Ең жақсысы – балаларға: Астанада музыкалық ертегінің тұсауы кесіледі

Ертегі – көптеген композиторлардың ең сүйікті жанрларының бірі. Ол балалардың да, үлкендердің де толқуын, шаттығы мен қуанышын тудырып, сиқырға толы әрі еліктіретін таңғажайып әлеммен жүздесуді бақытын сыйлайды. «Астана Опера» театрының ұжымы алғаш рет Камералық зал сахнасында балаларға арналған «Самұрық келген таң» қойылымын ұсынады. Ол сиқырлы Самұрық құсын іздеп, жолға шыққан Айдар мен Айжанның қызықты оқиғаларынан сыр шертеді. Кейіпкерлердің бастан кешкендері, «Мәңгілік ел» ғажап мекенін қалай іздегендері және осы жолдағы қиындықтарды жеңуге кімдер көмектескені жайлы жас көрермендер 25 ақпан күні спектакльдің тұсаукесерінде біле алады.

Либретто және музыка авторы – композитор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тілеуғазы Бейсембек. Ол VII Республикалық «Тәуелсіздік толғауы» байқауының «Балалар аудиториясына арналған драмалық шығарма» номинациясы бойынша І жүлде лауреаты болып табылады.

Театрда соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр, әртістер сахна төрінде, киімдер дайын, декорация мен реквизиттерден ағаш пен бояудың иісі аңқып тұр. Екі ай шамасында театрдың цехтарында қарқынды жұмыс қызды, әр маман барлығын жақсы жасауға тырысты, себебі осының бәрін ең қымбатты көрермен – балалар бағалайды.

Костюмдер бойынша суретші Арасель Досмұратова 20 шақты эскиздер әзірлеген. Ашық әрі жарқын түстес маталар таңдалды. Құрылымы жағынан материалдар әртүрлі: тері мен барқыттан жеңіл, торғын матаға дейін кездеседі.

– Бұл менің музыкалық ертегіге жануарлардың костюмдерін жасау бойынша алғашқы жұмысым. Балалар спектаклі форматынан ауысып, барынша шынайы көрсеткім келді, дегенмен мінез-құлықтарын қоюшы режиссердің пайымындай жеткізуге тырыстым. Мысалы, Түлкіні – патшайым, Қасқырды – қатал жауынгер, Аюды – жалқау ақкөңіл етіп бейнеледім, Қоян – сыпайы, ал Барыс – мейірбан әрі айбынды көрінді. Костюмдер әртістердің ән айтып, билеуіне ыңғайлы етіп тігілді, бірақ бетперделері әртістердің жүзін жаппай, кейіпкерлер бірден танылатындай жасалды, – деді Арасаль Досмұратова.

Бетперделерді «Астана Опера» тігін цехының әйел қалпағын тігетін шеберлерімен бірге бутафор цехының ісмерлері жасады. Барлық қойылымдардағыдай, бұл жерде де қызықты реквизиттер бар: киіз, қазан, отқа арналған шыбықтар, қар және т.б.

 

 

 

Бұл музыкалық ертегіде жылдың екі мезгілі көрсетілген – іс-әрекет қаһарлы қыста басталып, шуақты көктемде аяқталады.

– Басты кейіпкерлер – Айдар мен Айжан атты балалар – әжесінің әңгімесінен Бәйтерек пен «Мәңгілік ел» сиқырлы мекені жайлы естиді. Осы ертегіде батыл кейіпкерлер мен олардың адал достары жолға шығып, бәрін өз көздерімен көруге бел буады. Спектакльде нақты дәуірге байлам жоқ. Ертегінің қатысушылары – «Астана Опера» балалар студиясының тәрбиеленушілері. Кішкентай әртістермен жұмыс жасаған ұнайды – оларда қысылу, орындаушылық қалып деген жоқ. Олар өздерінің іс-әрекеттеріне сенеді және бұл олардың қолдарынан жақсы келеді. Ұлы режиссер К.С.Станиславский әртістерді балалардан үйренуге бекер шақырған жоқ. Опера труппасының вокалистері де ерекше ынтамен жұмыс жасауда, олар Ару Көктем, Самұрық құс және тағы басқа сиқырлы кейіпкерлерге айналулары тиіс. Ертегі 3-12 жастағы балаларға арналған, – деп атап өтті қоюшы режиссер Ерен Тойкенов.

Жоба жетекшісі Маржан Жәкенова бұл музыкалық ертегінің ең керемет сезімдерді тебірентіп, жақсылыққа, достық пен өзара көмекке үйрететінін қоса айтты.

– «Астана Опера» театры әрдайым заманауи қазақстандық сазгерлердің шығармашылығын насихаттайды. Дегенмен, қазір жағдай өзгеше: балаларға арналған музыка жиі жазылмайды. «Астана Опера» мақсаттарының бірі – өскелең ұрпаққа эстетикалық әрі патриоттық тәрбие беру, бұл қойылым – соның жарқын дәлелі. Камералық залдың репетуарында жас көрермендерге арналған бірқатар қызықты концерттік бағдарламалар бар, олар балаларды опералық дауыс түрлерімен, музыкалық аспаптармен, жанрлармен таныстырады… Музыкалық спектакльдің форматы ерек: музыкадан өзге, мұнда драмалық ойын, киім, декорация бар. Түлкі, Қоян, Аю және басқа да кейіпкерлерді айбынды Ақ Барыс достастырды. Керемет жарқын декорацияларды 3D-проекциялар толықтырды. Қойылым тобы үлкен жұмыс атқарды. Енді бұл ертегі Камералық залдың қоржынын толықтырып, балаларға арналған спектакльдің тізімін ашады, – деп атап өтті Камералық залдың жетекшісі, музыкатанушы, «Мәдениет қайраткері» Маржан Жәкенова.

Қоюшы режиссер – Ерен Тойкенов, дирижер – Руслан Баймурзин, костюмдер бойынша суретші – Арасель Досмұратова, проекциялар бойынша суретші – Азамат Құттығожин, жарық бойынша суретші – Сергей Кулак, қоюшы хореограф – Шыңғыс Оспанбаев.

Балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова, жауапты концертмейстерлер – Раушан Бескемпірова, Меруерт Жекенова; жоба жетекшісі – Маржан Жәкенова.

Айдар рөлін Қажымұрат Еркін / Мұхаммад Қолдас / Әлихан Арманұлы әзірлеуде; Айжан – Лия Дулати /Лия Абаева; Әже – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова / Гүлжанат Сапақова; Қасқыр – Қазыбек Досмұхамбетов / Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов; Түлкі – Дариға Мұсаева / Ұлпан Әубәкірова; Аю – Шыңғыс Расылхан / Азат Мәлік; Барыс – Рамзат Балакишиев / Алмат Ізбамбетов; Самұрық құс – Мәдина Исламова; Көктем – Елена Ганжа / Назым Сағынтай.

«Самұрық келген таң» ертігісінің премьерасы – Қазақстанның мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі. Спектакльдің театр сахнасындағы ғұмыры ұзақ болсын деп тілейміз!

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры