Алматыда «Сахнагер-2018» ұлттық театр сыйлығымен «Астана Операның» жетекші солистері марапатталды

Дәстүр бойынша Халықаралық театр күні ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Биыл салтанатты шара Алматы қаласындағы М.Ю. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында орын алды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының лауреаты Сүндет Байғожин «Үздік опера солисі» аталымында лауреат атанса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Тұңғыш Президенті Қорының мәдениет пен өнер саласындағы лауреаты, «Рим сыйлығы» Халықаралық балет әртістері байқауының ІІ жүлде лауреаты Мәдина Басбаева «Үздік балет әртісі» атағына ие болды.

«Сахнагер» сыйлығы театр саласындағы шығармашылық жетістіктері үшін табыс етіледі. «Астана Операның» жетекші солистері Сүндет Байғожин мен Мәдина Басбаева «Қазақстан театрлары ассоциациясының» жас дарындарды қолдаудағы маңыздылығын атап өтті.

– «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығының арқасында елімізде театр дәстүрлері нығаюда. Опера, балет, драмалық өнердің мемлекеттік деңгейде қолдау тауып жатқаны қандай керемет. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев ел дамуындағы мәдениет пен өнердің алар орнына ерекше мән беруде. Бүгінде ұлттық мақтанышымыз деп нық сеніммен айта алатын «Астана Опера» театры үшін Елбасымызға алғыс білдіреміз, – деп атап өтті Мәдина Басбаева.

Сүндет Байғожин мен Мәдина Басбаева «Астана Опера» театрындағы қойылымдарда, Қазақстан мен алыс-жақын шетелдегі мәдени іс-шараларда сәтті өнер көрсетуде. Әртістер Қазақстан мәдениетінің өркендеуіне орасан зор үлес қосуда. Жетекші солистер асқан кәсібилік пен ғажап әртістік шеберліктерін танытуда.

Еске салар болсақ, қазақстандық «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығын 2017 жылы Қазақстан театрлары ассоциациясы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның қолдауымен құрған болатын. Ұлттық сыйлық театр дәстүрлерінің сақталып, нығаюына ықпал етеді. 2016 жылы «Қазақстан театрлары ассоциациясының» негізі қаланды. Президенті болып Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ресей Федерациясы «М.Ломоносов» орденінің кавалері, «ОТАН» және «Достық» ордендерінің кавалері Асанәлі Әшімов тағайындалды.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры