әртісі, көп жылдар бойы беделді Мариин театры Симфониялық оркестрінің солисі әрі дирижері болды, Санкт-Петербор консерваториясының профессоры болып табылады. Маэстроның жасампаз қызметі жас дарындарды дамытуға мүмкіндік береді. Сергей Павлович Музыка үйін сәтті басқарып келеді. Оның жұмысының нәтижелері ауыз толтырып айтарлық: жас музыканттар әлемдік деңгейдегі үздік ұстаздардан сабақ алады, олар беделді халықаралық байқауларға дайындалып, лауреат атанады. Сергей Ролдугин жас ғалымдарға, спортшыларға қолдау көрсететін «Сириус» қайырымдылық қорының құрылтайшысы, ал «Өнер» бағытын жеке өзі басқарады. Қазірдің өзінде біз осы жылдың тамызында Қазақстаннан үш жас дарынның әлемдік деңгейдегі жетекші мамандардан білім алуы бойынша келісім жасастық. Бұл тек бірінші қадам. Алдағы уақытта әріптестігіміз айтарлықтай табысты болуына қызығушылық танытудамыз. 1989 жылы Сергей Павловичтен «Виолончелист» мамандығы бойынша шеберлік сабақтарына қатыстым, сол үшін тағдырыма ризамын. Сол кездері ол мені Мариин театрына жұмыс істеуге шақырды, сондай-ақ менде Қазақстанда да жұмыс жасау бойынша ұсыныстар болды. Оның шақыртуының өзі – жоғары баға, себебі Мариин театры әлемдегі опералық және балет өнерінде көшбасшы орындарды иеленеді. Ұстаз бен шәкірт арасындағы осы шығармашылық өзара қарым-қатыныстардың бүгінде өз жалғасы бар. Біз мәдениеттердің өзара өркендеуіне үлкен назар аударамыз, – деп бөлісті ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

– Қасиетті Рамазан айы аяқталуда. Құдай тағала бізге татулықта өмір сүруді, тәубеге келіп, өкпе-реніштерді ұмытуды бұйырады. Концерт аясында мен М.Брухтың виолончель мен оркестрге арналған «Kol Nidrei» туындысын орындадым. Ол мәні жағынан осы айға сәйкес келеді, себебі шығармада адамның өкініп, тәубесіне келген сәтінде Құдайға жалбарынып, оның кешірімін алу идеясы берілген. Бұл менің «Астана Операда» алғаш рет өнер көрсетуім емес, сіздердің оркестріңіз, әдеттегіше, Еуразиядағы ең үздік оркестрлердің бірі. Осы сапарым барысындағы есте қаларлық жайттардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығы мен Еуразия экономикалық одағының 5 жылдығына орай әлемнің ірі мемлекет басшылары қатысқан Жоғарғы Еуразия экономикалық кеңесінің отырысына арналған концертте ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен бірге өнер көрсеттім. Ол өзінің атқарып отырған мемлекеттік лауазымына қарамастан, тамаша музыкант болып қала бермек, – деп атап өтті Сергей Ролдугин.

Сондай-ақ концертте Сен-Санстың «Өлім биі» симфониялық поэмасы, ор.40, С.Рахманиновтың Паганини тақырыбындағы рапсодия, ля минор, ор. 43 (солист – С.Редкин), А.Хачатурянның «Бетперде» кинофильмінен вальс және т.б. шығармалар орындалды.

Әртістердің өнеріне риза болған көрермендер оларды ұзақ уақыт сахна төрінен жібермей, ыстық ықыластарын білдіріп, залдың әр бұрышынан «Жарайсыңдар!» деп қошеметтерін жаудырды.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры