Үздіктердің үздігі – бір сахнада

10 қараша күні «Астана Опера» Үлкен залы сахнасында өтетін Гала-балет қазақстандық балет әртістері мен кеш қонақтары – Беларусь Республикасы Үлкен театрының сахна саңлақтарының басын біріктірмек. Көрермендерді классикалық хореография жауһарлары мен қазіргі заманның атақты балетмейстерлерінің көрнекті жұмыстарынан құралған керемет бағдарлама күтуде.

Балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова елордалық көрерменге бір кештің ішінде балет әртістерінің орындауындағы керемет нөмірлерді тамашалаудың бірегей мүмкіндігін сыйлайды.

Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Басбаева, Әйгерім Бекетаева, Гаухар Усина, Рүстем Сейітбеков, Тайыр Ғатауов, халықаралық байқаулардың лауреаттары Бақтияр Адамжан, Әнел Рүстемова, Олжас Тарланов, Еркін Рахматуллаев, Серік Нақыспеков, Арман Оразов, Әсел Шәйкенова, Анастасия Заклинская, Жәнібек Иманқұлов, Жәнібек Ахмедиев және балет әртістері қатысады.

Бағдарлама қонақтары – Беларусь Республикасы Үлкен театрының жетекші сахна шеберлері – «Хрустальная туфелька» халықаралық байқауының лауреаты (І сыйлық) Яна Штангей және Будапештте өткен Рудольф Нуреев атындағы Халықаралық балет байқауының дипломанты (Венгрия, 2008), Франциск Скорина медалінің иегері (2014) Егор Азакевич.

Екі бөлімнен тұратын ауқымды бағдарламада көрермен назарына А.Аданның «Корсар», П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару», Р.Дригоның «Талисман» және «Арлекинада» сынды классикалық балеттерден па-де-де, Ц.Пунидің «Эсмеральда» балетінен па-де-сис, сонымен қатар А.Хачатурянның «Спартак» балетінен адажио, А.Хачатурянның «Гаяне» балетінен «Қылыш биі», М.Мошковскийдің Вальсі, Дж.Уильямстың музыкасына «Жоғалған жұмақ», И.С.Бахтың «Леда мен Аққу» және т.б. ұсынылады.

Концерт «Астана Опера» симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді. Дирижер – Арман Оразғалиев.

Концерттің басталуы сағат 19.00-де

 

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры