«Астана Операда» Ақтөбе филармониясы камералық хорының концерті өтеді

«Астана Опера» Камералық зал сахнасында Ғ.А.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының Қазақ камералық хоры гастрольдік сапармен өнер көрсетеді.  «Құтты мекен Ақтөбеден ән шашу» концерті 19-тамызда өтеді.

BAKTYGALI SEREKENOV

Ақтөбе облыстық филармониясының негізі 1944 жылы қаланған, ал 1998 жылы филармонияға көрнекті отандық композитор, КСРО халық әртісі Ғазиза Ахметқызы Жұбанованың аты берілген. Филармония құрамында – қазақ халық аспаптар оркестрі, эстрадалық-симфониялық оркестр, камералық хор, би және музыкалық ансамбльдер, балалар студиясы, сонымен қатар солистер бар. Шығармашылық ұжымдар және солистер  көптеген республикалық байқаулар мен фестивальдерге қатысады, Қазақстан қалаларына және шетелдерге гастрольге шығады.

Ақтөбе облыстық филармониясының Қазақ камералық хоры республикамыздағы алдыңғы қатарлы хор ұжымдарының бірі болып табылады. Ұжымның шығармашылық жолы 1991 жылы басталған. Бүгінде хор репертуарында 400-ден астам туындылар бар. Халық әндері, қазақстандық және шетелдік композиторлардың камералық шығармаларымен қатар, әртістер В.А.Моцарттың Реквием, К.Орфтың «Кармина Бурана», Г.Свиридовтың «Пушкинский венок» және «Неизреченное чудо», М.Сағатовтың «Мерекелік кантата» және тағы басқа хор классикасының көлемді шығармаларын орындайды. Көркемдік жетекшісі және дирижері  – Мербол Құспанов, хормейстерлер – Мәди Әбішев, Лейла Кущанова.

Осы кеште елордалық көрермендерге  халық әндері, отандық және шетелдік авторлардың жауһар туындылары ұсынылады.

Басталуы 18:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры