«Дон Карлостың» билігінде

«Астана Опера» елорда тұрғындары мен қала қонақтарының назарына әлемдік классика жауһарыДж.Вердидің «Дон Карлос» операсын ұсынады. Қазіргі таңда театр тұтастай композиторге «бағынышты»: сахнада оркестр, хор музыканттары мен солистер дайындалуда, цехтарда декораторлар, костюмерлер мен бутафорлар соңғы әзірлік жұмыстарын жүргізуде. Премьера қазанның 11 және 13 күндері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің көмегімен өтеді.

1 қазан күні опера әлемінің «Оскары» (Opera Star 2019, үздік режиссер) деп аталатын ең беделді марапатқа ие болған итальяндық қоюшы режиссер Давиде Ливермор «Астана Опера» труппасымен бірінші рет жұмыс жасап отырған жоқ. Маэстро елордалық театр үшін Дж.Пуччинидің «Турандот» және П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операларының ғаламат премьераларын жүзеге асырды. Д.Ливермор оған жүктелген жауапкершіліктің мол екендігін атап өтті – Қазақстанда алғаш рет «Дон Карлос» операсын ұсынып, жергілікті көрерменнің Дж.Вердиді одан сайын жақсы көруіне бар күш-жігерін салу міндеті тұр.

– Осынау партитураның қуаты мен маңыздылығын барша адам сезінетіндей етуге тырысып бағамыз. Саяси араздықтан бөлек, бұл опера әрбір кейіпкердің жалғыздығы жайында сыр шертеді. Бір жағынан, адам бай, ауқатты, орасан зор билікке қол жеткізген болады, алайда, екінші жағынан, ол бақытсыз әрі жалғыз болмақ, – деп атап өтті Давиде Ливермор.

Бұл операда «өтпелі-кетпелі» кейіпкерлер жоқтың қасы, барлық алты негізгі партия сюжет пен музыкалық материалдың дамуында жетекші рөл атқарады. Композитор барлық дауысқа – тенорға, баритонға, үш (!) басқа, сопрано мен меццо-сопраноға арнап көптеген хит әуендер жасаған. Опера Вердидің ең әсерлі шығармаларының бірін драматизммен толтыра алатын жетекші әртістерге есептелген.

Басты Дон Карлос партиясы өте қарқынды, онда көптеген диалогтар мен әрекеттер бар. Өткен ғасырдың орта тұсынан бастап Карлостың рөлі барлық атақты тенорлардың репертуарынан орын алады.

Дон Карлос партиясын Медет Чотабаев пен Наоюки Окада (Жапония) әзірлеуде.

– Маған операның әуезділігі, оның керемет музыкасы ұнайды. Қазір қызу дайындық жүргізілуде, әрқайсымыз спектакльдің сәтті өтіп, тыңдарман көңілінен шығуына тырысып, бар күшімізді салып жатырмыз. Мен үшін бұл тың дүние, орасан зор жұмыс атқарып, асқан шеберлікті паш ету қажет, бұл партия жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Барлық қойылым тобымен, оның ішінде, әлбетте, режиссер Давиде Ливермормен бірге жұмыс жасау өте қызықты, – дейді Медет Чотабаев.

Сахна сыртына көз жүгіртейік

Көлемді тарихи көйлектер «Астана Опера» тігін шеберханасының сәнін келтіруде. Оларды дайындауға қанша мата орамы кеткенін тіпті елестетудің өзі қиын. Бір костюмге шамамен 120 метр жиектеме кеткені белгілі. Маталар тарихи дәуірді сипаттауы қажет, алайда «заманға сай емес» осындай кездемені табу қиынға соқты, бүгінде олар мүлдем қолданылмайды. Костюмдер бойынша суретшілер Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов – өз ісінің хас шеберлері, олар қоюшы режиссердің таңғажайып әрі ерекше идеяларын нақты іске асыра алды.

– Осы қойылым бойынша жасап жатқан жұмыс барысы маған өте ұнайды, бас кезінде біршама күрделі болды. Дәуір тынысын сезініп, сол замандағы костюм тарихына үңілген соң, менің спектакльге деген көзқарасым өзгерді. Сол кездегі испан ақсүйектерінің костюмдері өте стильді болған, бұл материалдарға, үлгілерге, пішімдерге, тіпті әрлеу, өңдеу жұмыстарына байланысты. Осындай киім үлгілерін ойлап шығарған сол замандағы адамдардың қиялына таң қаламын. Сюжет бойынша атмосфера түнеріңкі, соған орай костюмдер де қара реңкте жасалған. Бірақ әрлеудің арқасында олар өте ұтымды көрінеді: жиектеме, парча, тастар, сәндік түйреуіштер, інжу тастармен олар ерекше сәнді болды, – деді Софья Тасмағамбетова. – Алдымызға қойылған нақты тапсырма болды – режиссер спектакльді тарихи сипатта көргісі келді. Сол дәуірдің костюмі – өте көріністі, алайда, сол заманды дәлме-дәл қайталамайды, тек соған сәйкестендіріп жасалған. «Астана Операның» барлық спектакльдері ғаламат, театр труппасымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау – біз үшін әрдайым қызықты әрі жанымызға жайлы.

Ерлерге арналған киім үлгілеріне костюмдер бойынша суретші Павел Драгунов жауап береді. Оның айтуынша, операдағы іс-әрекет екі буынға алға жылжыған.

– Костюмдеріміз IV Филипп патшаның билік еткен кезеңіндегі сән ережелері бойынша жасалды. Ұлы суретші Диего Веласкестің кескіндемесіне сүйендім. Ол менің ең сүйікті суретшілерімнің бірі, оны өзімнің ұстаздарымның бірі деп санаймын. Театрлық жобалардан бөлек, портрет жасаумен айналысамын. Бұл дәуір маған етене жақын әрі түсінікті. Сол кездегі ақсүйек қауым, әдетте, қара түсті қарапайым костюмдер киген. Инквизиция көз тартатын жарқыл безендірулерді, мысалы, шілтер жағаларды, әсіресе, ер адамдардың киіміндегі сәнді жақтырмаған. Сондықтан түрлі фактуралар жиі қолданылды, олардың үйлесімі костюмдердің сәнін келтіре түсті. Веласкестің кескіндемесінде бейнеленген кейіпкерлердің киімінен көруге болатын тігістей жинақы болғанына қарамастан, киім үлгілері қарапайым емес, талғамды болып келеді. Сол дәуірдің тақуалығын костюмдердің жағасынан анықтауға болады, оларға деген сән сәт сайын ауысқан: фрезадан (гофрленген жаға) бастап ықшамды қайырма жағаға дейін өзгерген.

Сән-салтанаты келіскен костюмдермен қоса, жиі ауысып отыратын көлемді декорациялар да көрерменді жалықтыра қоймас. Қоюшы сценограф Кристиана Пикко жаңа, тың идеяларын ортаға салды, ал оларды іске асыру «Астана Операның» қойылым цехтарына оңайлыққа түскен жоқ. Спектакль барлық қырынан алғанда бірегей, ол өзге әлемдік театрлардың режиссерлік шешімдерін қайталамайды.

– Бұл – монументалды спектакль. «Астана Опера» техникалық жағынан жарақталған үлкен сахнаға ие, ол тарихи нұсқаны қызықты қырынан көрсетіп, сахнаның барлық ауқымын паш етуге мүмкіндік береді. Біз төрт бөлімнен тұратын итальяндық нұсқаны ұсынамыз. Қойылымның алыптығы тек көлемінде ғана емес, біз түрлі декорацияларды: шіркеу, монастырь, патша залы, патшаның кабинеті, патшайымның қатысуымен көріністегі керемет бақшаларды көрсетеміз. Бұл спектакльде біз машинерияның барлық мүмкіндіктерін, патшаның кенеттен пайда болуын жасауға мүмкіндік беретін сахна лифтілерін іске қостық. Бұдан бөлек, бес моторлы жолы бар сахналық технологияны алғаш рет қолданатын боламыз, ол арқылы декорацияларды жылжыта аламыз. Сонымен қатар шептік және арьер- проекцияларды, үш бөлікке бөлінген көп тонналы құрылымдарды пайдаланамыз. Декорацияның кейбір элементтері түрлі биіктіктерде орналасады: торлар, камералар, абақтылар; ал кейбір декорациялардан люктар мен ашылатын терезелерді байқаймыз. Спектакль бойы тыңдармандар әсерлі де қызу қуат алады деген сенімдемін, – деді директордың көркемдік-өндірістік мәселелері мен ғимаратты пайдалану жөніндегі орынбасары Виктор Караре.

Декорацияларды сәулетті бутафориялар толықтырады, шеберлер олармен екі ай бойы жұмыс жасаған.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Міне, бутафорлардың XVII ғасыр технологиясы бойынша жасаған тігуге арналған жақтаулары, оларды бүгінгі таңда да қолдануға болады. Жалаулар, байрақтар, шайқасуға арналған айбалталар, семсерлер, сондай-ақ желпуіштер солистердің қолдарына берілген. Бәрінен де шағын мүсін – кіресті дайындауға көбірек уақыт кеткен, оның биіктігі екі жарым метрді құраған, салмағы 8 келі. Шынайы көрінетін қызыл жалыны бар жарықтар сарайдың қаракөлеңкелі суреттерін жарықтандыратын болады. Әртүрлі ұсақ бөлшектерді тастармен әшекейлеп, қажырлы еңбекті талап ететін дүниелерді бутафорлар жасап шығарған. Бұдан бөлек, олар ағаштан жонып, қоңырау жасаған, оны қола түске бояп, ішіне дыбыс шығаратын кішкентай сылдырмақ орнатқан. Патшайымның қобдишасы алюминиймен қапталған, тоғысқан жерлеріндегі арнайы тойтармалар балқытып сомдау арқылы жасалғандай көрінеді.

«Астана Опера» бұлбұлдары

Елизавета патшайымның рөлі опера сахнасының жұлдыздары Майра Мұхамедқызы мен Жаннат Бақтайға берілген.

– Елизавета партиясында барлығы: вокал да, актерлік шеберлік те күрделі. Патшайым болған қандай? Яғни, бұл сымбаттылықты, қимыл-қозғалыстың айрықша икемділігін, кербездігін қажет етеді. Елизавета жас, ақылды, өктем жан, көрермен менің патшайым екеніме сенетіндей етіп бейнені жасауым керек. Осы партияға дейін менің репертуарымда тек ғашық немесе қаза болатын қыздар ғана болды. Қазір өз бейнемді іздеудемін: ол не туралы ойлайтынын, оның қандай сезімде болғанын түсінгім келеді. Елизавета – азап шегуші әйел – Дон Карлосты жан-тәнімен сүйеді, бірақ патшаның алдында өзінің адалдығын, ар-намысын сақтайды. Дайындық жасап жүріп, мен олардың өмірі қандай қиын болған деп ойланамын. Мысалы, бүкіл әлем Филипп патшаның аяғының астында, бірақ оны ешкім жақсы көрмегендіктен, ол азап шегеді. Осындай сәттерде мен өзімді бақытты опера әншісі санаймын, себебі әртүрлі кейіпкерлердің тағдырын бастан өткізіп, қайта өзімнің қалпыма келе аламын, – деп бөлісті Майра Мұхамедқызы.

Жаннат Бақтай Елизавета партиясын өте қызықты деп санайды.

– Бұл мен үшін әдеттегі лирикалық-колоратуралық партиялардан ерекшеленетін жаңа лирикалық-драмалық репертуар. Елизавета тесситура жағынан Эболиге қарағанда төмендеу, сондықтан да вокалдық қырынан алғанда, әрине, қиын болады. Әріптестерімізге тәлімгер Алла Симонишвили (Италия) дайындық жұмыстарын жүргізіп, режиссермен кездескенге дейін  белгілі бір деңгейде жұмыс жасаған болатын. Опера ауқымды және мұндағы салмақ тек әртістерге ғана емес, көрермендерге түседі, олар либреттоны оқып, сол заманның күйін сезіне алуы үшін алдын ала дайындалған болуы қажет. Менің кейіпкерім маған қатты ұнайды, себебі ол сүйікті әйел, бірақ, өкінішке орай, оның армандары орындалмайды. Сахнадағы серіктерім тәжірибелі, біз бірге көп жұмыс жасадық, ұзақ шығармашылық жолды өткердік.

Патшаның сенімді тұлғасы, Дон Карлостың досы Родриго ди Поза партиясын баритондар Сүндет Байғожин мен Талғат Мұсабаев дайындауда. Әртістер өз кейіпкерінің басты қасиеті – адалдық пен адамгершілік екенін атап өткен.

– Бұл спектакль Дж.Вердидің ғана емес, жалпы алғанда әлемдік операдағы ең күрделілердің бірі саналады. Негізгі қиындықтар вокалға байланысты, себебі осы опера үшін әншілерден «belcanto» дауысын теңдессіз игеру талап етіледі. Мен орындайтын Родриго рөлі – сөзінде тұратын, абыройлы адам, ол өз халқы мен оның болашағы үшін алаңдайды. Ол болашаққа деген сенім үшін, нағыз достық пен жарқын ойлар үшін өз өмірін құрбан ете отырып, қатал инквизациядан зардап шеккен халқының тағдырын бар күшімен өзгертуге тырысады. Репертуарымыз осындай спектакльмен толығатынына бәріміз қуаныштымыз. Қазіргі күні бізбен бұған дейін бірнеше рет жұмыс жасаған тамаша режиссер Давиде Ливермормен бірге жаңа бейнелерді іске асыру үшін оларды іздестіру үстіндеміз, – деп бөлісті Талғат Мұсабаев.

Патшалардың қолынан бәрі де келеді…

ІІ Филиппті Барсег Туманян әлемнің түрлі сахналарында көптеген рет орындаған, бірақ сахнаға бірінші рет патша рөлінде шыққанын қалай есіне алар екен?

– Алғаш рет осы партияны Лос-Анжелесте орындадым, Дон Карлос рөліндегі сахнадағы серіктесім Пласидо Доминго болды. Бұл бейнені қанша рет сомдасам да, әр кезде оны басқаша жеткізуді ойлаймын. Бұл опера тек музыка, драмалық мазмұндылығы мен адамдардың қарым-қатынасы жағынан ғана өте қызықты болып қоймайды, оқиғалар желісі империяның қандай жалғандықпен құрылғанын және адамдар құрбандық етуі үшін неге дайын немесе міндетті болғанын көрсетеді. Инквизация және діни наным (шіркеу) арқылы Испанияны құра алған ІІ Филипп тарихта ең қанқұмар патша ретінде танымал болған. Режиссер Давиде Ливермор осы операның қойылымын өте астарлы етіп жасаған, мұнда кез-келген ишараның мәні бар.

Басқа әртістер секілді, Евгений Чайников үшін де бұл алғашқы өнер көрсету болмақ.

– Жақында  ғана  бас репертуарына көштім, бұл мен орындайтын алғашқы ауқымды бас дауысты партия. Маэстро Ливермор ІІ Филипптің рөлі маған дауыс жағынан ғана емес, түр-тұлғасымен де  сәйкес келеді деп санайды. Осы партиямен жұмыс жасау барысында орасан зор ләззат аламын, бұл бейнеде өзімді өте үйлесімді сезінемін. Биыл көктемде Испанияда, Барселонада «Жасырын неке» опералық спектаклінде өнер көрсеттім. Ол жақта мен көне қорғандарды, музейлерді, сондай-ақ әлемдегі ең танымал фламенко бишілерінің бірі Сара Перейра Барастың өнерін тамашалады. Айта кетер болсам, фламенко биі біздің қойылымда да бар. Испандық ахуал қатты әсер еткені соншалық, бұл маған испан халқының рухын жеткізуге көмектеседі.

Дайындық залдарында оркестрдің үні үздіксіз естіледі, музыканттар қоюшы дирижер маэстро Алан Бөрібаевпен бірге жаңа музыкалық бояуларды іздеп, музыканың мән-мағынасымен, ырғағымен жұмыс жасауда. «Астана Опера» театрының бас хормейстері Ержан Дәуітов аутодафе және монахтардың хормен діни ән орындайтын сахналық көріністеріндегі күрделі хор арқылы әртістердің шеберлігін шыңдауда.

«Дон Карлос» операсы Дж.Вердидің шығармашылығындағы жөні де, орны да бөлек туынды, алайда ол композитордың қаламынан туған ұлы шығармалардың бірі болып қала бермек. Операның жан-жақтылығы мен күрделілігі – кез-келген театр үшін сынақ және «Астана Опера» труппасы осы қойылған міндетті атқарып шығатыны сөзсіз!

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры