Асқан шебер музыканттар мен үш ғасыр жауһарлары

Алғаш рет «Астана Операның» Камералық залы сахнасында Қазақстан Республикасының Халық әртісі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің кавалері, профессор Гүлжәмиля Қадырбекова (фортепиано) өнер көрсетеді. Асқан музыкалық мәдениеті, шыңдалған шеберлігі, орындаушылық мәнерінің асылы, таңғажайып әртістік сиқыры, сахнадағы жігерлігі – осы қасиеттердің барлығы оған кең танымалдылық әкелді. 2 ақпан күні өтетін «Үш ғасыр жауһарлары» концертінде сахна төріне танымал музыканттар, халықаралық байқаулардың лауреаттары Асқар Дүйсенбаев (скрипка), Мұса Керімбаев (виолончель) және Майа Сепп (фортепиано) шығады.

Бағдарламада үш дәуірдің ағымын көрсететін веналық классик Йозеф Гайнднан бастап «танго нуэво» стилінің негізін салушы аргентиналық Астор Пьяццоллаға дейінгі композиторлардың шығармалары орындалады. Шығармалар қатарында: Й.Гайднның Фортепиано триосы, соль мажор; №39, С.Рахманиновтың Элегиялық триосы №1, соль минор; А.Пьяццолланың «Буэнос-Айростағы жыл мезгілдері»; С.Прокофьев – М.Плетневтың «Күлшеқыз» балетінен сюита, екі фортепианоға арналған, ор.87.

Соңғы шығарма ерекше назарды талап етеді, себебі Гүлжәмиля Қадырбекованың шығармашылық өмірінде айрықша орынға ие.

– М.Плетневтың екі фортепианоға лайықтаған С.Прокофьевтің «Күлшеқыз» балетінен сюитаны орындауды бұрыннан көздеп жүр едім. Осы ойымды 2017 жылдың 21 желтоқсанында қызым М.Сеппен бірге Алматыда жүзеге асыра алдым. Білуімше, бұл М.Плетневтың екі фортепианоға өңделген «Күлшеқыздың» Қазақстандағы алғашқы орындалуы болды. Әлбетте, С.Прокофьевтың «Күлшеқыз» балетінің музыкасымен таныспын. Дегенмен, М.Плетневтың ноталық лайықтауымен танысу барысында қиындықтар туындады. Ноталарды ешбір жерден таба алмадық. Қызымның құрбысы көмектесіп, оларды АҚШ-тан жіберді. Ноталық материалмен жақынырақ танысу кезінде түпнұсқалық мәтінге деген ерекше ұқыптылық бірден көзге түсті, фортепианолық фактураға оркестрлік жазба өте кәсіби ыңғайланған. Ал талдап, саралау барысында М.Плетневтың фортепианолық өңдеуінде С.Прокофьевтың авторлық түпкі ойы соншалықты дәл берілгенін түсіндім. Тезірек мәтінді игеріп, екі рояльдағы ансамбльде шырқалуын естігіміз келді. Ең алғаш рет ойнаған сәтте керемет музыкадан үлкен ләззат алдық, – деп атап өтті профессор Гүлжәмиля Қадырбекова.

Сондай-ақ Гүлжәмиля Қадырбекова С.Прокофьевтың «Күлшеқыз» балетін жасау бойынша жұмысқа соғысқа дейін, 1941 жылдың басында кіріскенін атап өтті. Бірақ, сұрапыл соғыс бастала сала, композитор шығармашылық жоспарларын күрт өзгертіп, дереу соғыс оқиғаларына үн қосады. 1942 жылдың мамыр айында С.Эйзенштейнның шақыртуымен С.Прокофьев «Иван Грозный» фильмі бойынша жұмысқа қатысу үшін Алматыға келеді. Соғыс жылдары Прокофьев өзінің атақты шығармалары – «Соғыс пен бейбітшілік» операсы, симфониялар, фортепианолық сонаталар, кинофильмдерге жазған музыка бойынша жұмыспен қатар, мейірімді салақтың ертегі ханшайымына айналуы туралы әсерлі әрі қарапайым оқиғасына әуестене оралды. Күлшеқыз партиясын алғашқы орындаушы Галина Уланова болды, балет арнайы оған жазылған еді. Сан миллиондаған құрбандық, қантөгіс пен қайғы, Отан үшін қатыгез күрес адамдардың игі армандарына көлеңке түсірген жоқ, олардың ұмытылмас бейбіт өмірде қалдырған сәттері мен қатал шайқастың себебін ұмыттыра алмады.

– Менің пікірімше, «Күлшеқыз» сюитасының музыкасында атақты сюжет қаһармандарының тек музыкалық ерекшеліктері ғана жатқан жоқ. Автор асқақ махаббат пен жақсылықтың жамандықты жеңудегі ұлы күш-құдіретін қадап көрсеткен. «Астана Опера» сынды айтулы сахнада осынау керемет музыканы орындау мүмкіндігін сыйлағаны үшін театрдың дирекциясына шексіз алғысымды білдіремін. Бұл қызым Майа Сепп екеуміздің ежелден аңсаған арманымыз болатын, – деп сөзін қорытындылады Гүлжәмила Қадырбекова.

Концерттің басталуы сағат 19.00-де.

Генеральный спонсор

Спонсоры и партнеры