«Астана Опера» «Евгений Онегин» операсының премьерасына әзірленуде

Әлемдегі ең репертуарлық спектакльдердің бірі – «Евгений Онегин» операсы 8 және 9 ақпан күндері «Астана Опера» театрында ұсынылмақ. Өнерді бағалаушылар қойылымнан Петр Чайковскийдің мәңгі өшпес музыкасын тыңдайды, алайда спектакльде режиссерлік тосынсый да орын алмақ. Осынау операны тыңдап, тамашалау онымен таныс театрқұмар жанға да, сондай-ақ Евгений Онегиннің тарихымен танысқысы келетін көрерменге де қызықты болары айқын. Премьера ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.

– Баршаңызды П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин» керемет операсына шақырамыз. Мен оған күллі әлем бойынша, атап айтқанда Ресейдің Үлкен театрында, Израильдегі гастрольдерде көп жылдар бойы дирижерлік еттім, бір жылдан соң Финляндия ұлттық операсында осынау операға дирижерлік ететін боламын. «Астана Опера» театрында біз осы жолы заманымыздың көрнекті режиссері, театрымызда «Турандот» операсын қойған Давиде Ливермормен әріптестікте жұмыс жасайтын боламыз. Осы қоюшы режиссермен тығыз шығармашылық байланыстар орнағаны қуантады. Давиде Ливермор өзінің қызықты тұжырымдамасын ұсынады. Дирижер ретінде мен үшін Д.Ливермордың материалмен жұмыс жасау кезінде бірінші кезекте партитураға, музыкаға сүйенетіні маңызды, – деді қоюшы дирижер, «Астана Опера» театрының бас дирижері Алан Бөрібаев.

П.Чайковский бір түннің ішінде «Евгений Онегин» операсының сценарийін жазып шығып, музыкасына кіріскен. Композитор либреттоны К.С.Шиловскиймен бірге әріптестікте жасаған. Өлеңмен жазылған Пушкин романынан ол тек пушкиндік кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесі мен жеке тағдырларына байланысты тұстарын ғана алған.

– Қарапайым махаббат оқиғасы шеңберінен алысқа өрбитін осы көрнекті тарихта әдеп, ар-намыс және қоғам туралы баяндалады. Біздің қойылымымызда іс-әрекеттер пушкиндік өлеңмен жазылған роман туындаған кезде орын алған, яғни біз XIX ғасырды көрсетеміз. Адами қарым-қатынастарды арттырып, өткен заманда болған ұлы құндылықтардың бүгінгі таңда да өмірімізде болуы мүмкін екендігін еске салу үшін сол дәуірге үлкен құрметпен қараймыз, себебі олар біз жасайтын таңдау арқылы өміріміздің сапасын анықтайды, – деп атап өтті Давиде Ливермор.

Әр жылдары «Евгений Онегиннің» басты партияларында әлемдік опера жұлдыздары жарқыраған еді. «Астана Операда» Онегин рөлінде Сүндет Байғожин мен Талғат Мұсабаев өнер көрсетеді. Татьяна партиясын Галина Чеплакова мен Айгүл Ниязова әзірлеуде. Ленский бейнесінде сахна төріне Медет Чотабаев пен Жан Тапин шықса, Ольга рөлін – Дина Хамзина мен Татьяна Вицинская сомдайтын болады. Ларина – Маргарита Дворецкая, Гүлжанат Сапақова, Няня – Баян Жүсіпова, Салтанат Мұратбекова, Князь Гремин – Михаил Гужов (Ресей), Барсег Туманян, Ротный – Шыңғыс Расылхан, Нұрлыбек Қоспармаков, Зарецкий – Жанат Шыбықбаев, Ержан Саипов, Трике – Бейімбет Таңарықов, Рамзат Балакишиев.     

Қойылым тобының құрамына қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлық иегері Алан Бөрібаев жетекшілік етеді. Қоюшы режиссер, сценограф – Давиде Ливермор (Италия). Қоюшы сценограф – Франческо Калканини (Италия). Қоюшы режиссердің ассистенттері – Джанкарло Юдика Кордилья (Италия), Анна Рудак (Беларусь). Костюмдер бойынша суретшілер – Софья Тасмағамбетова, Павел Драгунов. Костюмдер бойынша суретшінің ассистенті – Наталия Федорова. Хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, жарық бойынша суретші – Винченцо Рапони (Италия). Бейне проекцияларды жасаушы – «D-WOK» ЖШС. Қоюшы хореограф – Елена Шерстнева. Балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова.

Спектакльдердің басталуы: 8 ақпан сағат 19.00-де, 9 ақпан сағат 17.00-де.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры