«Астана Операда» ташкенттік театр дирижері өнер көрсетеді

26 қараша күні «Астана Опера» үлкен залы сахнасында елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына әлемдегі ең танымал опералардың бірі – Дж.Вердидің «Травиатасы» ұсынылады. Театрдың симфониялық оркестрі мен хоры Қарақалпақстанның Халық әртісі Аида Абдуллаеваның (Ә.Науаи атындағы Үлкен театр, Ташкент) жетекшілігімен өнер көрсетеді.

Еске салар болсақ, шілде айында «Астана Опера» шығармашылық ұжымы Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан Мемлекеттік академиялық Үлкен театры сахнасында қазақстандық және әлемдік опера классикасы – А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» және Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» жауһарларын орасан зор жетістікпен ұсынған еді. Гастроль Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.

Өз кезегінде, Қазақстан астанасының тыңдармандарына Дж.Вердидің жауһары Ташкент театрының дирижері Аида Абдуллаеваның ерекше көзқарасымен ұсынылмақ. Оның қызметтік тізімінде туған елінің ғана емес, сондай-ақ жақын шетел сахналарында сәтті өнер көрсетулері бар. А.Абдуллаева Ташкент Мемлекеттік консерваториясын екі мамандық: хорға дирижерлік ету, сонымен бірге опералық-симфониялық дирижерлеу бойынша тамамдаған, Санкт-Петербордағы Мариин театрында тағылымдамадан өткен. Дирижердің репертуарында В.А.Моцарт, Дж.Верди, Дж.Пуччини, Г.Доницетти, Р.Леонкавалло, П.Чайковский, С.Прокофьев, В.Милов, К.Хачатурян, И.Морозовтың спектакльдері бар.

Басты партияларда «Астана Опера» театрының жетекші солистері сахнаға шығады: Виолетта Валери – Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова, Альфред Жермон – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Италия Жұлдызы орденінің кавалері  Медет Чотабаев, Жорж Жермон – Талғат Ғалеев. Гастон – Руслан Совет, Флора Бервуа – Гүлжанат Сапақова, Аннина – Елена Ганжа, маркиз д’Обиньи – Болат Есімханов, барон Дюфоль – Евгений Чайников, доктор Гренвиль – Шыңғыс Расылхан, Комиссионер – Нұрлыбек Қоспармақов, Джузеппе – Рамзат Балакишиев.

«Травиата» операсының либреттосын Александр Дюма ұлының әйгілі «Камелия ұстаған ханым» романының желісі бойынша автор Франческо Мария Пиаве жазған болатын. Спектакльдің қоюшы режиссері – Хеннинг Брокгауз, режиссердің ассистенті – Еренбақ Тойкенов, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Спектальдің басталуы сағат 19.00-де

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры