Қазақстанның жас жұлдыздары Камералық залда өнер көрсетеді

Жастар жылы аясында қазақстандық классикалық музыканың асқақ шеберлері, керемет жас аспапшылар «Астана Опера» Камералық залы сахнасында өнер көрсетпек. 25 наурызда «Ішекті аспаптар әлемі» атты тамаша концерт өтеді.

Елорда тұрғындары мен қала қонақтарының назарына әлемдік квартет классикасы жауһарларының шебер ансамльдік орындалуы ұсынылмақ. Болашағы зор әртістер – көптеген беделді халықаралық байқаулардың лауреаттары, солист ретінде қалыптасқан Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері осы концерт аясында достық музыкалық сұхбаттың нәзік өнерін паш етеді. Әлемнің көптеген музыканттарының репертуарынан ойып тұрып орын алатын камералық музыканың әйгілі үлгілері жастардың интерпретациясында жаңаша, көктемгі көңіл-күйде шырқалатын болады. Жетекшісі – ҚазҰӨУ профессоры, Мәдениет қайраткері Серік Сырлыбаев.

Жарқын музыканттар – П.И.Чайковский атындағы Х Халықаралық жасөспірімдер байқауының лауреаты Ақбике Алғи (1-ші скрипка), Жібек Мұсырғалиева (2-ші скрипка), Леонид Мысовский (альт), Нұрисламбек Жұматов (виолончель) ХІХ ғасырдағы камералық классиканың інжу-маржаны – ұлы орыс композиторы А.П.Бородиннің №2 ішекті аспаптар квартеті, ре мажор туындысын орындайды.

Бүгінгі таңда көрермендерге әртүрлі музыкалық жанрлар ұсынылған. Алайда жас ұрпақ мәңгілік құндылықтар жасампаздарының шығармаларына бет бұрған. Осы опустың таңдалуы кездейсоқ емес, себебі классикалық музыка барлық уақытта да сұранысқа ие, ол орындаушыға да, тыңдарманға да рухани күш-қуат береді.

  Бұл – Александр Порфирьевич Бородиннің үздік шығармаларының бірі. Шабытқа толы осынау туындыны орындау – мен үшін үлкен қуаныш. Композитор аталмыш шығарманы өзінің жары – керемет пианист Екатерина Бородинаға арнаған. Музыка өмірге, адамдарға деген махаббатқа, нәзіктікке, үндестікке толы, онда композитордың ішкі жан толғанысы, оның лирикалық бастауы кеңінен көрініс тапқан. Ішекті аспаптар квартетінде орын алған сезімдер кереметтей айқын әрі асқақ. Концертке қатысушылардың атынан тыңдармандарды осынау тартымды да таңғажайып әуендердің сиқырына бірге бөленуге шақырамын, – деп атап өтті Ақбике Алғи.

Айжан Батпенова (1-ші скрипка), Адина Кенжебаева (2-ші скрипка), Әкежан Дотаев (альт), Ақнұр Бағидоллаеваның (виолончель) интерпретациясында П.И.Чайковскийдің №1 ішекті аспаптар квартеті, ре мажор, ор.11 орындалады.

П.И.Чайковскийдің №1 ішекті аспаптар квартеті алғаш рет 1871 жылы жазылып, орындалған. Мәскеу консерваториясындағы авторлық концертте орын алған премьерасынан бастап осы туынды көрермендер мен сыншыларды тәнті етіп, тамаша әсер қалдырған. Қысқа мерзімде квартет Ресейде ғана емес, шетелде де үлкен табысқа қол жеткізіп, композитордың Батыс Еуропа елдерінде шырқалған алғашқы шығармаларының біріне айналды. Халық әні тақырыбында жазылған циклдің екінші бөлігі үлкен танымалдылыққа ие – атақты Andante cantabile сол замандағы ең жиі орындалатын музыкалық шығармалардың бірі болды.

Концерттің басталуы сағат 18.00-де.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

тел. (7172 -70 95 94; 70 96 19) e-mail: astanaopera@gmail.com

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры