Рамазан Баповтың құрметіне «Астана Опера» «Спартак» балетін ұсынады

7 мамыр күні «Астана Операның» Үлкен залында қазақтың біртуар балет әртісі, хореограф және педагог, КСРО халық әртісі Рамазан Баповты еске алу құрметіне орай аты аңызға айналған Ю.Григоровичтың қойылымындағы А.Хачатурянның әйгілі «Спартак» спектаклі қойылады. Отан қорғаушылар күні даңқты рим жауынгерінің рөлін балет труппасының жетекші солисі, көптеген мәртебелі халықаралық байқаулардың Гран-при лауреаты Бақтияр Адамжан орындайды.

Рамазан Салықұлы Бапов – әлемдік дейгейдегі балет әртісі, ХХ ғасырдағы көрнекті хореографиялық өнер қайраткерлерінің бірі, жақында ғана оның 70 жылдығы Қазақстанда аталып өтті. Ұлы биші және балетмейстер қазақстандық балет мектебінің дамуына баға жетпес үлес қосты. Ол «КСРО халық әртісі» атағын алған Қазақстан балет өнерінің тарихындағы алғашқы әрі жалғыз әртіс. Оның таңғаларлық дарынына, шеберлік техникасына, қайталанбас стиліне әлемнің ең үздік сахналарында халық құрметпен қол шапалақтады. Оның әрбір өнер көрсетуін театр сыншылары үлкен оқиға деп бағалайтын, ал өнеріне сүйсінген көрермендер үздіксіз қол соғумен қарсы алатын. Балет өнерін бағалаушылар да, әйгілі әріптестері де Рамазан Баповтың самғаған секірулерін, дәлдігін, әртістілігін, бекзаттығын, сахналық тартымдылығын, сонымен бірге парасаттылығы мен кереметтей еңбекқорлығын жылулықпен еске алады. Оның ауқымды репертуарында Спартактың бейнесі ерекше орын алатын: шығармашылық мансабының көп жылдарын өз театрына арнаған Абай атындағы МАОБТ солисі Алматы сахнасында А.Хачатурянның «Спартак» спектаклінде осы партияны ең үздік орындаушылардың бірі болды.

Биыл КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Юрий Николаевич Григоровичтың «Спартак» балетінің аңызға айналған қойылымына 50 жыл толғандығын атап өткен жөн. Жарқын әрі маңызды спектакль – классикалық балеттің бетке ұстар үлгісіне айналды. Хореограф балеттің жаңа драматургиялық қағидатын пайдаланып, оны іс-қимыл көріністерін қаһармандардың монологтары алмастыратын сызба ретінде бейнеледі. Аталған қағидат жұртшылық алдында орын алған сюжеттегі шиеленіскен оқиғаларға басты кейіпкерлермен монолог түрінде қайта мән берілетіндігін айқын көрсетеді. Спектакль хореографиялық қиял, көпшілік би көріністері, бедерлі, сан қырлы бейнелерімен таңғалдырады. 1968 жылы көктемдегі салтанатты тұсаукесерінен бері балет өзгертілген емес және «Астана Опера» сахнасында 50 жыл бұрынғы қалпында ұсынылмақ.

Көрермендер алдына екі күшті тұлғаның: гладиаторлар басшысы Спартак пен римдік қолбасшы Крастың ауқымды шайқасы көрсетіледі. Олардың текетіресінде өмір мен өлім, махаббат пен жек көрушілік, жақсылық пен жамандық мәселелері шешіледі. Тайсалмас жауынгер Спартак –  құдіретті күш кейпінде. Сонымен бірге көтерілісті бастаушы  басқа қырынан, мейлінше адами жағынан көрінеді: ол өзімен-өзі жалғыз қалғанда мұңды, ал сүйіктісі Фригиямен бірге болғанда – толқулы әрі мейірімді. Қайырымсыз, қиянатшыл, жауыз Красты атаққұмар сұлу Эгина тамаша толықтыра түседі. Құмарлық, эмоциялық тереңдік, теңдессіз және үйлесімді қойылымның шығармашылық жетістігін қамтамасыз ете отырып, балет өнерінің ерекше би мүмкіндіктері мен батырлық тақырыбын шеберлікпен орындау әрбір көрерменді бұрынғыдай жігерлендіреді.

Басты партияларда: Спартак – көптеген беделді халықаралық байқаулардың Гран при лауреаты  Бақтияр Адамжан, Фригия – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Басбаева, Красс – халықаралық байқаулардың лауреаты Арман Оразов, Эгина – халықаралық байқаулардың лауреаты Әсел Шайкенова өнер көрсетеді. «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің халық әртісі  Алтынай Асылмұратова.

«Астана Опера» симфониялық оркестрі және хоры. Дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Қоюшы-хореограф –  КСРО халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Юрий Григорович. Қоюшы-суретші – КСРО халық суретшісі, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты  Симон Вирсаладзе.

Басталуы сағат 18:00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры