«Астана Операда» елес қыздар пайда болды

Ең көне әрі бүгінгі күнге дейін жеткен спектакльдердің бірі – А.Аданның «Жизель» балеті елорда тұрғындары мен қонақтарына ұсынылды. Осынау қиял-ғажайып балеттің ерекшілігі – жұмбақ кейіпкерлер – елес қыздар болды, олардың қатарына ғашығының кесірінен өлімге душар болған Жизельдің өзі де қосылды. 14 және 15 маусым тұсаукесер күндері залда ине шаншар жер қалмады, алайда, спектакльді әлі тамашалап үлгермеген көрермен үшін 19 маусым күні қойылым тағы сахналады.

Қоюшы балетмейстер, Ресейдің Халық әртісі, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова көрерменге түпдеректің барлық қыр-сырын жеткізе отырып, «Жизельдің» романтикалық құрылымы мен атмосферасын сақтаған. Осылайша, әлемдік хореографияның айтулы туындысы көрермен қауымды бірнеше ғасырға кейін жетелегендей болды.

Балеттің премьерасы 1841 жылдың 28 маусымында париждік Гранд-операда өтті. Ж.Коралли, Ж.Перро, М.Петипаның өмірге әкелген қойылымы олардың есімдерін әлемдік балет тарихына енгізді. Балеттің негізгі тақырыбы мен идеясы – өлімнен де құтқаруға қабілеті бар орасан зор құдіретке ие махаббат.

Спектакльді бір-біріне ұқсамайтын үш түрлі әртістердің құрамы орындауда: Жизель – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева, Венгр мемлекеттік опера театрының этуалі Әлия Танықпаева және Анастасия Заклинская. Альберт – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан, Еркін Рахматуллаев, Олжас Тарланов. Мирта – Әсел Шайкенова, Елена Семенова және Еркежан Жүнісова.

Премьераның бірінші күнінде Жизель партиясын ғаламат биші Әйгерім Бекетаева ұсынды, ол бас кейіпкердің роматикалық бейнесін тамаша жеткізе білді. Әсіресе, оның ұзын, әсем, «әнші» қолдары ерекше мәнерлі болды. Ол рөлдің барша хореографиялық көрінісін жоғары деңгейде орындап шықты. Осынау спектакльде керемет үйлескен көптеген дүниелер балеринаның жетістігіне тікелей септігін тигізді: бұл – сыртқы келбеті, әртістік тұлғасының ауқымы, сондай-ақ оның бишілік шеберлігі мен стильді сезіну қасиеті. Әйгерім Бекетаева сахна төрінен өзіне тән ерекшеліктерін көрсетіп, көрерменнің көзіне жас алдыра, олардың жүректерін тебірентті.

Премьераның екінші күні бұл бейнені тәжірибелі биші, Венгр мемлекеттік опера театрының этуалі Әлия Танықпаева сомдады. Аталмыш партия оның ең сүйікті рөлдерінің бірі екені белгілі. Әртіс орындап шыққан есінен адасу көрінісі жұртшылықтың зор эмоциясын тудырды. Ә.Танықпаеваның дене пластикасы, актерлік шеберлігі, мол дарыны, ерекше ішкі тартымды күші оған Жизельді өзінше жеткізуге мүмкіндік берді.

Алтынай Асылмұратованың әрбір балеринаға өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік бергені барлық жағынан аңғарылып тұр, қоюшы оларды хореография шеңберіне бағындырып қана қоймай, керісінше, кейіпкердің өмірлік жолын өз бетінше жүріп өтіп, сүйіктісінің опасыздығын онымен бірге сезінуді ұсынып, әртістілікке басымдық берді.

Жизель партиясының үшінші орындаушысы Анастасия Заклинскаяны осынау күрделі рөлде халық алдына шығу күтіп тұр, кәсіпқой мамандардың пікірінше, бұл рөл жаңадан бастап жүрген бишілер үшін биік асуларға «ұшу алаңы» болмақ. «Жизельдегі» дебют әртістердің сахнада өзін көрсете білу қабілетін анықтайтын лакмус қағазы іспетті. Алайда дайындықтардың өзінде Анастасия Заклинскаяның мұндай күрделі классикалық спектакльді тамаша алып шығатыны, Жизельдің бейнесін ұғынатындығы, махаббат шаттығы мен қаяу көңілден жан сыздауын терең сезініп, оны әдемі би тілімен оңай жеткізетіндігі байқалып тұрды. Анастасия Заклинская мен оның серіктесі Олжас Тарланов 19 маусым күні өнер көрсетпек.

Альберттің бейнесін қазақстандық балет жұлдызы Бақтияр Адамжан сомдап шыға алды. Әртістен талап етілгені – бидің интеллигентті мәнерін ашу еді және бұл оның қолынан келді. Бет қимылы, ым-ишара мен граф мүсіні – барлығы жетекші солистің тамаша актерлік ойынының элементтері. Оның мәнерлі биінде романтикалық сипат тұнып тұр. Лирикалық жанр шебері Еркін Рахматуллаев бірінші бөлімде  өз кейіпкерінің  алып ұшқан құштарлығын, екіншісінде – қажуы мен өкінішін барынша жеткізді.

Әсел Шайкенова мен Елена Семенованың орындауындағы бекзат әрі өктем, қатал та тәкаппар Мирта өзінің барлық ерлерден кек алу шешімінен айнымай қала берді. Әртістер алдына қойылған міндеттерді сәтті орындап шықты, ал Еркежан Жүнісова болса, осы тапсырманы жақын арада орындамақ.

Осы спектакльге келіп, тамашалауға тұрарлық дүниелердің бірі – әртістердің жаппай қатысатын сахналық көріністері. Би көріністерінің мұндай сұлулығын ешбір балеттен кездестіре алмайсыз. Елена Шерстнева дайындық жүргізген кордебалет сахнада ғажайып жасады, ол өзінің үйлесімділігімен, желілерінің тазалығымен баурап алды.

Арман Оразғалиев жетекшілік еткен оркестр керемет үйлесімде өнер көрсетті. Балетке дирижерлік ету қиын, алайда маэстро музыканттарды шабыттандыра алды, олармен бірігіп, ырғақты, жанды бірінші бөлім мен құпия сырға толы екінші бөлімді жасап шықты. Дирижер барлық қарқынды сақтау үшін әртістерге көмек көрсете отырып, сахнадан көзін таса қылмады.

Спектакльдегі сахна жабдықтары өте қарапайым болып шыққан, онда елордалық көрерменге үйреншікті 3D-әсерлер жоқ, бірақ осы арқылы көне балетті безендірудің өз сұлулығы мен тартымдылығы болды. Екінші бөлімдегі сахна ай жарығындай көгілдір түске боялса, ал елес қыздардың көлеңкесі аздап қорқыныш ұялатқан ерекше көрініс тудырды. Заманымыздың көрнекті сценографы Эцио Фриджерио спектакльді көркемөнер стилінде жасауды ұйғарған және бұл қойылымды бірегей етті. Жұмсақ декорациялардың қолмен жазылған кенептері «Жизельдің» жоғары көркемдік құндылығын танытты. Костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино барлық бояу түстерін пайдаланған. Әрбір әртістің киім үлгісін жеке-жеке қарағың келеді: әртістердің бірінде сирек ұшырасатын қалпақ, енді бірінде көздің жауын алатын әдемі етік, ал балериналар көйлектерінің әртүрлілігі соншалық, олардың әрқайсысын подиумда ұсынуға болар еді.

Әйтсе де, басты кейіпкер Жизельдің қайтыс болған соң орман перісіне айналып, күн шыққанда жоғалып кететініне қарамастан, ол Альберттің жүрегінде сақталатын сол бір махаббат пен естелік ретінде міндетті түрде қайта оралады.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры