Әлемге әйгілі балетмейстер “Астана Операда” шеберлік сабағын өткізді

5 мамыр күні «Астана Операда» әлемге әйгілі балет әртісі, педагог әрі хореограф Ирек Мухамедовтың шеберлік сабағы өтті.

Ирек Мухамедов – Ресейдің Үлкен театры мен лондондық Корольдік балеттің премьері, Афина операсы балет труппасының жетекшісі, РСФКР Еңбек сіңірген әртісі. Сахналық мансабы жолында әртіс қаһармандық-романтикалық тұрғыдағы ұмытылмас бірқатар бейнелерді жасаған еді. Оның асқан шеберлікті би мәнеріне темперамент, батылдық, таусылмас қуат пен күш тән. Аты аңызға айналған хореографтар Ю.Григорович пен К.Макмиллан өз қойылымдарында арнайы оған партиялар жасаған. Ирек Мухамедов – әлемнің түрлі елдерінің мәртебелі марапаттарына ие. Олардың арасынан Мәскеуде өткен беделді Халықаралық балет әртістері байқауының Бас жүлдесі мен Алтын медалін, әлемнің үздік бишісі ретінде Ганс Христиан Андерсен атындағы сыйлықты ерекше атап өтуге болады.
Ирек Мухамедов педагог әрі балетмейстер ретінде айрықша талап етіледі. Ол лондондық Корольдік балеті, Ағылшын Ұлттық балеті, Шотландия балеті мен Бордо Балеті, Ағылшын ұлттық балет мектебі, Бирмингем Корольдік балетінің қатысуымен Элмхурст би мектебі және т.б. өнер-білім ордаларында классикалық би сабақтарын өткізді.
– «Астана Опера» театрына келгеніме дән ризамын. Ерекше қуантатыны – Алтынай Асылмұратованы бұрыннан танимын, талай рет бірге билегенбіз. Труппаны көріп, әртістермен класста танысқым келді, сондықтан осы сабақты ұйымдастыруға ұсыныс тастадым. Менің сабақтарымның негізі – мәскеулік балет мектебі, Үлкен театр, Корольдік балет және т.б. ұжымдардағы еңбек тәжірибем. «Астана Операның» балет труппасы өте мықты, керемет, әртістері дарынды екенін атап өткім келеді, – деді Ирек Мухамедов.

Өз кезегінде, елордалық әртістер де балетмейстердің кәсібилігіне жоғары баға берді.
– Театрымызда осындай ауқымдағы тұлғалармен оқу-жаттығулар бірінші рет өтіп жатқан жоқ. Әрбір педагогтың өзіндік амал-тәсілі, ыңғайы, мәнері бар, бүгін Ирек Мухамедов бізге өте қызықты шеберлік сабақ өткізді. Классикалық репертуардың барлығын билегендіктен, ол сабақтың қандай болуы керектігін айқын біледі, – деді «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева.
Балет труппасының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Ғатауов та әріптесімен толық келісуде.
– Ирек Мухамедовтың классикалық сабақты өткізудегі қызықты әдістемесі бар. Ол әртістердің назарын аударта отырып, күні бойы күш-қуаты артып, тонусы көтерілуі үшін оларды қалай қыздыру керектігін жақсы біледі. Бүгінгі жаттығуда ерлердің би қимылдарына, секірістеріне басымдық берілді. Айналыс, орнықтылық, тепе-теңдікте көптеген комбинациялар болды. Осындай керемет шеберлік сабақтарын ұйымдастыруда ықпал еткен балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Абдуахимқызы Асылмұратоваға үлкен алғыс білдіреміз. Атақты биші, балетмейстердің шығармашылығымен етене жақын танысу – біз үшін керемет мейрам, – деп сөзін қорытындылады Тайыр Ғатауов.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры